Үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталар қарсаңында «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабында болды. 

Елбасы, партия төрағасы «Үгіт-насихат жұмыстары және логистика тобының», «Ұйымдастыру жұмыстары тобының» және «Ақпараттық-сараптамалық топтың» қызметімен танысты. Өңірлік штабтар басшыларымен және мүшелерімен бейнеконференция режімінде кеңес өткізіп, барлық облыстық штабтардың үгіт-насихат науқанына дайындығы туралы есептерін тыңдады. Президент бұл жолғы электоралдық кезең Парламент Мәжілісімен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының өткізілетіндігімен ерекшеленетінін айтты.
– Шерулету мен жасандылықтың қажеті жоқ. Әрине, бұқаралық үгіт шаралары маңызды, бірақ бастысы бұл емес. Әрбір адамға сөзіміз жетуі, жұмысымыздың мәнін БАҚ пен белсенділер арқылы түсіндіру маңыздырақ. Дабыра ұрандатулар аз, нақты істер көп болуға тиіс. Бұл үшін партиялықтар қоғамның барлық топтарының – ауыл мен қала тұрғындарының, кәсіпкерлер мен зиялы қауымның мұң-мұқтажын білуі және ескеруі керек. Электораттық кезеңді азаматтарымызды топтастыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға қолдану қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Партияның негізгі міндеті Ұлт Жоспарын тиімді орындау, «Қазақстан – 2050» стратегия­сының басты мақсатына қол жеткізу, сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру екенін атап өтті.
***
20 ақпан күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Сайлауға қатысатын партиялар өздерінің Сайлауалды бағдарламаларын жария­лады.
Қазіргі таңда барлық партиялар жер-жерлерде, аймақтарда өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Олардың сайлаушылармен соңғы уақыттағы жүздесулеріне тоқталып өтелік.
Электораттық науқан аясында кеше «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлау­алды штабы Семей қаласына келіп, мұнда үгіт-насихат топ мүшелері Радиотехника және байланыс колледжінің ұжымымен, жергілікті шығармашылық және патриоттық ұйымдар өкілдерімен және ардагерлермен, сондай-ақ «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесулер өткізді.
Ал Көкшетау қаласында Қазақстан Ком­мунистік халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына арналған аймақтық партиялық форумы болды.
Форум «Ортақ ісімізді оңалтайық!» деген ұранмен өтті. Онда ҚКХП хатшысы Владислав Косарев коммунистердің алдағы сайлауға баратын бағдарламасына тоқталып өтті. «Біздің бүгінгі форумымыз тектен тек «Ортақ ісімізді оңалтайық!» ұранымен өтіп отырған жоқ. Коммунистердің сайлауалды бағдарламасы осындай атауға ие. Бұл бағдарлама коммунис­тік идеологияны дамытуға, халықтың мұң-мұқтажын жоқтауға және қазақстандық пат­риотизмді күшейтуге бағытталған» деді ол өзінің сөзінде.
«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмыстары туралы айтар болсақ, өткен аптаның аяғы, демалыстың алғашқы күніне түскен үгіт шаралары Орал қаласынан басталып, одан елорданың төрінде кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, кейінгіде атбасы Талдықорған қаласына бұрылды. Ақжолдықтар ел экономикасын жақсарту тұрғысында отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін Талдықорғанға арнайы келді.
Талдықорған қаласындағы 740-тан астам адам жұмыс істейтін «Қайнар» аккумулятор зауытына бет бұрған партия өкілдері жылына 1 800 000 дана аккумулятор шығаратын зауыт жұмысшыларымен жүздесті. Партия төрағасы Азат Перуашев пен оның орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса және Мәжіліс депутаттығынан үміткерлер қатарындағы Нұрлан Жазылбеков пен Дмитрий Васильев қатысқан кездесудің мәні партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру және оны жан-жақты талқылау жұмыстарымен айқындалды.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриот­тық партиясы республикалық қоғам­дық штабы­ның мүшелері «Александров» кәсіпорнының ең­бек­керлерімен жүздесті.
Бірінші кезекте сөз алған партия төрағасы Әли Бектаев ауылшаруашылығы саласына қатысты мәселелерге көбірек тоқтала келіп, «Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, соның ішінде кәсіпкерлерді қолдап, ауыл-аймақтардағы тауар өндірушілерге кәсібін кедергісіз жүргізуге жағдай жасау бас­ты міндеттеріміздің бірі» деді. Сондай-ақ ол соңғы жылдары ауыл мен ауылшаруашылық саласын қолдауға мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып отырғанын айта келіп, бұл бағытта шешімін күткен түйткілдер де баршылық екенін жеткізді. Кездесу соңында партия белсенділері 50 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері болса, Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлері «Біз неге сайлауға баруға тиістіміз?» тақырыбында азаматтық тыңдау өткізді.
Партияның сайлауалды штабының төра­ғасы Асхат Рахымжанов өз сөзінде күн тәртібінде екі мәселе бар екендігін, басқосуды екінші мәселеден бастауды жөн көріп отыр­ғандығын жеткізді. «Біз сайлауға қатысушы кез келген саяси партиямен пікірсайысқа түсуге әзір екен­­дігімізді мәлімдейміз» деді Асхат Нұрмағам­бетұлы. Мәжіліс депутаттығынан үміткер Уәлихан Қайсаров сайлау кезінде саяси партия­лар­­дың тұғырнамалары жұртшылықтың қызы­ғушылығын тудыратынын айтты. Билікке ұмтыл­ған саяси партиялардың бағдар­ламасынан хабардар болу заңдылық. Қазақ­стандықтардың бұл жағынан белсенділігі жоғары. Ашық пікір­та­ластың болуы бұқараның да ықыласын туды­рады. Сондықтан біз кез келген түрдегі, кез кел­ген тақырыпқа орай пікірталасқа дайынбыз, – деді ол.
Бірлік» саяси партиясының Мәжіліс сайлауы науқанының төте жолындағы бұл кездесуі өзгешелігімен ерекшеленді. Тіпті мұны «Бірлік» партиясы – Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің аудиториясында шеберлік-сабағын өткізу шарасына тікелей ұйытқы болды деген жөн шығар.
Алдымен болашақ өнер шеберлеріне қажетті қылқалам мен әртүрлі бояулар, партияның аты жазылған жалаушалар мен үлбірек матадан тігілген жеңіл қол сөмкелер үлестіріліп, сыйға тартылды. Ал партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүргізілген бұл іс-шараның мазмұнын «Бірлік» саяси партиясы Алматы филиалының жетекшісі Дәмен Бидайбеков былай түсіндірді:
– Өздеріңіз байқағандай, аудиторияда толып отырған жасөспірімдер дауыс беру құқына қол жеткізіп үлгермеген буын болып саналады. Бұл жерде ешқандай саяси үгіт-насихат жұмысы жоқ. Бірақ «Бірлік» саяси партиясының ресми танылған «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» белгісінің аясында шеберлік-сабағының өтуі жастардың есінде ұзаққа сақталары анық. Оның үстіне сабақты осы колледждің бұрынғы түлегі, «Бірлік» партиясының бүгінгі белсенді мүшесі Кристина Депутатова жүргізеді. Жас ұрпақ еліміздің ертеңі, сондықтан да «Бірлік» еліміздің ертеңін бүгінгі уақытпен сабақтастыруды мақұл деп тапты, – деді ол.

Д.ЖҰМАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.