Тұрсынкүл апа

Ауыл. Қазақтың қарашаңырағы болып саналатын ауыл сонау ерте заманнан бергі Ұлы Даланың тіршілік көзі, қазақ баласының тылсым дәуіргі салт-дәстүрін, сырластығымен сыйластығын, өмір сүру жолын, ұлт қасиетімен қабілетін қалыптастырған мекен-жай. Ауылда қаншама дарын иелері, ғалымдар мен ақын-жыраулар, сазгерлер мен әншілер өмірге келген.
Мен туылған кешегі Қарақоңыр, бүгінгі Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылдың кешегі өмірі көз алдыма еріксіз келеді. Өйткені ол ауыл менің ғылым жолына түсіп, мал шаруашылығы ғылымымен айналысуыма сара жол салған, кезінде «Темір» қаракөл қой шаруашылығы орналасқан елді мекен.

Көк қаракөл елтірісін өндіретін осы кеңшарда қаншама малшы қауымы тер төгіп, еңбек етті десеңізші. Менің айтпағым, осы бір атакәсіп иесі – малшы қауымның ортасында жүріп «Темір» қаракөл қой зауытының «Қыркескен» атты даласында төрт түлік мал баққан Жайлаубек атаға асыл жар бола біліп, ұл-қыздарын білім мен ілімге баули отырып, күнделікті өмірде, кең далада қой бағып жүріп, өлең жолдарын құрастырған, төрт сыныптық қана білімі бар қарапайым қазақ әйелі Тұрсынкүл апа туралы еді.
Қолыма қалам алып, Тұрсынкүл апа туралы жазу ойымда жоқ болатын, бірақ апаның 1978 жылы бір өтініші ойымнан шықпай қойды. Қай заманда да данышпан қазақ ақынын да ғалымын да құрметтей білген ғой. Тұрсынкүл апа менің Мәскеуде аспирантурада оқып, үлкен ғылым жолына түскенімді естіп, мен ауылға барғанымда ата-анамның үйіне келіп, менімен ұзақ әңгімелесті. Тұрсынкүл апаның білімге, ғылымға деген құштарлығы таңырқатты. Сол кездегі «Оқыған адам ғана өлең жолдарын құрастыра алады» деген ойымды Тұрсынкүл апа түбегейлі өзгертті. Апамен сөйлесе келе оның төрт-ақ сыныптық білімі бар екендігін, тіпті дәптерге жазған өлең жолдарын өзінен басқа адамның түсініп оқуы мүмкін еместігін біле отырып, ойы ояу ананың жүрекжарды жан дүниесін тербеткен ой-сезімдерін түсіндім. Оның өлең жолдарындағы балаларына деген тәлім-тәрбиесіне, жан-жарына деген сезіміне, тіпті күйеуінің бұрынғы қайтыс болған әйелінен қалған балаларына деген ерекше махаббатына, Отанына, атажұрты Сарыарқа жеріне деген ыстық ықыласына, сағыныш сезіміне еріксіз еніп кеттім.
Сол жылы Тұрсынкүл апаның қойын дәптерін көргеніммен, оны сұрап алып, кітапша түрінде шығару ойыма да келмепті. Тек «Мына дәптеріңізді балаларыңызға аманат қылыңыз» дегеннен басқа айта алмадым-ау деймін.
2007 жылы Тұрсынкүл апаның ұлы Кемел інім қызмет бөлмеме келіп «Аға, бір ұлым бар екенін жақсы білесіз, аты – Бауыржан, сол үйленбей жүр, туыс ағам ретінде сізге келіп едім, соған бір ақылыңызды айтыңызшы» деді. Бауыржанмен кездестім, жас та болса республикаға белгілі кәсіпкер екен. Әңгімені ауылдан бастап, атасы Жайлаубек ақсақал мен әжесі Тұрсынкүл ападан жалғастыра отырып әкесі Кемел мен анасы Нұрбибінің бар арманы оны үйлендіріп, немере сүйгісі келетіндіктерін айттым. Қай заманда да болмасын қазақ баласы жасы үлкенді тыңдаған ғой. Бауыржан менің ақылымды тыңдаған болуы керек сол жылы үйленіп, інім мен келінім немерелі болып оның атын «Қажымұрат» деп мен қойдым. Содан бірде Кемел інімнің үйінде отырғанымда оған Тұрсынкүл апаның өлең жолдарын кітапша ретінде шығаруға мүмкіншілік мол екендігін айта отырып, неге қолға алмайсың, сонау 1978 жылы мен апаның қойын дәптерін оқығанмын ішінде ерекше ана жүрегінен шыққан сендерге арнаулар көп болатын, – дедім.
