Қалам жетелеген жол

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Елбасының Алғыс хатын иеленген, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ұлттық кеңесінің және Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі болған,  «Ең таңдаулы редактор» сыйлығының иегері.

Саласы көп, түр-түсі, бағыт-бағдары сан алуан мамандық ішінен қарым-қабілетіңе сай келетінін таңдап, оның алғашқы баспалдағына шығарар оқуды көз майыңды тауысып бітірген соң игеруге тырысасың. Жан-жағыңа қарайсың, ізденесің, көзің көргенді көңіліңе түйіп зерделейсің. Осылайша мамандығыңды меңгеру сабағы «жарғақ құлағыңды жастыққа тигізбей» жалғаса береді. Өрнегін өреді, ізін қалдырады, жетелей отырып, мұратыңа жеткізеді. Иә, мамандық таңдау – өмір таңдау. Бұл – заңдылық.
Ал ол қоғамның тыныс-тіршілігін, жүрек лүпілін, бағыт-бағдарын, әлеуметтің әлеуетін зерттеп, уақыт шежіресін тізбелейтін мәртебелі мамандық иесі журналист болса ше… Оның жөні бөлек.
Уақыттың жылдамдығына шек табылмас, бұл ретте әркімнің өз теңеуі мен анықтауышы бар, бәрі де дұрыс. Осыдан жарты ғасыр бұрын алғашқы мақаласы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бетінде жарық көрген шақта балауса көңілі теңіз толқынындай тулаған бозбаланы журналистика әлемінің тылсымы ақ қағаз бен қаламды серік етіп өзіне тарта берді. Күн ойланып, түн толғанып жазғаны тасқа басылып, мыңдаған адам бетін ашып, көз салатын, тіпті туған-туысы, әке-шешесі тұратын үйдің есігінен күн сайын енетін газеттен орын алғаны қандай керемет. Енді оны бәрі – достары, кластасы, ағайын-туғаны оқиды. «Жақыпжанның мақаласы шығыпты» деп бір-біріне айтады. Әсіресе, кіндік қаны тамған Алматыдан шалғайда жатқан Кегенге үлкен жаңалықтай әсер ететіні сөзсіз.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендейін, бұл күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталатын жоғары оқу орнының журналистика факультетін бітірген соң қауырсын қаламына қанат бітірген өзі туған облыстың бас басылымының хатшылығында журналистерге ғана мәлім газеттің «майын» ішуден, яғни қара жұмысқа жегілуден еңбек жолын бастады. Өткен ғасырдағы «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болған коммунистік жүйенің қасаң тәртібі, қатал түзетуі, бір сөзді елексіз жібермейтін жүйелі бақылауы белең алып тұрған шақ. Жүрек оты лаулаған жас буынның саясаты сықиған, тәртібі қатал партиялық газеттен гөрі қаламыңды еркінірек сілтеуге, сұлу сезімге сүңгіп, қиялға ерік беріп жазуға мүмкіндігі мол сол уақыттағы жастарға арналған жалғыз басылым «Ленжасқа» ұмтылуы табиғи заңдылық еді. Газет жұмысының әліппесін облыстық газетте таныған Жақыпжан Нұрғожаев та сол ауылдың мөлдір бұлағынан су ішіп, өмірмен бетпе-бет араласты, тәжірибе жинақтап, қаламы ұшталды. Қазақ журналистикасының тарихына аты алтын әріппен жазылған Сейдах­мет Бердіқұлов сияқты редактордың алдын көрді, бұл күнде алты Алашқа аты мәлім небір отты ауыз, орақ тілді қаламгерлермен иық тірестіріп қатар жүрді, дәмдес-тұздас, сырлас-мұңдас болды. Республиканың түкпір-түкпіріне арнайы іссапармен барып, журналистік зерттеулер жүргізді, оқырман хатын тексерді, шалғайда еңбек көрігін қыздырып жатқан алдыңғы қатардағы қыз-жігіттер, жалынды жастар туралы табақтай-табақтай очерк жазды. Оның бәрі өзінше өмір атты мектептің ұлағаты мен үлгісі, өнеге-өрнегі мол естен кетпес, алға бастаған керемет сабағы болатын.
