Ғарыштағы қазақ құрты

Жеті қат көкке шарықтап, ғарыштың ғажабына қанық болып келетін әлем ғарышкерлері ғарышта қазақтың құртын жейді екен. Иә, кәдімгі қазақтың қазақтың ұлттық тағамы – құрт.Алғаш рет ғарышкерлер ұзақ мерзімдік сапарға аттанды. Жеті қат көкке қазан-ошақ көтеріп кетпесі түсінікті. Айлап-апталап ғарышта жүрген кезде олар не жейді екен деп ойлайтынбыз. Көп ұзамай жұмбақтың сыры ашылды. Ғарышта ғарышкерлер қазақтың ұлттық тағамдарын жейді екен. Жұрттың көбі сенер-сенбесін білмеді. Өйткені жұмыр Жер бетінде қанша халық бар, ұлт бар, ұлыс бар? Осының ішінен қазақ тағамының таңдап алынуы әрі таңғалдырады, әрі қуантады. Себебі Кеңестік ғалымдар әр ұлттың тағамдарын зерттей келе, «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» ат үстінде бел жазбай жүрген батыр бабаларымыз азық еткен құртымыздың құрамы құнарлы, түрлі минералдар мен витаминдерге бай, денсаулыққа пайдалы, сақтауға төзімді екенін дәлелдеуі, шынында да, қайран қаларлық жағдай еді. Ал сол құрттың құрамын зерттеген ғалымдар кімдер еді?
Жетпісінші жылдары Мәскеудің «Социалистическая индустрия» газетінде бір топ кеңестік ғалымдардың құртты зерттеп, ғарышкерлерге ұсынғаны жөнінде шағын хабарлама жазылды. Сол зерттеуші ғалымдардың бірі – Ғизатолла Мұхамбетқалиұлы Меңдіханов еді. Осындай маңызды жұмысқа белсене ат салысқаны үшін 1977 жылы 21 қаңтарда КСРО Министрлер Кеңесінің өнертабыс және ғылыми жаңалықтар жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің №557784 авторлық куәлігі берілген Ғ.М.Меңдіханов кім еді?..

«Арғымақ тектес арынды азамат еді»
Ғизатолла Мұхамбетқалиұлы жайлы алғаш рет ақын, Қазақстан Республикасының әнұраны авторларының бірі – марқұм Жұмекен Нәжімеденов ағамыздың жұбайы – Нәсіп апайдан естідім. Ғизатолла Меңдіхановтың аяулы жары – Қалампыр Кенжеғалиқызымен, жалғыз ұлы Ерболмен де сол Нәсіп апай арқылы таныстым… Қашан да кешігіп жүретін халықпыз ғой, биохимия саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған өрелі жанмен, өкінішке орай, жүзбе-жүз сұхбаттасудың сәті түспеді.
Ғизатолла Мұхамбетқалиұлы Махамбет өлеңіндегі «Еділ үшін егестік, Жайық үшін шығыстық, Қиғаш үшін қырылдық» деген әйгілі Қиғаш өзенінің бойында, қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сафоновка селосында, 1940 жылы көктемде балықшы отбасында дүниеге келген.
Ғалымның жүріп өткен жолымен танысу мақсатында оның ғылымға қосқан үлесі жазылған азын-аулақ ғылыми кітаптарды ақтардым. Тайға таңба басқандай анық қып, әдемі хәріптермен өз қолымен толтырған күнделігін оқып шықтым. Фото суреттерін көрдім. Өзі өмірден өткен соң, «Арғымақ тектес арынды азамат едің» деген естелік кітап жарық көрген екен. Көзкөрген әріптес, замандас қатар-құрбы, ет-жақын ағайын, сыйлас жандардың жүрек тебірентер сөздері ар-иманы мол, ұлт жанды, адамгершілік парызын адал атқарған адамның бейнесін менің көз алдыма елестетті…

