«Ишан» сөзі қандай мағына береді?

Ислам діні түркі халықтарына тікелей арабтар арқылы емес, түркілер мен арабтар арасында көпір болған парсы жұрты арқылы тарағаны тарихтан мәлім. Парсылар түркі жұртына ислам дінімен бірге ислам мәдениетін әкелді. Осылайша екі халыққа ортақ ислами мәдениет қалыптасып,  ортақ мәдени кеңістік қалыптасты. Түркілер дінмен бірге парсылардан араб-парсы жазуын қабылдап, өз тілдерінде тамаша ислами әдебиет туғызып, ислам өркениетіне өз үлестерін қосты. Қазақ тіліндегі діни терминдердің басым көпшілігі араб тілінен кірсе де, негізгі, кең қолданыстағы терминдер парсы текті. 

Тілімізде кең қолданысқа ие құдай, пайғамбар, бесін намаз, намазшам, құптан намаз, ораза, күнә, періште және т.б. сөздер бұған дәлел бола алады. Бұл ата-бабаларымыздың Құранды арабша оқи отырып, шариғат негіз­дерін парсы тілінде оқып-үйренгенін көрсетеді.
Осындай тілімізде діни термин­дер қатарында саналатын, парсы сөз­дерінің бірі – ишан сөзі. Қазақ тілінде беретін мағынасы төмендегідей:
Ишан зат.діни. 1.Халық арасында діни сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарып жүрген діни сауатты адамға берілетін қазы, имам тәрізді лауазым болып саналмайтын діни атақ. Бұл жақтың ишаны, хазіреті көп болады екен (М.Дулатов, Шығ). 2. Діни ғұлама, діни ұстаз. Ишандардың шәкірттері (муридтер) болды (Қ.С.Э) [ҚӘТС7. 391].
Қазіргі парсы тіліндегі мағынасы­мен салыстырсақ, дінге еш қатысы жоқ, олар мағынасындағы кең таралған есімдікті көреміз:
ایشان (ишан, классикалық тілде – ешан, орта парсы тілінде – әвешан), есімдік. Олар (3-жақ, көпше түрдегі жіктеу есімдігі), кейде жекеше түрге құрмет ретінде қолданылады [М1. 416; Д2. 574].
Бұл сөз тілімізге кіргенде неге бастапқы мағынасынан ажырап кеткен деген сұрақ ирантанушылар арасында бұрыннан айтылып жүретін. Өткен жылы Иранның Шахид Бехешти университетінде өткізген ғылыми іссапар барысында әйгілі «Эсрар-от-тоуһид» кітабынан бұл сұрақтың жауабы табылды. Осы кітаптың Тегеранда «Агаһ» баспасынан 1367/1988 жылы шыққан нұсқасының 16-бетінде төмендегі жолдар бар: …شیخ ما، هر گز خویشتن «من» و «ما» نگفته است، هر کجا ذکر خویش کرده است گفته است، «ایشان» چنین گفته اند و چنین کرده اند. (…..Шейх-э ма, һәргез хиштән «мән» вә «ма» нәгофте әст. Һәр коджа зекр-э хиш кәрде әст, гофте әст: «ишан» ченин гофте-әнд вә ченин кәрде-әнд ) – ….Біздің шейхымыз, ешқашан өзі туралы айтқанда «мен» және «біз» деген емес, «олар» деп айтатын және істейтін.
Осы жоғарыдағы мысал қазақ тіліндегі ишан сөзінің шыққан төркінін айқындап беріп отыр. Иран әдебиеті тарихында мойындалған алғашқы танымал сопы, парсы сопыларының атасы Әбу Сейд Әбулхейр өзіне қатысты «мен» немесе «біз» сөздерінің орнына «олар» сөзін қолданған екен. Кейіннен мәшһүр сопының өмірі жөнінде оның ұрпақтарының бірі «Эсрар-от-тоуһид» деген атпен жоғарыда аталған кітапты жазған. Жоғарыдағы сілтеме осы кітаптан алынып отыр. Соған қарағанда оның жолын қуушы ізбасарлары, яғни одан кейінгі сопылар да ұстаздарына еліктеп, өздерін ишан деп атаған сияқты. Ендеше, түркі жұртынан шыққан сопылардың ұстаздары ирандық сопылар болғанын ескерер болсақ, бұл сөз түркі тілдеріне молда, ахун мағынасында кірген болып шығады.

Айман Боранбаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.