Мейірімділік мерекесі

Елбасының Жарлығына сәйкес, елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланғаны белгілі. Президентіміз бұл жөнінде былтыр, яғни 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында атап өткен болатын. Сол алқалы жиында сөйлеген сөзінде елімізге сталиндік режімнің уақытында елімізге 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударғанын айтты.

Елбасы: «Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады» дей келе: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деп атап өтті.
Заманында тағдырдың тәлкегіне ұшырап, озбыр саясаттан зобалаң көріп, жапа шеккен түрлі этностар Қазақ еліне, Қазақстанға осылайша жер аударылды. Халқымыз оларды жатсынбады. Бауырына тартты. Құшағына алды. Ағайынгершілік танытты. Бір үзім нанын бөлісіп жеді. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» деп шаңырағының төріне шығарды. Қолтығынан демеді.
Шынтуайтына келгенде, бұл кезде қазақтардың өздеріне оңай болмаған еді. Тоталитарлық жүйенің қолдан жасаған ашаршылығы, кәнпескелеу, репрессия…осының бәрі ұлтымыздың басына нәубет әкелді. Қиындықтарға душар етті. Соған қарамастан қонақжай халқымыз қамкөңіл жандарға қол ұшын созды. Бар мейірімін төкті. Келімсектер деп кемсітпеді. Жатжұрттық мінез байқат­пады. Туысындай, ағайынындай көрді. Достық ықыласын білдірді. Кеңдік танытты. «Өле жегенше, бөле же», «Көппен көрген ұлы той» деді. Сөйтіп, бір шаңырақтың астына жиналған этнос­тарды аман сақтап қалды.
Кеңес Одағы кезінде былайғы жұрт Қазақстанды халықтар ­лабораториясы, қазақшалап айтсақ зертханасы деп те атады. Өйткені сан түрлі ұлттарға мекен болған қазақ жерінде олар тату-тәтті өмір сүріп жатты. Ал мұның сыры неде еді? Кез келген нәрсе жайдан-жай бола салмайтыны белгілі. Оның бәріне бір негіз керек. Темірқазық керек. Сол темірқазық – қазақтың даладай кең пейілі, дариядай шалқыған көңілі, тау­дай биік парасаты, теңіздей терең даналығы, бәйтеректей сая­лы құшағы, ықылас-ниеті еді. Осы қасиеттердің бәрі қазақ дейтін ұлттың өн бойынан табылды. Бүгін де солай. Жарасымды, берекелі, ынтымақты тіршілігіміз бар. Ақ көңіл, кең қолтық қазақ әлі де сол бауырмалдығынан танған жоқ. Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт ретіндегі өз жауапкершілігін жете сезінеді. Құдайға шүкір, ауызбірліктің, түсіністіктің арқасында көп жетістік­терге қол жеткіздік. Қазақстанға табан тіреген этнос өкілдері де елдің дамуына үлестерін қосты. Еңбекке араласты. Қазір де сенімді қадамдармен ілгерілеп келеміз. Алауыздықтан ада болсақ, шығар биігіміз әлі алда. Ең бастысы бір-бірімізге деген құрмет керек. Елбасының бастамасымен өмірге келген бұл мерекенің мәнісі де сол. Қиын-қыстау заман туғанда қанатының астына алып, пана болған елге алғыс айту. Бұл мереке бізге осы тұрғыдан қымбат болуы тиіс.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.