Халықаралық байланыс аясы кеңейген жыл

1996 жылы Қазақстан халқы қазақтың ақындық, жыраулық поэзиясының аса көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұл жыл Қазақстан тарихында дағдарысқа қарсы күрес шараларының ауқымды бола түсуімен де ерекшеленді. Бірақ та, дағдарыс әлі де еңсерілген жоқ болатын. Көптеген кәсіпорындарда жалақының кешіктірілуіне байланысты наразылық акциялар өтіп жатты.

1995 жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 1,8 есеге артты. Сол себепті кіші кәсіпкерлік пен орта бизнесті дамыту мәселелері күн тәртібіне қойылды. Дағдарыстан неғұрлым жылдам шығу мақсатында елдің мұнай, газ, түсті металлдар ресурстарын тиімді игеру арқылы пайда табу шаралары іске асырыла бастады. Табиғи ресурстарды экспорттау арқылы әлемдік экономикалық жүйеге ену мәселесі көтерілді.
1996 жылы Қазақстан үкіметі белсенді сыртқы саясат жүргізу арқылы елдің қауіпсіз­дігін нығайта түсті. Оның ішінде Ресеймен екіжақты қатынастарды дамыту шешуші орын алды. 27 сәуірде Алматыда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен Декларациясына қол қойылды. Екі елдің одақтастығын барлық салаларда күшейту, ортақ 7,6 мың шақырым шекараны бейбітшілік шекарасына айналдыру көзделді. Бұлай болуының объективті себептері бар. Біріншіден, Қазақстан мен Ресейдің экономикалары әлемдегі ең тығыз интеграцияланған экономикалар еді. Екіншіден, Қазақстанның ең ұзақ шекарасы да Ресеймен. Оны әскери күшпен бақылау тіптен мүмкін емес болды. Үшіншіден, Қазақстанда сол жылдарда 5 млн адамға жуық орыс диаспорасы, ал Ресейде 1,5 млн қазақ диаспорасы өмір сүріп жатты. Төртіншіден, екі халықтың мәдениет, білім, ғылым саласындағы байланыстарының ғасырлар бойғы тәжірибесі аса маңызды еді. Бесіншіден, Қазақстанның 6 облысы Ресейдің 9 облысымен тікелей байланыстарға шыға алды.
Қазақстанның Қытаймен қатынастары да жанданды. 1996 жылы сәуір айында Шаңхай келісіміне қол қойылып Қазақстан Шаңхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстанмен бірге бестікке енді. Шаңхай бестігінің әлемдік саясатқа аяқ басуы басталды.
Қазақстан өзінің бейбітсүйгіштік саясатын белсенді жалғастырды. Өзінің жеріндегі 1200 дана ядролық оқтұмсықтарын Ресейге өткізіп берген Қазақстанды әлемдік қауымдастық үлгі тұта бастады. 1996 жылы 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға 129 елдің қатарында ядролық қаруды тартпау туралы келісім шартқа қол қойды. Ядролық қаруға қарсы белсенді күресі арқылы Қазақстан АҚШ-пен және Евроодақ елдерімен тіл табысты. Жақсы үлгі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтан өз орнын табуына көмектесті. Елдің геосаяси және геоэкономикалық жағдайы жақсара бастады.
