Жазу – мәдени мұра

Қазақ есімдері мен жер-су атаула­рының қазақ әдеби тіл нормасына сай дұрыс жазылуы, таңбалануы, басқа тілдерге (орыс, ағылшын тілдеріне) дұрыс транслитерациялануы – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Бұл орайда ұлттық ономастика – өткен күн мен болашақтың жүгін арқалап келе жатқан сала деп айтуымызға толық негіз бар.
Кісі есімдері мен тарихи қалып­тасқан жер-су атаулары ғасырлар бойы өз бойында тарихи-мәдени ақпараттарды сақтап келгені белгілі. Осынау құндылықтарымызды сақтап қалу, оны әрі қарай жалғастырудың кепілі – қазақтың жер-су атауларын тілдің нормасына, емле ережелеріне сай дұрыс жазу, таңбалаумен тығыз байланысты.
«Жазу – мәдени мұра. Ол ең алдымен тіл мәдениетінің бүгінгісі мен ертеңгісін қамтамасыз етуге тиіс» деген М.Балақаевтың сөзі қазақ ономастикасы саласының өзекті мәселесін аңдатып тұрғандай.

Академик Р.Сыздық: «Қазақ емлесі мен сөзді дұрыс дыбыстауға қатысты күні бүгінге дейін орын алып келген қиындықтардың түптөркіні 1929 жылы араб жазуынан латынға, 1940 жылы латыннан криллицаға көшкен кезде әрі қауырттықтан (екі сәттің де саясат тоқпағынан «от ала келгендей» тездікпен орындалғанын білеміз), әрі сол кезде тіл, жазу, сөзді дұрыс айту мәдениеті дегендердің ғылыми танымдары қалыптаса қоймағандығынан туған жайттарда жатқанын айту керек. Тіпті бұл күндердің өзінде тіл мәдениетінің оның өзекті проблемасы – норма дегеннің теориялық негіздері түгел қаланып, практикалық шешімдері түгел жүзеге асып болған дей алмаймыз» деп жазғанында үлкен мән бар.
Бұл мәселеге орай тілші ғалым С.Аманжоловтың да салиқалы пікірін келтірсек артық болмас деген ойдамыз. Ол «Араб әліппесін жамаудан түк шықпайтынын, латынға көшудің керектігін ХІХ ғасырда Персияда бірінші рет қойған Малкомхан болса, түрік системалы тілі бар халықтар ішінен әзербайжандық жазушы-драматург Мирза Фетх-Али Ахундов (1863) деген адам болды. Бірақ олардың заманында бұл сияқты ірі реформаға жол берілмейтіні мәлім ғой. Араб әліппесі қанша кесірі болса да, көп заман қолданылып келді. 1922 жылы Октябрь революциясының артынан-ақ, Әзербайжанда араб әліппесіне қарсы қозғалыс қайта басталады. Мұны бастау­шы революционер, большевик Ағамалы оғлы деген адам болды. Мұның идеясы бүкіл Советтер Союзындағы елдерге оның ішінде біздің қазақ еңбекшілеріне келіп жетеді… 1926 жылы Бакуда бүкіл түрік системалы тілі бар елдердің бүкілодақтық съезі болды. Мұндағы күрделі мәселесінің бірі – латын әліппесіне көшу мәселесі еді. Съезге қатынасушы ұлтшылдар мейлінше қарсылық пікірлерін айтты. Бірақ Совет оқымыстыларының көпшілігі болып, латын әліппесін қуаттап, қарсы алды. Қаулыда: «латын әліппесі прогрессивтік нәрсе, оның алынуы, оның іске асу жағы жергілікті жерлерде қарастырылып, баспалардың тәжірибелері пайдаланылсын…» деген еді. Ұлтшылдар латын әліппесін алдыртпау жағын ерекше қадағалады. Осының салдарынан да біз латын әліппесіне басқалардың көбінен кейін көштік (1929 жыл, январь)… Араб әліппесінің қиыншылықтары, ауырлықтары, азаптары арқасына батқанның бірі болған қазақ еңбекшілері, 1929 жылы латынға көшіп, көзі жарқ етіп ашылғандай болды. Бірақ та, бұл көшудің өзінде де кемшіліксіз болғанымыз жоқ» (Аманжолов С. Тіл және жазу. – Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2005. – 404 б.)
Жұмысымыздың материалы ретінде 1931 жылы шыққан «Әйел теңдігі» журналынан және 1940 жылы шыққан «Социалистік Алтай» газетінен антропонимдер мен топонимдердің латын әліпбиі бойынша жазылуын қарастырдық.