Білімге құштар жан
Ғизатолла балалықтың бал дәмінен гөрі өмірдің кермек дәмін көбірек әрі ертерек татқандай. Ерте еңбекке араласты. Бауырларына қорған болды.
Ағасының жастайынан алғыр болғаны жайында жалғыз қарындасы Мәрия былай сыр шертеді: «Біз ағайынды алтау едік. Екі-ақ кластық білімі бар әкеміз өмір бойын Шортанбай балық заводының балық қабылдаушысы болып, бүкіл есеп-қисабын білгірлікпен атқарды. Ғизатолла ағамыз бала кезінен әкеміздің жұмыс орнына барып, балықшыларға еңбекақы есептеу кезінде көмектесетін. Әкеміз оған үлкен сенім артатын. Оның ұқыптылығына, адалдығына шек келтірмейтін. Қай істе болса да ата-ананың көңілінен шығатын еді. Оның осы қасиеттері бізге де үлгі болды. Ол 1959 жылы мектеп бітіріп, ол кездегі Гурьев қаласында ауылшаруашылық техникумында оқуға түсті. Демалысқа келген кезінде бізді жанына отырғызып қойып, әр пәннен емтихан алатын. Түрлі сұрақтар қоятын. Математикадан жазбаша бақылау жүргізетін. Дәптерлеріміздің тазалығы мен ұқыптылығын тексеретін еді. Ұнамаса, қақ ортасынан бір бөледі. Мұнан соң таза, қатесіз көшіріп жазуымызды қадағалайтын». Осылайша Мәрия апай өткен күндерге саяхат жасап қайтты.
Техникум бітірген соң, Ғизатолла ағамыз әскер қатарына алынады. Әскери борышын өтеп жүргенде Ресейдің Свердловск өңірінде малдан жұқпалы індет шығады. Ол мал маманы ретінде жұқпалы індетке қарсы күреске өзі сұранады. Уақытпен санаспай, ауыр да азапты жұмысқа ынта-ықыласымен белсене қатысады. Қиын сәтте өзінің кәсіби білімінің тереңдігін көрсеткен оған алғыс жарияланады. Әскери қызметі аяқталып, елге қайтарда, Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлігі институтына жолдама беріледі. Ол кезде жолдама алу екінің бірінің басына қона да бермейтін бақыт еді…
Білімге құштарлық Ғизатолланы бірден Алматыға жетеледі. Бірақ мұнда оны айқара құшағын ашып күтіп отырған тума-туысы жоқ. Үстінде – әскери форма, жататын орыны – саябақтар мен теміржол вокзалы бола жүріп, емтихан тапсырады. Сөйтіп, 1965 жылы ауылға студент болып бір-ақ оралады.
– Студенттік кездердің қызығы мен қуанышы көп еді-ау, шіркін! Оқуға түскеннен кейін бізді Қырғауылды деген жерге ауыл шаруашылығы жұмысына жіберген. Ғизекеңнің үстінде солдат формасы бар. Есімде қалғаны сол кезде «Битва в пути» деген кітап оқып жүр еді. Өзі көп оқитын, өте білімді болатын. Оқу басталған кезде институттың қабырға газетіне Ғизатолланың әдеби әңгімесі жарияланды. Кейіпкері Айша деген қыз екен. Мен балалығым ба, әлде әдебиет дегеннен хабарымның аздығы ма, кім білсін, «Басқа ат таппайсың ба?!» деп оған өкпелегенім бар, – дейді курстасы Айша Оразбақова студенттік жылдарды сағына еске алып… Ғизатолланың мінезі байсалды еді. Әр нәрсенің байыбына бармай шешім қабылдамайтын. Тіпті адам баласына ренжу дегенді де білмейтін. Өз білімін бұлдамайтындығы тағы бар. Бұл Ғизатолланың бірнеше жыл бірге оқыған курстастарының пікірі.