Әлемдегі, елдегі өзгерістердің табиғаты туралы, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан алдындағы міндеттер туралы «Ғасырлар тоғысында» атты кітабын Президент Н.Назарбаев 1996 жылы жариялады. Бұл кітабында Елбасы Кеңес Одағының күйреу себептерін ХХ ғасырдың аяғында ең шиеленіскен, драмалық саяси оқиғалар жиынтығы ретінде көрсетеді. КСРО-ның күйреу себептері өте көп. Олар: жүйенің объективті дағдарысқа ұшырауы, геосаяси бәсекелестік, қате жоспарлар, мақтаншақтық, басшылықтың қате саясаты. Президент Қазақстан өзінің болашақ дамуына осындай ауыр қателіктерден сақ болуға шақырады. Әсіресе, тәуелсіз елге қарсы ақпараттық соғыстар қауіпті. Осы арқылы халықтың санасын улап, шын мәніндегі мақсат, міндеттерден басқа жаққа алып кетуге болады. Ондай жағдайда ұлттық құндылықтар, тарихи тәжірибе, ұлттық тілі мен мәдениеті шетке ысырылады. Сондықтан өзін-өзі сыйлайтын мемлекет халқының дүбаралануына, санасының марғаулауына жол бермеуі маңызды. БАҚ халықты мәдени дезориентация жасауға, мемлекетке бағынышты тобырға айналдыруды емес, саяси, мәдени деңгейі жоғары, белсенді азаматтар ретінде тәрбиелеуге көмектескені жөн, – деп білді Президент.
Еңбекте елді топтастыратын, халық мүддесіне сай келетін, әлемдегі, елдегі өзгерістерді есепке алып отыратын мемлекеттік саясаттың болуы табыстың кілті деген өте маңызды ұсыныс айтылады. Қазіргі жылдам даму заманында түрлі себептермен артта қалып қойған мемлекеттер өздерін ыдырау жолына қарай саналы түрде итермелеген елдер болып табылады. Сондықтан перманентті жаңару, реформалар, кемшіліктерді, қателіктерді, шешілмеген мәселелерді дер кезінде ашу және олармен жұмыс істеу ғана бәсекеге қабілеттілікті арттырады деген ой бірінші орынға шығарылады.
Барлық істе сапа мен даму болуы міндетті. Сапасыз өнім, техника, білім бәсекеге қабілеттілікті төмендетіп, елді кері кетіреді. Кеңес Одағының күйреуінің келесі бір себебі сапаның нашарлауы болды. Тіптен мақтаулы әскери-өндірістік кешеннің ракеталары, ұшақтары мен танкілері сапасыз болып шығып жатты. Сондықтан Кеңес Одағы Батыстан стратегиялық және ғылыми-технологиялық бағытта қатты ұтылды.
Кеңес Одағы шикізатқа негізделген экономиканы дамытамын деп те ұтылыста қалды. Энергоқуаттарға баға жақсы болып Кеңес Одағы мұнай долларларын күреп тапты. Ал әлемдік тұтыныс азайған 80 жылдары табыс түсетін жаңа бағыттар мен көздер болған жоқ. Соның кесірінен елдің халқының материалдық әл-ауқаты күрт нашарлап, тұтыну заттарының зәрулігі шиеленісіп кетті.
Әсіресе еңбек өнімділігі жағынан КСРО кенже қалды. Сапа орнын сан басты. 50 миллионнан астам адам қол еңбегімен айланысты. 1 АҚШ фермері беретін ауылшаруашылығы өнімін 6 колхозшы әрең берді. Біздегі 1 комбайн АҚШ-тағы комбайннан екі есе аз жұмыс істеді. Елдегі мартен пештері болатты 8-12 сағатта қортып шығарса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 1 сағаттан сәл артық болды. Осындай кемшіліктердің барлығы айтылмай КОКП саясаты мен социалистік құрлыс шектен тыс мақтала берді.
«Ғасырлар тоғысында» кітабында Н.Назарбаев КСРО-ның күйреуінің бас­ты себептерінің бірі ұлт мәселесінің дұрыс шешілмеуі деген пікір айтты. Әрбір халық өз тілін, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін дамытуды армандайды. Халықтың талап-тілектерін аяққа басу арқылы билік өзінің тағдырына қауіп төндірді. Себебі халықтарды ұдайы тұншықтырып, қорқытып, алдап билеп тұру мүмкін емес. Кеңес халықтары өз болашақтары үшін КСРО-ны таратып бостандықты таңдады, – деп есептеді Президент.

Сайын Борбасов,
саяси ғылым докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.