Кітабын баласы, мақаласын немересі санаған адам

Кітабын баласы, мақаласын немересі санаған адам«Ана тілі бәрінен де биік- ханнан да, қарадан да.
Саясатшылар келеді, кетеді, ал ана тілі – мәңгілік».
Марат Қабанбай
«Қазақстан, кейбіреулер ойлап жүргендей, жұтаң сахна, біз жансыз қуыршақ емеспіз. Қазақстан – Отан, біз – халықпыз!» Дәл осындай өткір сөздер тоқсаныншы жылдадың басында «Ана тілі» газетінің әр санында ойып орын алып, оқырманға жол тартып жатты. Сонда қазақ үшін қан жұтып, тілім деп жүрегін тілімдеген жан кім еді?Бұл сөздердің авторы – жалынды журналист, қазақтың «Кентавры» атанған Марат Қабанбай. Марат ағамыз 1994 жылы «Ана тіліне» қызметке орналасты. Ә дегеннен-ақ қазақ ұлтының жанды жерін дөп басқан мақалалар сериясы бірінен соң бірі оқырманға жол тартып жатты. Марат аға ел тәуелсіздігіне шын қуанды. Қазақтың тіліне араша түсті. Орақтай орып, қылыштай қырқып түсер ойлары күллі қазақтың жүрек қылын тап басты. Бірақ, Алланың жазуы болар, отты сөздерімен осып жазған Марат ағамыздың ғұмыры қамшының сабындай ғана болды. Неге? Мүмкін Марат аға у ішкен болар. Ол халықтың ертеңі, қазақтың тілі, діні, ділі қандай болады деген ащы у еді. Халық үшін қаламынан қан сорғалатқан ағамыздың жан жары Сәуле апаймен газетіміздің мерейтойына орай сыр бөлісіп қайтқан едік.
– Сәуле апай, Марат ағамыз талай жыл «Ана тілінде» жарық көрген ұстараның жүзіндей өткір ойлары арқылы оқырман ілтипатына бөленді. Осындай өр тұлғалы ағамыз қандай жан еді?
– Марат жастайынан тағдырдың соқпақтарынан жол тапқан жан. Сондықтан да болар адалдықты, еңбекқорлықты, шыншылдықты жаны сүйетін. Негізінен Марат журналистикадан гөрі жазушылықты жаны қалайтын. Бірақ талант жерде жатпайды ғой. Мұны өзі де «Талант Алланың сүйген құлына берген – нәсібі. Талантты қорламау керек. Талант қолыңдағы дипломыңда емес, бойыңдағы қасиет. Оны еңбек арқылы жетілдіру өз үлесіңде» деп отыратын. Сол талант Мараттың да бойында бар еді. Ең алғаш еңбек жолын аудандық «Достық» газетінде бастаған Мараттың жазушылық қабілетін байқаған ағалары қызметке шақырып жатты. Ол әсіресе «Ана тілі» газеті жұмысқа шақырғанда балаша қуанды. Күн-түн демей жұмыс істеді. Мараттың бір қызығы шығармашылық тұрғысынан келгенде ешкімнің ақылын тыңдамайтын. Сол кезде өзі «Мен ұлттың ұлымын, мені халық тәрбиеледі. Егер мен біреудің айтқанымен жүрер болсам әлдеқашан бір креслода «Марат Қабанбаев мырза» болып отырам едім. Бірақ бұл маған қажет емес. Ана дүниеге барғанда ең болмағанда халқыма адал қызмет еттім, шындықты ту етіп көтердім деп мақтан тұтпаймын ба?» деуші еді.
– Марат аға өте қарапайым болған деседі…
– Мараттың қарапайымдылығы сол, кез келген ортада мен жазушымын, мен журналиспін деп кеуде керген емес. Тіпті бір жолы Медеуге балаларымызбен қыдырып кетіп бара жатып, жолай бір кісімен әңгімелесіп отырды. Әлгі азамат «Ана тілінің» тұрақты оқырманы екен. Ол Мараттың жазған дүниелеріне оң баға беріп, мақтап келеді. Бірақ Маратта үн жоқ. Бір кезде әлгі адам Маратқа «Сен сол журналиске ұқсайды екенсің. Суретін көріп едім» дегенде «Жоқ, мен институтта сабақ берем» деп қоя салды. Осы қарапайымдылығын, адалдығын балаларына да үнемі айтып, саналарына сіңіріп отыратын.