Адал еңбек – жан серігі
Туған жеріне оралған жоғары білімді жас маман еңбекке араласады. Әрі емдік қасиеттері бар өсімдіктерді зерттеумен айналысады. Біраз ғылыми деректер жинайды. Көп ұзамай оны кезінде өзі оқыған үлкен білім шаңырағы – Алматы мал-дәрігерлік институтының профессорлары – Н.Ф.Шуклин мен З.С.Сейітов қайтадан Алматыға шақыртады. Сөйтіп, ол студенттік дәуренді бастан кешкен думанды қалаға 1970-жылдары қайта оралады.
Тағдыр деген қызық қой… Н.Ф.Шуклин – Ғизатолланы Свердловск әскери округінде әскерде жүрген кезінен білетін. Сол кезде полковник Николай Федорович дивизиялардың бірінде ветеринарлық қызметтің бастығы болатын. Жас қазақ жігіті әскери қызметі аяқталған соң, Алматыға кеп оқуға түскенде, тап сол жоғарғы оқу орнына Николай Федорович әскери кафедраның бастығы боп жолдамамен келеді. Ол институттың органикалық және биологиялық химия кафедрасының меңгерушісі, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз З.С.Сейітовке жоғары білімді жас маман Ғ. Меңдіхановты ғылымға тарту жайлы ұсыныс жасайды. Осылайша, Ғизатолла Алматыға көшіп келіп, үлкен астанада кім көрінгеннің жертөлесінде пәтер жалдай жүріп, ғылыммен айналыса бастайды. Өзіне де, өзгеге де өте талап қойғыш жігіт өзім шыққан төбе ғана биік болсын демейтін.
Институттың биоорганикалық және биохимия кафедрасында сол жылдары Ғизатолла Мұхамбетқалиұлымен бірге жұмыс істеген әріптестер естелігінен де біраз сыр ұғуға болады:
– Бұдан ширек ғасырдай бұрынғы уақытта ғылыммен айналысу нағыз «инемен құдық қазғандай» еді. Ғылыми-зерттеу құрал-жабдықтары аз, әрі бір зерттеу жұмысының өзі көп тер төгуді қажет ететін. Кафедраға ол кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, бие сүті мен қанының белоктарын зерттеу саласында көп еңбек етті. Ғизатолланың бойындағы ғылымға деген құштарлығы оның еңбекқорлығымен ұштасып жатты. Сол уақыт аралығында көптеген ғылыми әдістемелерді меңгеріп, уақытпен санаспай, ғылыми зерттеулермен айналысып, көптеген нәтижеге жетті, — дей келе ғалым Шолпан Сейілханқызы кезінде Ғизекеңнен көрген көмегін де тілге тиек етті.
Қаншама ғасырлардан бері түркі тілдес, киіз туырылықты, көшпенді халықтар қымыз бен шұбаттың дертке – дәру, жанға – шипа екені біліп, сүйсіне ішкендерімен, ешкім зерттемеген еді. Ғизатолла осы істі қолға алды. Ол ғылыми жетекшісімен бірге Талғар ауданына қарасты Панфилов совхозындағы жылқы фермасында бие сүтінің химиялық құрамы мен физикалық-химиялық, биологиялық қасиеттерін зерттеді. Ғизатолла ғылыми жетекшісімен бірге бие сүтін жан-жақты зерттеп, тұңғыш рет белоктық құрамын анықтайды. Өкінішке орай бастаған зерттеу жұмыстары аяқсыз қалады. Бұдан соң Ғ.Меңдіхановты кафедра меңгерушісі, профессор З.С.Сейітов ғылыми қызметкерліктен, оқытушылыққа ауыстырады. Ол жаңа қызметіне өте үлкен жауапкершілікпен кіріседі. Алайда ғалымның бұл қызметке тағайындалғанын кейбір сұқ көздер көре алмады. Ақыры ол бұл жұмыстан кетіп тынды.