2015 жылы 12 желтоқсанда Тұрсынкүл апаның кенже ұлы Лесбектің үйінде отырғанымда, Кемел маған апаның қойын дәптерінің негізінде шыққан кітапшаны ұсынды, оны түнімен оқыдым. Қарапайым қазақ әйелінің бойындағы асыл жарына, бала тәрбиесіне, білім мен ғылымға, туған жерге деген құштарлыққа таңғалдым.
Асыл жары, төрт түлік мал баққан Жайлаубай ақсақал туралы келесі өлең жолдарын Тұрсынкүл апа былай өрбітіпті.
Баяғы ескі маман Жайлаубайым,
Бұл білген әрбір істі, шаруа жайын.
Жасынан жылқы бағып, түйе бағып,
Маман боп ол ісіне қойған пайым, – дей келе шалының білгір малшы, жасынан төрт түлік мал баққан адал жан екендігіне ерекше мән беріпті.
Әсіресе, Тұрсынкүл апаның Отан туралы өлең жолдарын оқи келе «өмірге ерте келген жан ғой» деп, шіркін-ай, ол қазіргі егемен ел – Қазақ елінің бүгінгідей өмір-тіршілігін көре алмай кетсе де Отанына деген сүйіспеншілігін
Денем ысып-суынып,
Құрғағанша таңдайым.
Отан-ана жыр қылып,
Шырқаймын сені әрдайым, – деп жырлайды.
Атам заманнан келе жатқан тәлім-тәрбие – ол қазақ қыздарының өзі таңда­ған өмір серігі – күйеулеріне, балаларына деген ерекше сүйіспеншілігі, ар-намысы, оларды қадірлей де, қастерлей де білуі. Осы асыл қасиеттерді бойына сіңіре білген Тұрсынкүл апа әйелі қайтыс болып, бір қыз бала, екі ұл бала қолында қалған Жайлаубектей азаматқа тек асыл жар болып қана қоймай, оның балаларына өгей ана емес, оларға өз анасындай қамқор болған жан.
Жайлаубек атаның Мәрайым ападан көрген үлкен қызы – Ділдаш әпке біздің ауыл­дың ең ардақты аналарының бірі, батыр ана, Алтын алқа иегері. Асыл жары Айтбек Мусаев ағамыз екеуі 9 ұл-қыз өсірді, олар Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінде елге еңбегі сіңіп жүрген жандар. Айтбек аға кезінде «Темір» қаракөл қой зауытында бөлімше меңге­рушісі, бас зоотехнигі, директоры қызметтерін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленген. Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Отырар ауданының Құрметті азаматы еді.
Тұрсынкүл апаның келініне арнаған өлең-жолдары тәлім-тәрбиеге толы «Қы­зыма өсиет» атты өлең жолдарында орын тапқан.
Апаның «Қызыма өсиет» атты өлең жолдарынан қызының қайын жұртына сыйлы, құрметті болуын тілей отырып, қайнылары мен қайынсіңлілеріне қамқор ата-енесінің ризашылығында болуын, қайныңды «төрем», «қалқам» де, қайынсіңліңді «алқам» де, бауырыңа тарт дей отырып «Қызы жақсы дегенді, аңсайды сенің анаң» дейді. Қандай аналық даналық, қандай көрегендік десеңізші.
