Телефонмен сөйлесе білесіз бе?

Ғылым мен білімнің жемісі болған озық технология түрлері өмірімізге батыл түрде енуде. Қоғамдық көлікке міне қалсаңыз, қалта телефонына жаппай үңілген жас­тарды көруге болады. Ал кейбір ересектердің өзі үн қатқан телефонды ала сала ауыз өзімдікі деп айғайға басады. Әркім өзінің басындағы ойын басқаға айтып, түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Әркім сөйлеу мәдениетіне мән беруі тиіс.

Күнделікті көріп жүргеніміздей, кейбір адамдар телефонмен сөйлесу әдебін де, мәдениетін де естен шығарып алады. Тіпті телефонмен төтенше немесе шұғыл жағдайда ғана хабарласу керектігіне де көпшілік мән бере бермейді. Қоғамдық орындарға жайғасып алып, өз үйінің төрінде отырғандай емін-еркін әңгіме тиегін ағытатындар да кездеседі. Өкінішке орай, дөрекі, құлаққа жағымсыз сөздерді өзгелер естіп қойды-ау деп сондай жандардың қысылмайтынына таңырқайсың?
Таяуда автобуспен вокзал жаққа баруға тура келді. Көлікте мінген бойда әр тұстан телефон үні естіле бастады. Бір байқағаным, өз мәселесін егжей-тегжейлі баяндаған бір келіншек бес минуттың ішінде он екі рет «конечно» сөзін қолданды. Кейбіреулерге «давай-давай», «ладно», «пока» сөздерін айту дағды болып кеткендей. Бір көлікте келе жатқан соң олардың әңгімесі естіліп жатады. «Кассада күт, келеатырым…». Осылайша шұрайлы тілімізді бұрмалап сөйлеген келіншек еш қысылмады.
Ұялы телефонмен қоғамдық орында қатты дауыстап сөйлесуге болмайтыны анық. Өйткені айналаңыздағы кісілерге кедергі келтіресіз, әрі сіздің біреумен әңгімеңіздің жұртқа не керегі бар. Бұдан басқа мәдени орындарда дауыс­тап сөйлеу, жеті түнде телефон соғу жайлары өмірде кездесіп тұрады. Сөйлеу мәдениеті түгілі қарапайым нәрсені ескермеу – нағыз әдепсіздік емес пе?!
Қазір телефонда сөйлесетін кейбір жастар қазақ тілін дұрыс қолданбай жүргенін талай байқадым. Мысалы, «келеатырм», «бараатырм», «отыратырм», «көратырм» сынды анайы сөйлейтіндерді көріп жүрмін. Бұдан бөлек кейбір қазақ студенттерінің орысша ойлайтынын сөйлескенде байқауға болады. Әріптесіне сұрақ қойғанда «Келесін, кездесеміз, барасың?» деген сұрақ белгілерге «бе», «ба», «па», «пе» демеулік жалғау жалғамайды.
Бірқатар замандастарымның ұялы телефондарына жазған­дарына қарасаң қате көз сүріндіреді. «Неге қате жазасыз?» деп сұрағанымда телефонымда қазақша әріптер жоқ, бәрі «орысша немесе ағылшыншаға негізделген» деп жауап аламын. Тіпті солай болған күннің өзінде де қазіргі әріптермен жазған хаттарын оқып түсіне алмайсың. Себебі қазақ тілі күрделі тіл ғой. Бір әріптен бола қате кетсе сөздің мағынасы өзгеріп шыға келеді. Мысалы, «бер», «кол», «сан», «кар» деген жазбалардың «бар», «кел», «сен», «кал» мағынада айтылғанын бір-ақ ұқтым. Өз кезегінде ағылшын тілінде де айтылғанда бір әріптен қателік кетсе басқа мағына береді. Алайда бұл халықаралық тілде ешкім қате жіберіп жатпайды. Ал үйреніп жүргендер олқылық жіберсе де, кейін ұялып түзетуге тырысады. Мемлекеттік тілде қанша жерден дұрыс айтпаса да бұған бола қысылып жүрген ешкім жоқ. Түзетуге де тырысып жүргендерді де байқамадым.
Ұялы байланыссыз өмір сүруді көз алдымызға елестете алмас­пыз, сірә. Дей тұрғанмен, біз оны күнделікті өмірде дұрыс пайдалана алып жүрміз бе? Осыны да бір сәт ойланып, біздің айтқандарымызға көңіл бөлсеңіз артық болмас еді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.