«Мың бала» жобасының жеңімпазы

Таяуда Ақтөбе облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, «Мемлекеттік тіл – біртектілік» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып, өткізді. 

Облыста тіркелген этномәдени бірлестіктер жетекшілері, ғалымдар, тіл жанашырлары бас қосқан алқалы кеңесте Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, философия ғылымының докторы ­Дмитрий Мацюк, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен тұтастығын нығайтудағы мемлекеттік тілдің ықпалын күшейтуге назар аударды.
Шараға қатысушылар Ақтөбе қала­сындағы қазақ-түрік лицейінің 7-сынып оқушысы Айбар Метин Джанның сөзін ықыластана тыңдады.
– Менің ұлтым – түрік, – деді ол. – 2014 жылы Түркиядан Қазақстанға ата-анамның қызмет бабымен келдік. Достарымның, ұстаздарымның үйретуімен қысқа мерзімде қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазір әке-шешем де өздері тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін үйренуге ден қойды. Сыныбымызда жалғыз мен емес, ұлты неміс Артем, кәріс Ярослав, башқұрт Андрей қазақша еркін сөйлеп, жаза біледі. Тіл ұстартудағы шеберлігімді әртүрлі сайыстарға қатысу арқылы жетілдіріп келемін. Нәтижесінде облыстық пәндік олимпиадада бірінші орынды жеңіп алдым, Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Мың бала» жобасында екінші бәйгеге ие болдым. Осындай ынтымағы жарасқан елде тұрып жатқанымызды мақтаныш тұтамын.
Айбар сөзінің соңында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың Отан туралы жырынан үзіндіні жатқа, нәшіне келтіре айтты.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.