Ол «Туғандарыма ғибрат» атты өлең жолдарында ағайын-туыс арасындағы сый-құрметке, бауырмалдыққа ерекше мән бере отырып тағы да келін тәрбиесіне зор көңіл бөледі. Оның «Қайынға жақсы жеңге қайым келген немесе Ақ бата ата-енеден алған келін, Бейхабар қалай ұйықтап жатады екен» деген өлең жолдары халқымыздың «Ерте тұрған келіннің бір ісі артық, ерте тұрған жігіттің ырысы артық» деген мақалын келіндері мен ұлдарының есіне өлең жолдарымен әсем де әдемі жеткізген.
Тұрсынкүл апа бала тәрбиесіне, оларды білім мен ғылымға баулуға, үлкен мән берген ана.
Өксітті-ау қараңғылық өмірімді,
Тілеймін балаларым өміріңді.
Кенелсең өнер-білім ақыл-ойға,
Күтемін сен арқылы көрінуді, – деген өлең жолдарынан кезінде білім ала алмағанына қатты қайғырып, оны қараңғылыққа теңеген жан екенін анық байқайсыз. Өзінен өрбіген ұлы Кемелге арналған өлең жолдарында, оған білім-ілімге аса мән беруін өтіне отырып «Сенің анаң мен емес, Отан анаң» деуінде үлкен мағына жатыр.
Оның «Шын айтсаң берші маған ілім-білім, қоя сал орнына алтыныңды» деген өлең жолдарынан апаның тағы да ілім-білімге бет бұрған бейнесін көруге болады. Қайран көз көрген Тұрсынкүл апа бойындағы «білімге, ғылымға» деген талпынысты, құмарлықты біздің ауылдың «Қыркескен» даласында жүріп-ақ жырлап кеткен жыршы екеніне қазір көзім жеткендей. Ана сүтімен келген өзіне ғана тән асыл қасиеттерін іс-жүзінде толығымен жеткізе де алмай тек қойын дәптеріне сыйдырыпты ғой асыл апа. Оған да шүкіршілік.
Сонау ХVІІІ ғасырдың аяғында Сарыар­қаның Жезқазған мен Бетбақдала өңірлерінен ертеңгі күнінің не боларын білмей, үркердей үдере көшкен Тұрсынкүл апа мен біздің ата-бабаларымыз алдымен Созақ пен Сарысу аймағына орналасып, енді ғана естерін жиғанда Созақ көтерілісі басталып 1930 жылы 1 ақпанда Қаратаудың теріскей бетінен күнгейінде орналасқан Түркістан, Отырар, Бөген өңіріне қоныс аударды. Өте меймандос, бауырмал Отырар ауданының халқы біздің ағайын-жұртымызды құшақ жая қарсы алды. Осылайша Отырар ауданының Қарақоңыр, қазіргі Шәмші Қалдаяқов ауы­лына аталарымыз табан тіреді. Олардың арасында Қазақстанның Әнұранының авторы, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың да аталары бар болатын.
1922 жылы туған Тұрсынкүл апа Жолдыбай­қызы 1988 жылы 15 мамырда қай­тыс болған.
Жайлаубек ата мен Тұрсынкүл ападан тарқаған ұрпақтан Қожабек пен Тынысбек бақи дүниелік болды, біразы Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылда өмір сүріп, бірі ел қатарлы еңбек етсе, енді бірі бұл күндері ел ақсақалдары, елдің ана-әжелері.
Ұлы Кемелбек – Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтын бітірген жоғары білімді азамат, жеке кәсіпкер. Жұбайы Нұрбике екеуі ұлдары Бауыржан мен келіндері Әселден Қажымұрат, Асылмұрат, Аркен есімді немерелер сүйіп үлкен отбасыға айналды.
Кенже ұлы Лесбек – Қазақ химия-технологиялық институтын құрылысшы мамандығы бойынша бітірген, көп жылдар бойы құрылыс инженері болып қызмет істеп, еңбек жолын ғылыммен байланыстырған жеке кәсіпкер. Жұбайы Райса екеуі Бақытжан, Әсел, Абат, Иманғали атты ұл-қыз тәрбиелеп, оларды да білім-ғылымға баулып отыр.
Өмір-өзен осылайша жалғасуда.

Әбдірахман ОМБАЕВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
ауыл шаруашылығы ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.