«Өздеріңізге ұсынған мынау шығармалардың дені жиырма мен отыздың аралығында жазылған дүниелер. Ол бойымызды үміт пен арман, шабыт пен шаттық билеп алған әсершіл кез еді. Дүниенің әрбір сәтіне кіршіксіз таза көңілмен тебірене көз салғанбыз. Махаббатшыл жас жүрек күндіз-түні жыр төккен сыршыл әуенінен жаңылмайтын. Сол ырғақтың бәрін ақ қағазға түсіріп, оның теңдессіз қуанышына кенелу дегеніңіз бақыт құшағына ену екен ғой. Қаламымыз жүрдек еді» деп жазыпты автор 2006 жылы жарық көрген «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары» деген кітабының кіріспе сөзінде. Иә, шынымен де оқыған жанның жан дүниесіне әсер етпей қоймайтын адал махаббат, мейірімділік пен қайырымдылық, берік достықты сақтай білген, ақиқатты жақтай білген замандастарының бейнесін көркемсөзбен өре білген қаламгердің әр шығармасында жастыққа тән тазалық, сұлу сезімге тән мөлдірлік бар. Бір кітаптың арқауы болған бұл шығармалар – «ақырын-ақырын жылыстап, көрінбей кеткен» «Ленжаста» өткен мөлдірлігі мен сұлулығы басым жастық шақтағы «жүрдек қалам» шабысының жиынтығы. Қаламгердің қолынан шыққан басқа кітабы жетерлік, бірақ «тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» деген сияқты жас жүректің лүпілі де басқаша, таным-талғамы да ерекше болатындығымен бағалы бұл кітап.
…Өз сөзімен айтар болсақ, «сол кездегі балаң махаббатының ақ желкені жетелеп» «Қарапайымдылық, жақсылық және ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ» деген қағиданы өткен ғасырдың басында алғаш нөмірі шыққан күннен бастап, бойтұмарына айналдырған, Темірқазықтай сол ұстанымнан айнымай келе жатқан, талай майталман қаламгер қаламының ізі қалған «Жетісуға» басылым сексен деген мерейлі жасқа толатын 1998 жылдың қаңтарында қайтып келді. «Жетісу» газетінің бір ерекшелігі қазақ журналистерін тәрбиелеп, даярлауға да елеулі үлес қосып келе жатқандығы. Оның маңайына топтасқан қаламгерлер «Жетісудың» шеберлік мектебінен өтеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Жетісу» газеті қазақ журналистикасының қаншама қаламы жүйрік көрнекті өкілін тәрбиелеп шығарды десеңізші. Аталмыш басылымда қанат қағып, шыққандар аға газеттер мен журналдарда жемісті жұмыс істеп жүр. Демек, Алматы облыстық «Жетісу» газетін қазақ басылымдары үшін кадрлар даярлап шығаратын шынайы ұстахана десе де болғандай. Көптеген әдебиетшінің де ұшқан ұясы осы «Жетісу». Бұл – басылымның бұрынғы редакторы Баймолда Мұсаның жүрегінен шыққан шын пікірі, талас тудырмайтын тұжырымы. Міне, осындай бет-бейнесі мен беделі басым, тарихы мен тағдыры тереңнен бастау алатын, қадір-қасиетін ел бағалаған, журналис­тер ұстаханасы атанған