Діни білімді жетілдіру маңызды

Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыруға арналған «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық конференция өтті.  Жиынға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. 

«Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық конференцияның негізгі мақсаты дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыруға, ҚМДБ қыз­мет­керлерінің ­заманауи білімін жетілдіру мәселелеріне, уағызшылар тобының біліктілігін шыңдауға бағытталды.
Бас мүфти өткізіліп отырған шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Әрі қарай тақырып төңірегінде ой өрбітіп, имамдарды қашанда бірліктің ұйытқысы болғанын атап өтті. Имам – рухани тұлға, қоғамды тәрбие­леуші ұстаз екенін, егемендігіміздің арқасында діндар қауымының да мәртебесі артып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет. Алланың берген нығметі деп атар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары деңгейде 5 құрылтай өтті. Өткен жылы тұңғыш рет республикалық имамдар форумын өткізіп, ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін маңызды тарихи төрт құжатымызды қабылдадық. Діни басқарманың 2020 жылға де­йінгі жұмысын дамытуға арналған Тұғырнамасын бекіттік. Діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы Тұжырымдама қабылдадық. Бұл оқиғалар – еліміздің діни саласындағы тарихи шаралар деп есептеймін» деді Е.Малғажыұлы.
Сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, қоғам қайраткері Әділ Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин және т.б. өз ойларымен бөлісті.
Шара аясында зайырлылық талаптарымен үйлесетін ислам құнды­лықтарының таралу мәселелері, ақ­параттық-түсіндіру жұмыстарының барысы талқыланды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалык іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасы да тілге тиек етілді.

Бекәлі ЖҰМАН

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.