«Ағаштан түйін түйген»
Ғизатолла ұлтжанды, бауырмал еді. Тума-туысынан бөлек елден келген талай студент Ғизекеңнің қанатының астында қатайды. Білімге әділдік жолымен қол жеткізудің артықшылықтарын жастарға түсіндіруден жалықпайтын деседі. «Жігітке жеті өнерді аз» санаған Ғизекең сегіз қырлы, бір сырлы еді. «Олардың отбасында болғанымда Ғизекеңнің бойынан тағы бір өнерін – ағаштан түйін түйген шеберлігін көріп таңғалдым. Өз қолымен көрген жанның көзі қызығатын үй жиһаздарын жасапты. Ұлтын сүйетінін, туған халқының тұрмыс-салтын қастерлейтінін, өнерін, ою-өрнегін дәріптейтінін жаңа заманға лайықтап жасаған бұйымдары арқылы көрсетті. Жұбайы Қалампырмен бірге бала тәрбиесінде де, ұлттық мұраны қастерлеуде де үлгілі отбасы дәрежесіне жеткендеріне куә болдым, — деп еске алады профессор Қаратай Мүтәнұлы.
Жас кезінде біраз еңбектеніп, тер төккенімен, қыруар ғылыми зерттеулері мен ізденістері қорғалмай, еңбегі зая кеткеннің өзінде ерік-күші, бойындағы ер азаматқа тән жігері оны жасытқан жоқ. Ол өмірінің «күншуақты» кезеңдерінде де, «көлеңкелі» сәттерінде де өзін өзі ұстай білді: шалқақтаған да, еңсесін түсірген де жоқ. Өмірінің мәні адал еңбекте деп білетін.

«…жағама таққан тұмарсың»
«Ол күндері… Мен жұмыстан кейін асүйде күйбең тіршілікпен жүргенімде:
«Жаным-ау, менің жағама таққан тұмарсың,
Жалғанда жалғыз жабырқап жүрген шығарсың.
Ұнарсың тағы-ай, бір көрген жанға ұнарсың,
Өмірде бірақ өзіме ғана сыңарсың…», —
деп, қазақ радиосымен қосыла, ыңылдай әндетіп, өзі «шеберхана» сайлап алған орнында ағаштан ою ойып, әлдебір ойына алған бұйымның бір бөлшегін жасап отырушы еді… Әй, қамсыз тіршілік-ай! Жұмыстан кейінгі кешкі бір-екі сағаттық сұхбаттасудың өзі өмірдің қайталанбас сәттері екенін кім түсінген?!», – дейді Ғизекеңнің Құдай қосқан қосағы – Қалампыр жеңгеміз сол бақытты күндерін сағына еске алып…
Адамды қанаттандыратын ұлы мақсат жолындағы сәтті қадамдары десек, ол жолдағы сәтсіздігін Ғизекең сырт көзге білдіре бермейтін. Ұлан-ғайыр еңбегі, зерттеулері бір докторлық диссертацияға жететін ғылыми жұмысы қорғаусыз қалды. Дегенмен ешкіммен дауласып, жаға жыртыспады. Сырттай болса да ешкімді тілдеген жоқ. Бірақ, ішкі күйінішін үсті-үстіне тартатын темекімен тойтаратын. Сол темекі, биохимия кафедрасының зертханасында 8 жыл қатарынан химиялық препараттармен жұмыс істеген уақыт денсаулығына біраз кеселін тигізгені кейін белгілі болды. Айықпас аурудың алғашқы себепшісі сол зиянды ортада жұмыс істегені мен үмітінің нәтижесіздігі сынды.

Түйін:
Оқу бітіргенімізге 35 жыл толуына орай бәріміз институттың бас ғимараты алдында жиналып жаттық. Ғизекең келіп, бәрімізбен амандасқан соң, «Мен бұл кездесуде сіздермен бірге бола алмаймын» деп ештеңе түсіндіріп айтпастан, қоштасып кетіп қалды… Біз ештеңенің байыбына бара алмадық. Оның өмірден кетуі де жедел, қас пен көздің арасындай оқыс оқиға болды, — дейді достары.
«Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген бар ғой. Арғымақ тектес арынды азамат еді. Құлагердің тағдырын қайталады. Шын жүйріктің обалына қалған, «Батыраштың балтасына» заказ берген кім екен? -деген курстас жолдасы Найзабай Теңелбаевтың осы сұрағы менің де көңілімнен кетер емес.

Заря ӘМІРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.