алып кемеге «капитан» болып, Алматы облысы ғана емес республикадағы бұқаралық ақпарат құралдары ортасында орны мен салмағы ерекше басылымға үйренуші емес, жол көрсетуші, көшбасшы – Бас редактор болып оралды. Бұл еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік тұғырына қонғанымен көз үйреніп, санаға әлі қона қоймаған нарықтық қарым-қатынастың әліппесін түсініп үлгере алмай жатқан құпиялары қадам аштырмай тәй-тәйлеген, әсіресе, көп қиындықтың арасында баспасөз де баспақшылдаған тұс болатын. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендейін, халықтың басым бөлігіне түстік тамақ табу тауқыметке айналған шақта рухани азық іздеу, газет оқу, оған жазылу екінің бірінің ойына да кірмей қалың «жоқтың» ең астында қалғаны жасырын емес. Алмағайып уақытта оқырман тартамыз, селт еткізіп елдің назарын аударамыз деген алдамшы үміттің жетегіне ерген басылымдар бірінші беттен жалаңаш қыздардың суреттерін түсірмеуді, ұлттық дәстүр, құндылықтарға қайшы келетін желбуаз әңгіме, жел сөз, өсек-аяң… жариялағанын бәріміздің көзіміз көрді: ұялдық, «бетті бастық, тұра қаштық», үңілдік, түңілдік… түсінбедік.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезіне бастаған шақта «төртінші биліктің» тұтқасы саналатын бұқаралық ақпарат құралдары да бұрынғы таптаурын болған жолдан шығып кең тақырыпқа, ауқымды мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қалам сермей бастады. Шығармашылық еркіндік, пікір тайталасы осы екен деп «артық қылудың орнына тыртық жасағандар» да болды. Тәуелсіздікті бет перде жасаған басылымдар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Олардың қолтығына су бүркіп, бағыт-бағдар, тек өзінің ғана қалтасының қамын ойлайтын қолдаушы, қор­ғаушыларының болғаны да жасырын емес. Міне, осындай мезгілдің тұтас қоғамға келтірген аласапыранынан, саяси шудан, алып-қашпа сан түрлі әңгіме туғызып жатқан тұрақсыздықтан шаршаған, екі қолға бір күрек таба алмай нан тауып жеу қаракетінің күйбеңінен екі иіні иілуге айналған қауымның рухына сүйеу болар шақ еді. Жұрттың жүйкесін жұқартатын «өлтірді, ұрлады, тонады, қорлады, зорлады…» тағы басқадан гөрі сананы сергітетін, ой салып, үмітіңді жетелейтін, тарихыңа үңілтіп жігер-намысыңды қайрайтын, ауылың мен аяулыңды аңсатып, сезіміңді оятатын мақалалар қажеттігіне ұжымдағы әр журналистің көзін жеткізуден бастаған Жақаң әуелі шығармашылық еркіндікке, ізденіспен із салуға ұмтылды. Әрине, жылнамасы өткен ғасырдың он сегізінші жылынан бастау алатын, тарихтың сан алуан сынағында сүріндірмеген алдыңғы буын сүрлеуінен, қалыптасқан дәстүр үрдісінен жаңылмай өз жолыңды айшықты ету айтқанға ғана оңай.