1931 жылы шыққан «Әйел теңдігі» журналының №1-3 нөмірлерінде пунктуацияға аса мән берілмегенін байқаймыз. Журналдағы мақалаларда бас әріп мүлдем кездеспейді. Жалқы есімдердің барлығы кіші әріппен жазылған. Бұлайша жазу үрдісі араб жазуының әсерінен болуы мүмкін. Араб жазуындағы тыныс белгілер жайында Р.Сыздық мынандай пікір айтады: «Жазба мәтіндерде тыныс белгілерінің ережелерін түзу (жасау) және оны пайдалану проблемасы қазақ мәтіндерінде ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында көтеріліп, ХХ ғасырдың басында дұрыс, сауатты жазу үшін пунктуация өте қажетті проблема екендігі орнықты. Араб таңбалы жазуда тыныс белгілерінің жоқ болғандығы, бас әріп таңбасының жоқтығы мәтінді дұрыс жазуға, түсініп оқуға кедергі келтіретіндігі сөз болды. Әсіресе «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттері жарық көре бастағанда, тыныс белгілерін қолдану әрекеті бас­талды. «Синтаксистік тұтастық» (период) деп аталатын мәтін сегменттерін (бөліктерін) айырып азат жолдан (абзацтан, жаңа жолдан) бастап жазу да осы кезде көрінді. А.Байтұрсыновтың оқулықтары мен еңбектерінде, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» газеттерінде кеңінен орын алды. Араб жазуымен ұсынылған мәтінде орын алмаған (және орын алуы мүмкін де емес) мәселе – бас әріптің қолданылуы болып қала берді, сондай-ақ дефис пен сызықшаның қолданысы, оқшау сөздердің сөйлемдегі өзге сөздерден тыныс белгілерімен, көбінесе үтірмен бөлектетіліп көрсетілуі сияқты пунктуацияның жеке тұстары да әлі айқындалып, тұрақталмағандығы көрінді».

002
Журналда барлық сөйлемдер кіші әріппен басталғанымен, мақала мәті­ніндегі жаңа логикалық ой азат жол арқылы бөлініп отырған. Ал журналдың №11-12 нөмірлерінде кісі аттары, жер-су аттары, жалпы жалқы есімдер бас әріппен беріліп отырған.
1929 жылы қабылданған латын әліпбиінде сөздердің жуан не жіңішке айтылуына байланысты қабылданған ij, ьj, uv, yv қос дыбыстар біраз дау тудырған. Кейінірек бұл қос дыбыстарды бір ғана «i», «u» таңбаларына ауыстырылды.
«Әйел теңдігі» журналында ij, ьj, uv, yvқос дыбыстармен жазылған антропоним, топонимдер кездеседі: nurim kelini qazьjna, Qanapьja ǝjeli Bǝʙic, ijbano basnesen, ʙǝkyv.
Журналдың аталған нөмірінде Çetpispaj qьzь және Çetpisʙaj qьzь деп екі түрлі жазылған, яғни алғашқысында «р» (п) таңбасымен берілсе, соңғысында «в» (б) таңбасымен берілген.
Берілген кісі аттарының тізімінен байқағанымыз, 1931 жылы кісі есімдерін жазуда ер кісі есімін жазғанда ulь-ұлы (өtep ulь, toqtaʙaj ulь, Çangeldi ulь, Aqьmet ulь) деп көрсеткен, ал әйел адамның есімін жазуда қызы не әйелі, не келіні (Çetpispaj qьzь, Çumaƣul qьzь, Әʙeken qьzь, Çolman qьzь, Çyrgenʙaj ǝjeli ʙǝdece, Çoldaʙaq ǝjeli, Sǝrsemʙaj ǝjeli, Bajmaƣamʙet ǝjeli, ǝʙdikǝrim kelini. q., naƣaj kelini, Qalaʙaj kelinі, Cajmardan kelini Zaƣьjla) деп көрсетіп отырған. Қазіргі кезде кісі аттарында «ұлы», «қызы» бірге жазылып жүр. Ал «келіні» сөзі ресми сипаттан гөрі, ауызекі сөйлеу стилінде көп қолданылады.
1941 жылы шыққан «Социалистік Алтай» газетіндегі кісі аттарына келсек, бұл жылы шыққан мақалаларда кісі аттарының көбі қазіргі қазақ әдеби тілінің нормасына сай латын әліпбиі бойынша жазылған. 1940 жылғы латын әліпбиі 1931 жылғы баспасөз беттеріндегі латын жазуына қарағанда едәуір жеңілдетілген. 1940 жылғы латын жазуларында қос дыбыстар мүлдем кездеспейді, оларды (қос дыбыстарды) «i», «u», «ū» таңбаларымен алмастырған. Есесіне қазіргі таңда қолданыста жүрген «х» (х), «v» (в) таңбалары енгізілген. 1931 жылы қазіргі қазақ тіліндегі «у» таң­басының рөлін атқарған «v» 1940 жылы «в» таңбасының орнына қолданылған.
