Оңтүстік қазақстан облысы

Қазығұрт ауданы

Қызылбұлақ – ауыл. Қызылбұлақ – Жігерген ауылдық округіндегі елді мекен атауы. Қызылбұлақтың жағалауының жері қызыл болғандықтан, көктем-күз айларында жаңбыр жауып, жаңбырдың суы бұлақтың суымен бірге қып-қызыл болып ағып жатады. Сондықтан, елді мекен Қызылбұлақ деп аталып кеткен.
Тесіктөбе – ауыл. Тесіктөбе – Көкібел ауыл әкімшілігіне қарасты жер атауы. Жер­асты үңгір жолдарының болуына байланыс­ты қойылған екен. Тесіктөбе маңындағы үңгірдің бір шеті Сайрамнан шыққан деген аңыз бар. Кейбір аңызда осы төбе астындағы тесікті казақ жауынгерлері жау қолының қосынан шығу үшін жасырын қазған екен дейді.
Көктөбе – елді мекен. Көктөбе елді мекені Қақпақ ауылынан 15 шақырымдай қашықтықта. Тянь-Шань тауларының етегіндегі жазық аймақта орналасқан. Үй басы сайын бұлақ, суы мөлдір, ауасы таза, шөбі қысы-жазы жап-жасыл. Төбе басындағы жазық тегістіктегі жемісті, саялы ағаштар көкпеңбек болғандықтан, Кектөбе деп атап кеткен.
Жері құнарлы, жауын-шашыны мол Көктөбе ауылы егіннен мол өнім алады, жеміс ағаштарына бай.
Қақпақ – ауыл. Қақпақ – ауыл аты. Сонау ерте заманнан бері адамдар мекендеп, тіршілік етіп келген жер. Бұған Қарауылтөбе, Төрткүлтөбе, т.б. жерлерде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған заттар куә. Заңғар тауының етегінде Қақпақ дейтін ел орналасқан. Нақ осы жер тау қойнауына енетін жолдар мен даланы таудан бөліп тұратын қақпақ секілді. Сонау бір кездердегі түркі әлеміне байланысты қытай мен араб-парсы авторларының жазбаларында көрсетілген «Темір қақпаның» бірі – осы.
Қақпақ атауы туралы дүниеден өткен және көзі тірі қариялардың арасында айтылатын екі түрлі нұсқа бар.
1. Қақпақтағы «Базарбайбұлақ» деген жердің тұсында «Қақпақ тас» деген тас бар. Ол жерге қамауда 10 мыңға дейін қара мал ұстауға болады. Осы қақпақ тасқа байланыс­ты жеріміз Қақпақ аталған дейді көнекөз қариялар.
2. 1723 жылдары жоңғарларға қарсы қазақ елі ес жиып, күш біріктіріп, жауға тойтарыс беру үшін Заңғар тауының басына топтап, тас үйгізеді. Жақсы қаруланған 60-70 қарулы азамат шабуыл жасап, қорқып қашқан болып, Заңғар тауының ішіне кіреді. Ол жердің өзі қақпаға ұқсас тарлау қуыс болады. Жаудың негізгі әскері кіріп болды-ау дегенде, таудың төбесінен тастарды домалатып, жаудың көбін қырғынға ұшыратады. Сол себептен бұл ара Қақпақ аталып кеткен.

«Оңтүстік Қазақстан
облысындағы жер-су, елді мекен
атауларының қысқаша
тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.