Газет – дәуір үні, заман жылнамасы. Қоғам дамуымен бірге оның да бет-бейнесі түлеп, уақыт ағымымен, оның жаңаша ескен лебімен біте қайнасуы қажет. Алайда газет пен уақыттың байланысы біржақты болмақ емес. Газеттің уақытқа көрсетер өз ықпалы да бар. Оның жарқын да маңызды істерінің ізі ұзақ уақыт сақталып, келешекке деген сенімді ояту арқылы жарқын күндердің шамын жағары хақ. Оның өзі журналистерді жаңалыққа жетелейді. «Газет–бір күндік, сөзі мың күндік» деген тәмсіл міне, осылайша оның күнде жаңа болатындығын, замандастарының санасы мен ісінде қалдырған ізінің өрнегін, алдағы күні жас ұрпақтың жадында жаңғырарын меңзесе керек. Оның ізі, оның ықпалы деген сөз –қоғамның алға жылжуына қатысты кез келген жаңашылдық пен бастаманы, барша қауымның, жалпы халықтың игілігіне айналатын жаңалықты, өмірдің шынайы шындығын қапысыз қорғау, әділдікті табандылықпен қорғау, өзіңнің емес өзгенің мүддесі мен құқына деген ымырасыз күрес, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне, әлеуметтік-экономикалық даму жолына кедергі келтірер кез келген келеңсіздік, сүріндірер селкеулікке қарсы тұру. Мұндай дәстүрлі жол сәл ғана уақыттан соң, яғни екі жылдан кейін ғасырлық тойын атап өтер «Жетісу» газетіне де тән. Басылымның алғашқы саны 1918 жылы 21 маусымда «Жетісу ісші мұқбыры» деген атпен жарық көрген. Ол жергілікті ұлт тілінде шыққан тұңғыш өлкелік газет болып саналады. Кейін «Көмек», «Ұшқын», «Кедей еркі», «Сталин жолы», «Тілші», «Коммунизм таңы» деп аты өзгерсе де мазмұн-мәні, мақсат-мұраты ұлт мүддесінің қорғаушысы, жанашыры ретінде жалғасын тапты. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертеңнің болмайтындығының айқын бір дәлелі.
Басылымның өткен жолы ең алдымен газетті жасаған адамдардың, оны дайындауға атсалысқан авторлардың ісімен бедерленетіні ақиқат. Бұл ретте айтар болсақ, өмірі елсүйгіштігі, ұлтжандылығымен бағалы Т.Бокин, С.Аббасов, О.Жандосов, Ғ.Мұратбаев, М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сынды Алаштың ардақтыларының қаламынан туған жүрек сөзі, көңіл терезесі, сана сәулесі басылым арқылы көзі ашық оқырманның ойына ой қосты, жолына нұрын төкті. Абыздар бастаған осынау жолды жүз жылға жуық тарихта өз ерекшелігімен есте қалғандар тізімін жалғастырар болсақ, қанша болатынын елестетудің өзі қиын. Міне, осындай бір кездері есігін имене ашып, табалдырығын жүрексіне аттайтын қазақ баспасөзі қарашаңырағының төрінде отырудың салмағы ауыр, жауапкершілігі зор екендігі белгілі.
Тәуекел түбі – желқайық.Талай жақсы мен жайсаңның, қалам ұстаған журналист пен жазушының, ұлағаты мол ұстаздың алдын көрген, көргені мен оқығанын көңіліне түйген Жақаң енді соның бәрі өзіне көмекке келетініне сенді. «Қолы білген құм үстінде де кеме жүргізеді» демекші, Жақыпжан Мысабекұлы жаңа заман, қоғам, уақыт талабын сезіне білді. Оның үдесінен шығу үшін ұжымда үлкенге де, кішіге де ортақ қарым-қатынас, ізденемін, жазамын дегеннің аяғына тұсау қоймай, бетінен қақпау, қандай да болсын айтылған ойдың жерде қалмауын назарда ұстады. Жылт еткен жақсы тақырып пен тұщымды тұжырымға мән беріп, оның авторын көтермелеп-қолпаштау арқылы жігіттерін жетелеп, қыздарын қуантып отыруы журналистерді қанаттандырды, ізденіске ұмтылдырды.
