Алғыс айту күні ынтымағымызды арттыра түседі

1 наурыз – Алғыс айту күні болып биыл алғаш рет атап өтілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып, бұл күннің маңызына ерекше мән берілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жас­тар қатысты.

Ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын мерекемен құт­тық­тады. «Былтыр Қазақстан халқы Ас­самблеясы сессиясында айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңі­нен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті Жар­лыққа қол қойдым. Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мереке­лер­дің қата­рындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсе­­­ті­ніне сенімдімін» деді Мемлекет басшысы.
Елбасы тарихымыздың көптеген беттері құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті. «Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы ­саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айырылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді» деп Нұрсұлтан Назарбаев қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұр­пақтары Қазақ елінің қамқорлығын қазір ай­рықша жылылықпен еске алатынына назар аударды.
«Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан, қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан, батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді» деді Қазақстан Президенті.
Елбасы тарих беттерін парақтасақ, Сталин режімі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қазақстанға жер аударылғанын, оларды жүк вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеліп тастағанын еске салып сөзін былай жалғады. «Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын» деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің тотали­тарлық машинасынан барлығы жапа шеккенін атап өтті. «Біз жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Бүгінде біз – 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Біз бірге қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индустрияны дамытып, жол салып жатырмыз, отбасын құрып, бала тәрбиелеудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Менің тапсырмаммен Ассамблеяның бүкіл елдегі барлық қайырымдылық шаралардың үйлестірушісі ретіндегі рөлі Ұлт Жоспары аясында заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Ассамблея тарихы – біздің достығымыз бен тұрақтылығымыздың тарихы. Алғыс айту күні бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне сенімдімін» деді Мемлекет басшысы.
Елбасы татулық пен келісімде бірлесіп өмір сүру салты, әсіресе, жаһандық экономи­калық дағдарыс жағдайында көші-қон хаосы басталған, этносаралық және әлеуметтік қақтығыстар ушыққан бүгінгі таңда еліміздің ең қымбат тәжірибесі екеніне назар аударды. «Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің Болашағы Біртұтас Ұлт қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрыл­ған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді. Әрбір ауылда, ауданда, қала мен облыста әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық шаралар айрықша мәнге ие» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара барысында Қазақстан Президенті Конституция мен ел заңнамасында ұлттық және діни ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматтардың теңдігі көрініс тапқанына назар аударды. «Заңның осы ережелерін мүлтіксіз орындау керек, оларды қалауынша әлдекімдерге түсіндіруге жол беруге болмайды. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше рөл жүктеледі. Мен орын алған кейбір құқық бұзушылықтарға байланысты бұл туралы айттым да. Біз үш тұғырлы тіл бағытын ұстанып отырмыз және бұл – әлдебіреудің қалауы емес, уақыттың талабы. Мемлекеттік тілді, мемлекет құраушы этностың тілін білуге біз міндеттіміз. Сондықтан да біз қазақшаға балаларды мектептен бастап үйретіп жатырмыз. Біз ағылшын тілін де білуге тиіспіз, өйткені ол – ғылымның, инновация мен ақпараттық технологияның тілі. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін де білу маңызды. Балаларымызға бұл қажет» деді Мемлекет басшысы.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дария

    Есті кісілер жай ғана РАХМЕТ (бар болғаныңа, көз алдымызда қуантып жүргеніңе шүкір жақсы адам) немесе МЫҢ АЛҒЫС (бар жақсылықты тілеймін т.с.с білдіреді білем) тәрізді сөздерге жан жылуын, құрмет пен бауырмалдықты, жалпы кісіні бағалауды қалай сыйғызуға болатынын білсе керек.Байқауымша, осы күні туған елдің төл балалары да қарап қалмапты. Сыйластарға, достарға, қызметтестерге т.б. алғыс айтып, сыйлық жасап, ризашылығын білдіріп, достықтары нығая түсіпті. Алғыс айту күні!1-наурыз!Бұл енді кісіліктің бір жарқын белгісі ғой. Басқа басқа тап осы мереке көңілден шығады екен. Әсіресе, рахметті сұрап алмасаң ақ алғысын сездіруге асықпайтын адамдар үшін осы мереке таптырмас күн болды. Біреу арланады, біреу ұлядаы, әйтеуір ретін таппайтын. Ал мына күн биыл алғаш басталған игі мереке. Президентіміз (бәлкім кеңесшілері) осы мерекені асқан тапқырлықпен ойлап тапқан екен.Түгенше, Пәленше, Кім, Сен, Сіз,қыздар, ұлдар, алаш жұрты…өй, осының бәрі жиылып ел болмай ма? РАХМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!Тауларыңнан сенің, бауларыңнан сенің…Осы ән патриоттықтың әнұранындай болып саналы қазақтың көкейінде асқақтай төгіліп,буырқанып, тасып, одан ұлы далаға — Қызыр атаның назары түскендей әп -сәтте ән тиген жер сиқырлы үнмен сыңғырлай гүлденген далаға тарап,құдіретті таулардың ұшар басына көтеріліп аспанда қалқып тұрып алатындай.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.