– Марат ағамыз қанша дегенмен шығармашылық адамы ғой, сізге ауыр соқпады ма?
– Әрине, талай қиналған кезім де болды. Әсіресе «Ана тілінде» істеген кезде жанын салып жұмыс істеді. Әр жазған дүниесінің ақырғы нүктесі қойылғанша телефонмен де хабарласып, «Мына жері мынандай болсын, мына жерін түзетіп жіберіңдер» деп қадағалап отыратын. Кейін айтарсың, демалып ал десең де «Жоқ, мен одан кейін келесі мақалама дайындалуым керек» деп жауап беретін. Ол өзі де «Журналистика он екі мүшеңді сал-сал қылатын жұмыстардың бірі» дейтін. Шаршайтын. Бірақ онымен тоқтап қалмай, идеядан идея туған сайын дүниеге бір ұрпағы келгендей қуанатын. Ол кітаптарын балаларым, ал мақалаларын немерелерім деп отыратын.
– Байқасақ, «Ана тілінде» Марат ағаның қаламынан туындаған мақалалардың дені ұлттың ұлт болып ұйысуын армандаған дүниелер екен. Соларға барар жолды сілтеген. Қазақ тілінің мінбеге көтерілуі үшін барын салған. Олай болса, ағамыз өз ұрпағын да солай тәрбиелеген болар…
¬– Өзіміз ауылдан қалаға келген кезде орыс тілінен біраз қиындық көрдік қой. Соны ойлаған мен әу баста балаларды орыс мектебіне берейік деген едім. Ағаларың «Ертең қазақ мемлекеті боламыз. Сол кезде балаларымыз ата-бабасынан дарыған ана тілін білмей жүрсе масқара емес пе? Қажеттіліке болып жатса орыс тілін онсыз да үйреніп алады» деп мені райымнан қайтарған еді. Қазақ десе, тіл десе жанын беруге де даяр жан еді.
– Сәуле апай, сонау 1996 жылы «Заман – Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Марат ағамыз «Менің мақсатым: 1. Ұйықтап жатқан ұлтты түрткілеп ояту; 2. Қазақ журналистерінің дәл құлағына «Аттан!» деп айқай салу еді. Сонда күні-түні екі нәрсені армандаймын: «Шіркін, қазақ баспасөзінде бір Марат Қабанбай емес, он Марат қаламын қайрап, жүгіріп жүрсе; Жалғыз «Ана тілі» емес, кем дегенде бес қазақ газет, журналы бір-бірін басып озып, қатарласа, шапқыласа…» деген екен. Сол жанындай ардақ тұтқан басылым бүгінде 20 жасқа толды. Осы басылымға айтар өтініш-тілегіңіз, арызыңыз, мүмкін жылы пікірлеріңіз бар шығар…
– Мен бір ғана нәрсе айтар едім, «Ана тілі» газеті Мараттың бағына, Марат «Ана тілінің» бағына жаралған еді. Себебі «Ана тілі» арқылы Марат қалың көпшілікке танылды. Марат арқылы «Ана тілі» өзіне көптеген оқырман тапты дей аламын. Тіпті «Ана тілінің» жарыққа шыққан күні 22 наурыз болса, Марат ағаларыңның да дүниеге келген күні 22 наурыз болатын. Ол «Ана тілін» отбасынан да жоғары қойды десем қателеспеймін. Сондықтан бұл басылымның бұрынғы редакторларына, қазіргі ұжымына үлкен рахметімді айтамын. Газеттің мерейі үстем, ғұмыры ұзақ болсын. Тек халықтың қамын ойлап, мұң-мұқтажын жазар, тілінің тірегі болар газет болсын! Өткір ойлар, тың тақырыптар қозғалсын. Ең бастысы жазар көбейсін дегім келеді.
– Әумин, айтқаныңыз келсін! Мараттай марғасқа ағамыздың киелі шаңырағында отырған сізге де мың алғыс!
Сұхбаттасқан Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.