Үлкен ұжымның, шығарма­шылық ұжымның жарты­сынан астамы қыздар болды. Нәзік жандарға ерлермен иық тірестіріп қатар жүрген ортада ерекше ілтипат қажет. Бұл – сөзден сарай салатын, сөз қадірін түсінетін, орынсыз айтылған бірауыз сөздің тура атылған оқтай әсері болатын орта. Ойланбай орынсыз айтылған жалғыз сөз ұнжырғаңды жерге түсіріп, әдемі әзіл мен астары айшықты қазақы қалжыңның көңіліңді көкке самғатуы қас-қағымда. Сол себепті өзі де, әріптестеріне де осыны үнемі жадында ұстауды, бір-бірінің көңілінен су ішіп үлкеннің үлкендей, кішінің кішідей қалыпты сақтауын қалыптастырды. Тіпті көзге көрініп, елене бермейтін газеттің техникалық жұмыстарын атқаратындардың да еңбегін елеп, әрқайсысының жағдайын сұрап, зер салатындығы жемісін бере бастады. Газеттің түр-сипатында, мазмұн-мәнінде, тақырып шеңберінде, жазу мәнерінде жаңа үлгі, соны серпін қалыптаса бастады. Газет аптасына үш рет – 8, 16, 24 бет болып (А–3 форматта) шығатын халге жетті. Жаңа айдарлар, тың тақырыптар пайда болды. Беттерінің дизайны өзгерді. Осы жылдары өмірге жолдама алған айына бір рет тұрақты түрде шығып тұрған жастардың «Замандас», ұстаздар қауымына арналған «Зерде», отбасылық «Шаңырақ» арнайы беттері ұжым бірлігі, ынтымағы мен шығармашылық тұтастығының жемісі еді. Оның бәрі газетті оқырмандардың ризашылығы мен ілтипатына бөледі. Мұндай арнайы беттерге қоса ата-бабаларымыздың өрлікке, ерлікке толы өмір жолын өрнектейтін «Тарих тағылымы», «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран», т.б. айдарлармен берілетін мақалалармен қатар тәлім-тәрбиелік мәні зор нақыл сөздер мен қазақы қалыпты қанға сіңіретін «Саф ойдың саябағынан» әр адам өз қажетін тапты, көңіл көкжиегін кеңейтті. Бұған бұл ретте редакцияға күн сайын келіп жататын хаттардағы алғыс, ризашылықтар легі куә еді.
Іс нақтылығын, ар тазалығын, білім кеңділігі мен қиял ұшқырлығын жас ұрпақ бойына сіңіру арқылы оқырман қатарының қалың ормандай көбеюін редакция ұжымы осылайша жұмыла қолға алды. Небір тың тақырыптар, қазақ баспасөзінде алғаш болып авторлық жобалар жарық көрді. Жыл бойы жүргізілген мұндай жобалар тіпті кітап болып та басылғанын көз көрді. Алматы облысы әкімінің қолдауымен қаншама журналист жылдар бойы қаламынан туған әңгіме, новелла, суреттеме, ақындар өлеңдерін жинақтап бір-бірден, кейін тіпті жыл аралатып кітап шығаратын халге жетті. Шығармашылық өрлеу, жаңару, қалам қарымының артуының шынайы көрінісі болар кітаптар кітапханалар қорын арттырып, өз оқырмандарының көзайымына айналуда. Олардың қатарында газеттің бүгінгі бас редакторы Әміре Әрін, оның орынбасарлары Нүсіп Әбдірахым, Жұматай Әміреев, отыз жылдан астам уақыт «Жетісудың» ыстығына күйіп, суығына тоңған Жанкүміс Жәмеңке, Нұржамал Әлішева, Шолпан Жұмаділова, Болат Абаған, Қажет Андас және басқа журналистердің шығармалары бар.
…Барша халықтың сүйіспенші­лігіне бөленген, жалпақ жұртының жүрегіне ұя салған, қазақтың қара өлеңінің Хантәңіріндей биік шыңына айналған Мұқағали Мақатаевпен бір топырақтан жаралған Жақыпжан Нұрғожаевтың қаламгер, болашақ ұрпаққа қажетті бұлақ көзін ашқан азамат, баспа ісінің білгірі ретінде айтпай кетуге болмайтын бір ісі – республикалық «Мұқағали» журналын жарыққа шығаруы. Өмір бар жерде өлімнің ере жүретінін ерте мойындаған, тал бесік пен жер бесіктің аралығында адам баласын ішкенге мәз, жегенге тоқтықтан жиіркентіп, парасат патшалығы – ізгілік ізі, имандылық жолы екендігін өрнектеумен өткен шайыр шығармаларының ұлағаты мен мазмұн-мағынасын ашуда бұл басылымның он жылдан бері атқарып келе жатқан ісі ұланғайыр.
