Отан күзетінде

888Бүгіндері де батыр апаларының жолын қуған қайсар қыздар Қазақстан Армиясының Қарулы Күштері қатарында да бар. Қызығы мен қиын­дығы қатар жүретін бұл қызметтің суығы мен ыстығына төзіп жүрген осындай батыл қыздар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында да аз емес. Солардың бірегейі Данара Баймағанбетова мен Әлмира Құрманәлиева.

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын бұл әскери қыздардың бірі Данара Тәңір­бергенқызы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген­нен соң 2003 жылдан бастап әскери өмірге бет бұрады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін құжат тілін бірден мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшіру мәселесі аса қиындық туғызғаны белгілі. Бұл әсіресе әскерде қатты білінетін. Данара Тәңірбергенқызының осы жолда атқарған қыруар еңбегі көл-көсір. Әскерге алғаш келген жылдары ол мемелекеттік тілдің көсегесін көгерту жолында еңбек етіп, біраз жыл аудармашы болды. Одан кейін Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қазіргі күнге дейін мемлекеттік тілді дамыту бойынша қызмет атқарып келеді.
Әлмира Бірлікқызы да өз ісінің кәсіби маманы. Әскердегі сарбаздардың мо­ральдық-психологиялық жағдайына көңіл бөліп, олардың әскери өмірге бейімделуі жолындағы оның еңбегі зор. Ата-аналарынан алшақта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздармен күнделікті жұмыс жасау, олардың мінез-құлқын зерделеу, жан-дүниесіне рухани азық берудің қандай қиын екенін кез келген адам түсіне бермес. Ауыр болса да әскери психолог мамандығын таңдаған Әлмира Бірлікқызы өзінің мол тәжірибесінің арқасында сарбаздардың арасында бұзақылық пен қылмыстарды болдырмау мақсатында ұзақ жылдар бойы тұщымды істер атқарып келеді. Өзінің кеңпейілділігінің арқасында сарбаздар алғысына бөленуде.
Бұл екі әскери қызметші де әскери өмірін қатардағы жауынгерден бастап Отан алдында ерлермен қатар автомат асынып, ант қабылдаған жандар. Өздерінің біліктілік­тері мен кәсібиліктерінің арқасында өз іс­терінің нағыз маманы атанып, офицер­лік лауазымдарға тағайындалды. Қазіргі таңда бірінің әскери шені капитан болса, екіншісі майор. Ұлттық ұлан қатарындағы еңбек өтілдері он екі жылдан он бес жылға дейінгі уақытты құраған олар бүгінгі күндері нағыз әскери мамандарға айналған. Соның арқасында басшылық тарапынан лайық­ты марапаттарға ие болуда. Екеуі де отбасымен қызметін қатар алып жүрген ардақты аналар. Данара Тәңір­бергенқызы екі ұл, ал Әлмира Бірлік­қызы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ,
Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы
Баспасөз қызметінің офицері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.