Тілін құрметтеген, елін де құрметтейді

Алматы қаласының Алатау шағын ауданына қарасты 26-мектептің кең залы. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы ардагерлердің көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы жүріп жатыр. Сахна төріне жарқ етіп шыға келген бір келіншек: «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй, Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең – менше сүй» деп, ұлы Абайдың өлең жолдарын, ашық, жағымды даусымен оқи жөнелді.Түр-түсінен өзге ұлт өкілі екендігі білініп тұрғанымен, қазақшасы керемет. Қазақ ақындарының отты өлеңдерін, мақал-мәтелдерін орайына қарай, келісті мақаммен төгілткенінде, оның ұлты қазақ емес екендігіне тіпті де сенбейсің. Кейіпкерімнің есімі – Зульфия Худайбердиева.

Ол Алматыдағы Заря Восток ауылындағы №151 мектептнің қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ардагерлердің өтінішімен концерттік бағдарламаны жүргізген сәті екен. Ол Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Сұңқар ауы­лында қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі – Тохтар да, анасы Халида да өздерінің көпшіл, бауырмал да, қайырымды қасиеттері арқылы ауылдастарына сыйлы, ел -жұртқа жұғысты жандар. Ата-анасы әрдайым: «Өмірдің даңғыл жолы жоқ. Әртүрлі қиындықтар, келеңсіздіктер кездесуі мүмкін. Сондықтан қашан болмасын, сол кедергілерден өтіп, өмірден өз орныңды табу үшін күресу керек. Оларды жеңіп, көздеген өз арман, мақсатыңа жету жолында талмай, ерінбей еңбектену қажет» деп жиі айтып отырған.
«Көрші-көлемдердің ұл-қыздарымен жастайымнан достасып, бірге ойнап, аралас-құралас болып жүргендіктен, қазақ тілінде бала кезімнен таза сөйлеп өстім. Ұйғыр мектебі мен қазақ мектебінің біріне бару таңдауы түскенде, мен қазақ мектебін таңдаған едім. Өзіме терең білім, тәлімді тәрбие берген ұстаздарымның ішінде, әсіресе мектеп директоры болған, марқұм Қаракөз Саутова және Гули апайларыма мәңгілік қарыздармын. Қасиетті қазақ тілін жете меңгеріп, оның бай да, шұрайлы, терең сырлы қасиеттерін бойыма сіңіруге қазақ тілінің мұғалімі Ләззат Орманбекова көп еңбек сіңірді. Ұстаздық мамандықты қалап, өміріме серік етуіме сол ұстаздарым­ның үлгі-өнегесі, мәдениеті, қара­пайымдылығы көп ықпал етті» дейді Зульфия Тохтарқызы.
Жастайынан ұстаз болуды армандаған Зульфия мектепті үздік бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті аяқтаған соң оқу орнының магистратурасында білімін жалғастырып, оны 2004 жылы тәмамдаған.
Мектеп қабырғасында, университетте оқып жүргенінде еңбекқор, ізденгіштігімен көзге түсіп, құрбы-құрдастарына көмек қолын созып, қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүретін Зульфия Тохтарқызы ұстаздық қызметінде де ізденімпаздық, жаңашылдық және жауапкершілік қасиеттерімен ерекшеленді. «Әр оқушы – өзіндік мінез-құлқымен, білімімен ерекшеленеді ғой. Әр оқушыны жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелемесең – оқушыңнан үлкен нәтиже күтпей-ақ қой. Қазақ тілінің маманы ретінде ғана емес, тәуелсіз қазақ елінің азаматы ретінде айтарым: қай ұлттың өкілі болсаң да, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге, білмесең – талпынып, үйренуге, оны сүйіп, құрметтеуге міндеттісің» дейді білікті ұстаз.
«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп, ұлы Абай айтқандай, жастайынан ұстаз болуды армандап, өзінің таза еңбегі, ізденімпаздығы мен жаңашылдығы нәтижесінде, жас ұрпаққа терең білім, тәлімді тәрбие беру ісінде әріптестеріне үлгі болып қана қоймай, мемлекеттік тіл – қазақ тілін жас өскінге үйретіп, оны құрметтеп, сүюге тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз – Зульфия Тохтарқызының еңбегіне жеміс тілейміз.

Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.