Бәрін де қойшы…
Бәрі де өтер тоқтаусыз,
өмір ме өмір?
өнбей де өспей жоқ-барсыз?
Кезегім келіп, кеткенде келмес
сапарға,
Хабарсыз, ізсіз қалмасам
екен жоқтаусыз…
Міне, иненің көзіндей сәулесі бар санаға ой тастар жетелі сөздің жөні. Бұл күнде биліктегілер нұсқау айтып, жырын жаттаңдар, кеш өткізіңдер, тағысын-тағы деп тапсырма бермесе де туған халқының тарихын, елдік ерекшелігі – салт-дәстүрі, тілі мен ділін, иманы мен дінін ерекше бағалаған Мұқағали ұлтымен күнде бірге, ұрпағының ой-санасын билеп алған. Тамыры өзі сүйген халқымен мәңгі бірге қосақталған шайыр әр жүректің түкпіріне құндақталған қазына сырына ортақтасып жырлары арқылы ХХІ ғасыр өренімен сыйлас, сырлас болуда. Осы жолда, яғни ақынның «хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз…» деп келешекке қалдырған аманатының жүзеге асуында Жақаң бастамашыл болып отырған «Мұқағали» журналының, «Мұқағалитану бастауы» жобасының шоқтығы биік. Бұл бағытта қаламгер өзі де арнасын тапқан ағын судай екпінмен қалам тартуда. Оған соңғы екі-үш айдың ішінде ғана «Жас Алаш» газетіндегі «Бала – ғашық», «Егемен Қазақстандағы» «Мұқағали, Әбіш және Асқар Сүлейменов», «Президент және халық» оқырмандарымен қауышқан «Ақынды ақын оятпаса болмайды» деген шығармалары куә.
…Жетпіс жас. Бұл уақытта ол талай өткелектен өтті. Басын қырау шалғанымен жүрекке әжім түсірмеуге, қаламның қарымын төмендетпеуге тырысу – басты мұраты.
«Ең бірінші бақытым –
халқым менің,
Соған берем ойымның
алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын,
қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан
нарқым менің!» деп,
Мұқағали ақын жырлағандай өмір мектебінен алған сабақтарын, журналистика талаптарын, көрген-білгенін таным-талғам таразысынан өткізіп халқына, қалың оқырманына жеткізуге ұмтылуда. Азамат болып, ат жалын тартып мінген соң адам өмір жолында үлкенді-кішілі талай жанмен жолығады: оның бірімен дос, екіншісімен әріптес, енді бірімен тумаса да туғандай бауыр боласың. Менің өмір жолымда да небір ғажайып: ақыл айтса телегей-теңіздей, жөн сілтесе шамшырақтай, жол көрсетсе бағдаршамдай жандар жолықты. Солардан үлгі-өнеге алуға, болмасам да ұқсап бағуға, көңілдерінен шығып шеберлігімді, білім-білігімді арттыруға тырыстым. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деп халқымыз ежелден ұрпақ буыны арасындағы жарасымдылыққа жете мән беріп, қоғамдағы тұрақты ахуал мен тату тұрмыстың, бұлжымас тәртіп пен бұра-жармас тәлім-тәрбиенің кепіліне санағаны белгілі. Міне, осындай жарасымдылық пен өзара сыйласым, түсінушілік үлгісін қазақ баспасөзінде ерекше орны бар Алматы облыстық «Жетісу» газетіне он алты жыл басшылық жасаған Жақыпжан Нұрғожаев арқылы сезіндім. Оның біз таныған, өзгеге жеткізуге асыққан біліктілігі мен ұйымдастырушылығы осындай. Енді қадірлі оқырман, оны сіз де білетін болдыңыз.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.