Түркология жауынгері

Әдебиет сыншысы, түрколог ғалым Құлбек Ергөбек бірсыпыра уақыттан бері «Түрікстан жинағы» деген атпен түріктану бағытында дәстүрлі кітап шығарып келеді. Жинақ бір қазақ елі ғана емес, күллі түрік дүниесінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, тұлғалары жайында жазылған дүниелерден бас құрайды. «Түрікстан жинағының» кезекті төртінші кітабына тарихи тамыры бір – туыс Саха халқының ғалымы Николай Иванович Васильев тарапынан жазылған алғы сөзді аударып беріп отырмыз.
Біздің алдымызда Халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан үзбей жарық көріп келе жатқан мейлінше толымды «Түрікстан жинағы» (Түрікстан. Түрік әлемі) сериялық кітабының кезекті төртінші томы.Әдебиет сыншысы, түрколог ғалым Құлбек Ергөбек бірсыпыра уақыттан бері «Түрікстан жинағы» деген атпен түріктану бағытында дәстүрлі кітап шығарып келеді. Жинақ бір қазақ елі ғана емес, күллі түрік дүниесінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, тұлғалары жайында жазылған дүниелерден бас құрайды. «Түрікстан жинағының» кезекті төртінші кітабына тарихи тамыры бір – туыс Саха халқының ғалымы Николай Иванович Васильев тарапынан жазылған алғы сөзді аударып беріп отырмыз.
Біздің алдымызда Халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан үзбей жарық көріп келе жатқан мейлінше толымды «Түрікстан жинағы» (Түрікстан. Түрік әлемі) сериялық кітабының кезекті төртінші томы.