1940 жылғы «Социалистік Алтай» газетіндегі мақалаларда кездесетін кісі есімдері 1931 жылғы мақалаларда кездесетін кісі есімдерінен қарағанда айтарлықтай айырмашылықтар бар. 1940 жылғы мақалаларда орыс тілінен енген -ov, -ev, — ovа,- eva (-ов, -ев, -ова, -ева) фамилия жасаушы аффикстер жаппай қолданыла бастаған. 1931 жылғы мақалаларда мұндай фамилия жасаушы аффикстер мүлдем кездеспейді. Бұл факт орыс тілінің фамилия жасаушы аффикстері қазақ есімдер жүйесіне 1940 жылы «мықтап еніп» алғанын көрсетеді. Бұл кезеңде орыс тіліндегі әке атын жасаушы -ович, -евич, -овна, -евна аффикстері мақалада кездеспейді. Қазіргі кезде қазақ азаматтары КСРО кезінде ата-анасының, өзінің құжаттарында тегі (фамилиясы) мен әкесінің аты -ов, -ев, -ова, -ева,-ович, -евич, -овна, -евна аффикстерімен жазыл­ғандықтан, осы аффикстерден өз еріктерімен бас тартып, тегі мен әкесінің атын қазақ ұлттық есімдер жүйесінде қалып­тасқан дәстүр бойынша қайта рәсімдетіп жүр.
1940 жылғы «Социалистік Алтай» газетіндегі мақалаларда кездесетін жер-су аттарының транскрипциясы қазақ тіліндегі жер-су аттарының қазіргі кездегі таңбалануымен сәйкес келеді. Дегенмен, 1940 жылғы мақалаларда жер-су аттарын латынша таңбалауда орыс тілінің ықпалы көрініп тұр. Күні бүгінге дейін орыс тілінде бұрмаланып жүрген қазақ тіліндегі тарихи жер-су аттарының бұрмалану үдерісі сол кезден бастау ала бастағанға ұқсайды. Мақалаларда Alma-ata qalasь, Bolce-Narьn, Sarь-өzek сияқты атаулардың таңбалануында орыс тілінің ықпалы сезіледі. Жалпы қазақ тілінің емле ережелеріне қатысты сол кезде С.Аманжолов жер-су аттарына байланысты дұрыс жазу ережелерін ұсынған. «Қазақстанның географиялық атаулары транскрипциясының негізгі ережелері» жобасында: «Составные нерусские названия географических объектов Казахстана (казахские, узбекские, киргизские, уйгурские, туркменские, татарские, башкирские, калмыцкие, дунгансике, корейские, немецкий и др.) во всех случаях пишутся слитно. Например: Всегда пишется Атбасар, Тарбагатай, а не Ат-Басар, Тарбага-Тай. Соответсвенно нужно писать Актау (Ақтау), Каракум (Қарақұм), Сарысу, а не Ак-Тау, Кара-Кум, Сары-Су (и не Ак-тау, Кара-кум, Сары-су)» [2, 317] деп көрсеткен.
Қорыта келгенде, кісі есімдерін, жер-су атауларын жазуда 1931 жылғы латын әліпбиі мен 1940 жылғы латын әліпбиінің арасында едәуір айырмашылықтар бар. 1931 жылғы латын әліпбиінің кемшіл тұстары көп болғанымен, қазақ ұлттық есімдер жүйесіндегі дәстүр жалғастығы сақталған. Яғни кісі аттарын жазғанда ulь-ұлы (өtep ulь, toqtaʙaj ulь, Çangeldi ulь, Aqьmet ulь), қызы, әйелі, не келіні (Çetpispaj qьzь, Çumaƣul qьzь, Әʙeken qьzь, Çolman qьzь, Çyrgenʙaj ǝjeli ʙǝdece, Çoldaʙaq ǝjeli, Sǝrsemʙaj ǝjeli, Bajmaƣamʙet ǝjeli, ǝʙdikǝrim kelini. q., naƣaj kelini, Qalaʙaj kelinі, Cajmardan kelini Zaƣьjla) деп көрсетіп отырған. Топонимдерді де жазуда тарихи қалыптасқан жер-су аттары бұрмаланбай, сол күйінде жазылған. 1940 жылғы мақалаларда латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы анағұрлым жетілдірілгендігі, толықтырылғандығы көрініп тұр. Дегенмен, осы тұста мақалаларда қазақ азаматтарының аты-жөндерінде орыс тілінен енген -ov, -ev, — ovа,- eva (-ов, -ев, -ова, -ева) фамилия жасаушы аффикстер жаппай қолданыс тапқан. Жер-су аттары орыс тілінің әсерінен бұрмалана бастаған, екі сөзден бірігіп жасалған топонимдерді дефис арқылы жазу белең алған. 1940 жылдағы латын әліпбиі 1931 жылғы латын әліпбиіне қарағанда қолданылу жағынан қолайлы екендігі байқалады.

А.СЕРІКБАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.