Биік өнерімен тамсандырған

Шүкіршілік етейік, қазағымыз әншіден де, сазгерден де кенде емес. Әрқайсысының орны бар. Сондай дарынды өнер иелерінің бірі, Тұрсынғазы Рахимов болатын. Қандай тамаша әндерді өмірге әкелді десеңізші! «Сәби болғым келеді», «Аягөз», «Қазағым-ай», «Ақ бөкен»… Әсерлігі жағынан бірінен бірі өтеді. Бұл әндер халық жүрегінен ешқашанда өшпейді. Демек Тұрсынғазы да елімен бірге мәңгілік жасай береді деген сөз.
Біз баспасөз бетінен композитордың «Қазағым-ай» атты бірінші республикалық фестивалін өткізгенін оқығанбыз. Сол кеште біртуар тұлға «Сәби болғым келеді» әнін жұртшылықпен бірге орындапты. Бұл оның туған халқымен соңғы жүздесуі екен ғой. Асыл ағамыздың өнегелі қырлары жөнінде «Ана тілі» газетінің жуырдағы нөмірлерінің бірінен де оқып едік.
Тұрсынғазы Рахимов бүкіл ғұмырын шығармашылық іске арнады. Ұлттық өнерімізді насихаттауда ерекше еңбек сіңірді. Әсем әндерімен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ұстаз ретінде ол талантты шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Оның өмірі бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Дарынды композитордың әндері туған елінің рухани игілігіне айнала береді.

Ерназар Төлепбергенов
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.