Серия негізі 2010 жылы қаланған. Серияның алғы томдары қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркие және басқа да бауырлас түрік ұлт-ұлыстарының әдебиеті, жалпы мәдениеті жайында. Нақтылап айтар болсақ, ол жинақтағы мақалалар арқылы қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әбіш Кекілбаев, ХХ ғасырдың аса көрнекті түркологтары Э.Нәжіп, Б.Кенжебаев, қырғыз жазушысы Түгелбай Сыдық­беков және басқалармен танысар еді оқырман. Ұлы Шыңғыс Айтматов («Шыңғыс шыңы»), өзбекстан халық жазушысы Адыл Яқубов, Насыр Фазылов, ғалымдар қырғыз Абдылдажан Акматалиев, түркиелік Намық Кемал Зейбек, алтайлық Шот Еншинов, саха Максим Аммосов өзге де түрік әлемінің ірі тұлғалары жайында шығармашылық портреттер орын алған.
Жинақтағы мақалалар тарихи тамыры бір туыс халықтардың тек өткені туралы ғана емес, бүгіні, бүгінгі әдебиеті туралы да. Әдебиеті туралы ғана ма? Жоқ түрік халықтарының тұтас мәдениеті туралы. Мәдениеттану жинағы деу­ге де болады. Белгілі бір халықтың ғасырлап жинақталған асыл қазыналары сақталатын музейлерден репортаж түрінде де материалдар беріледі. «Еділ бойына саяхат» сафари жазбасы татар, башқұрт, шуаш ұлт-ұлыстары, «Соңына патшалары музейлер қалдырып өткен өлкеде» аталатын жазбалары Түркие музейлері туралы. Тіпті түкпірдегі бір шағын музейдің кездейсоқ бір экспонаты түрік ұлт, ұлыстарының өзара туыстығы туралы тарихқа айналып сөйлеп, шемен шерді қозғап, рухыңды оятып өтуі әбден мүмкін емес пе?! Автор жазбаларында осындай тұстарды оятып сөйлейді. Түрік халықтарының тарихи тамыры бір, өздері тағдырлас екеніне сендіре сөйлейді.
Бір қуанарлығы жинақтағы мақа­ла­лар қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркие, татар, башқұрт, саха дегендей әралуан тілдерде беріліп отырады. Түрік ха­лықтарының өзара туыстығы, тарихи тамырға деген тең құқықтығы жайлы ой осылай жинақталып, осылай нығая береді.
Түріктерді дәйім бөлектеп бөлшек­теумен келеді. Олай ету кезең-кезең билеушілеріне тиімді болған. Бүгінгі таңда олар Беринг бұғазынан Жерорта теңізіне дейін аймақтарға бөлініп, шекаралары шегенделген. Олардың тарихы адам ажыратып болмастай бұрмаланып, ұрпақтар жадынан ұмыттырылған. Аттила империясы кезеңінен (V ғасыр) түрік халықтарын бір-біріне айдап салу тынымсыз жүріп келеді. Ал біз тарихи тамырға ұмтылуымыз керек. Халықтар достығы бірін-бірі танудан, бір-бірінің салт-дәстүрін құрметтеуден басталады. «Түрікстан жинағы» міне осындай асыл мақсатқа арналады, осындай ізгілікті адамгершілікті іске өз үлесін қосады.
Осындай құнды еңбектің авторы танымал түрколог, әдебиетші ғалым филология ғылымының докторы Құлбек Ергөбек. Менің ойымша, ол осындай еңбегімен тек өзінің туған қазақ халқына ғана емес, сонымен қатар тұтас түрік жұртына, тіпті барша адамзатқа адал қызмет етіп отыр деп ойлаймын. Өйткені ол жасаған зерттеулер мен жазған көркем деректі дүниелер қазақ халқының рухани жан әлемін барша әлем халықтарымен туыстыра түседі. Ғылым және әдебиет адамының басты мұраты да осы болса керек.
Оны Шыңғыс Айтматов та 2002 жылы Құлбек Ергөбекке жолдаған хатында: «Ты был и остаешься талантливым ученым, чутко улавливающим цену слова, красоту стиля, качества, которыми, к сожалению, владеют далеко не все литераторы. Еще одно твое замечательное качество, вызывающее всеобщее уважение, так это ты никогда не замыкался одной лишь родной литературой, а выступаешь как тонкий знаток и арбитр литератур нашей Центральной Азии» деп жақсы айтыпты.
Далада мал баққан қарапайым майдангер шопан отбасында өмірге келген, Сырдария бойында – жайлауда са­йын дала тәрбиесін, халықтың барша даналығы мен мәдени байлығын бойы­на сіңірген ол Түркістан тумасы. Кейін келе Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті болды. «Туған жерге туыңды тік!» («Где родился, там и пригодился) деген осы! Түркістанда 2004 жылы ол «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» экспозициялап қолымен құрды, 2007 жылы өзінің жылдап жинаған жеке кітапханасы қорымен «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» ұйымдастырып жасақтады. Әлемнің әр шалғайынан келіп білім алып жатқан студенттер енді Түрік халықтары музейін тамашалап, күллі түрік халықтары әдебиетімен еркін таныса алады Түркістанда. Барлық жерде бірдей мұндай мүмкіндік қайдан болсын?! Басқа жерде мұндай мүмкіндік жоқ қой. Түркологиялық конгреске дүниежүзінен келген түрколог ғалымдар «Түрік халықтары музейі» мен «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» жайында таңғала тамаша пікірлерін жазып қалдырып отырады. Оқып жаның рақаттанады. Ол ұйымдастырған түріктану музейі мен «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» мән-маңызы күн санап арта берері күмәнсіз. Қазақтың мақалдары мен мәтелдерін тұңғыш рет альфавиттік жүйеге түсіріп, арнайы кітап етіп бастыруынан-ақ оның танымының халықтық тарихи терең тамырлы екенін анық көруге болады. Осының баршасын жинақтап айтсам, Құлбек Сәрсенұлы жемісті атқарып келе жатқан осыншалық істер күллі түрік халықтарының мәдениетін өзара байланыстыру, бір жерге жинақтау болып табылады! Не деген жанкешті еңбектер!
Талдауға құра жазатын сыншы мінезіне қарай образды түрде оны «әдебиет дегустаторы» атауға болар. Ал әдебиет дегустаторы дегеніміз – әдебиетпен бірге, сол халықтың тарихын да терең меңгеріп, жақсы игеруге міндеттейді. Нәзік талғайтын да жіті талдайтын эстет болуды тілейді. Кейде прозашы, кейде аудармашы болып бой тастайтын сыншыны осы қасиеттерді толық меңгерген деп айта аламыз. Оның шығармалары көп тілдерге аударылған. Айталық, «Жазушы шеберханасы» аталатын монографиясы 2002 жылы өзбек тіліне аударылып басылды.
«Түрікстан жинағы» сериясының әр томы әдебиеттің жеке жанры табиғатын таразылауға арналатыны болады. Олар балалар әдебиеті, поэзия, проза, әдебиеттану мен сын әлемі болып жалғасады. Жинақтағы еңбектер кеңселік қасаң тілмен емес, ғылыми көңілсіз стильмен де емес, оқырманды еліктіріп ала жөнелетін, содан да кім-кімнің де жүрегіне жететін жанды стильмен жазылған. Мұны оқымысты жазушының кәсібилігі деп қарағанымыз жөн.
«Саха азаматы – қазақ қайраткері» аталатын мақаласы маған ерекше ыстық. Олай болатын себебі, автор 1932-37 жылдары Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарын бірінші басшы болып басқарған саха революционері Максим Кирович Ам­мосов қайраткерлігін терең талдайтын тарихшы тұлғатанушы ретінде мойындатады. Аммосов Исидор Барахов, Платон Ойунскиймен бірқатар Якут республикасын құрушының бірі еді. Тағдырдың айдауымен туыс Қазақстанда, сосын Қырғыз АССР-інде басшылық жасады. Жалынды жас азамат өмірінің көп беті әлі Қазақстанға белгілі емес, сондықтан Құлбек Ергөбектің ойлы отты мақаласы тарихи тамырлас Қазақстан мен Якутия арасын рухани сабақтастыратын рухани көпір болады деп білемін.
Өз басым Құлбек Сәрсенұлымен 2010 жылы танысқан сәтте оның алдына қойып отырған ұлан-асыр істерінен хабардар болған едім. Ойға алған арманының соншалық көптігіне таңғалып, жүзеге аса қояр ма екен? – деген ойда болғанмын. Әлемнің көптеген түрколог ғалымдары қиялдай армандаған сол істер бүгін Түркістандай киелі жерде нақты, затты күйінде жүзеге асып отырғанына таңғаламын. Құлбекті ХІV ғасырда Әмір Темір салдырған мавзолейде мәңгілікке дамылдап жатқан түрік халқының ұлы гуманист ойшылы, ағартушы Ахмет Ясауи рухы желеп жебеген шығар деп ойлаймын.
Құлбек Ергөбектің «Түрікстан жинағы» күллі түрік халықтары мәдениеті мен тарихын дамыту жолындағы ұлы құбылыс! Автор жылына алпыстан астам деректі мақалалар, деректі көркем шығармалар жазады. Сериялық еңбектің кезекті кітаптарында автордың шығармашылық жоспары жүзеге аса береді деп ойлаймын. Оның мына тамаша кітабы түрік халықтарының бұдан әрі шығармашылық тығыз байланыста өркендеуіне қызмет ете береді. Ол түркологияның тайсалмас баһадүр жауынгері!

Николай ВАСИЛЬЕВ,
академик

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.