Ұшпа доптың ұшқыры

Қазақстандағы волейболдың қалыптасуы неден басталғаны туралы сөз еткенде  осы бір теңдесіз текті спорт өнерін елімізде  негізін қалаған, аты әйгілі волейбол шебері, сонау  1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында  екі дүркін Еуропа чемпионы атанып,1969 жылы КСРО біріншілігінің жеңімпазы болған  Октябрь Жарлығаповты міндетті түрде еске аламыз. Қазақ спорт тарихында әрбір спортты жекелей алып қарасақ саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолдарын көреміз. Мысалы, жеңіл атлетикада – Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов, күресте – Қабден Байдосов, Амангелді Гапсатаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, бокста – Шохыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов пен Серік Қонақбаевтар, көгалдағы хоккейде – Қазбек Байболов, футболда – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілдә Байшақовтар, суға жүзуде – Бақи Елғондиев және волейболда – Октябрь Жарлығапов, Әлжан Жармұхамедов, Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаевтардың есімдеріне  айырықша тоқталып, мақтанышпен айтамыз.

Әрбір спортты жан-тәніңмен жақсы көріп, барыңды бере білсең, қайтарымы да игілікті болары сөзсіз. Аттары аталған ардагерлеріміз өздері өмірінің мәні деп таңдап алған спорт түрлеріне бар ғұмырларын арнап, жемісін көре білген айшықты тұлғалар. Сондықтан да жас буынға алдыңғы толқын ағаларының айбынды жолдарынан үлгі алса деп тілейміз.
Бүгінгі әңгіме өзегін волейболдан Қазақстан спорт тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған, 1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО біріншілігінің алтын жүлдесін жеңіп алған, дарынды спортшы, білікті бапкер Октябрь Жарлығаповтан бастағалы отырмыз.
1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе қалаларының командалары арасында волейболдан кездесу өтті. Сол жылы Алматы зооветеринарлық институты құрылады. Институтқа дәл сол жылы аты әйгілі волейбол тарланы, Қазақстандағы кәсіби волейболдың негізін қалаушы Октябрь Жарлығапов оқуға түседі.
О.Жарлығаповты сөз еткенде қазақстан волейболының қалыптасу кезеңі мен «Буревестник» командасының тарихи жеңістерін еріксіз еске аламыз. Оның Октябрь Жарлығаповтың талантты ойыншы ғана емес, бапкерлік білікті қырларын көре білген ресейлік мамандар: «Одақтың жастар құрамасының бас бапкері болыңыз» деп ұсыныс айтады. «Рахмет көңілдеріңізге, мен өз елімде, өз бауырларымның қасында боламын. Бар қабілетім мен күш-жігерімді қазақтың намысы үшін жұмсауым керек» деп жауап беріп, Алматыда қалады.
Міне, әйгілі спортшының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін түйіндеп айтқан екі ауыз сөзінен көреміз. Алаш жұрты О.Жарлығапов секілді біртуар спортшылардан кенде болған емес қой. Солардың бірі әрі бірегейі Әлжан Жармұхамедов. Әлжан атамыз да осы бір теңдесіз спорт түрінен олимпиада асуын бағындырған жан. 1944 жылы дүниеге келген талантты волейбол шебері, 1972 жылы КСРО құрама командасының сапында Мюнхен олимпиадасында алтын жүлдеге ие болған.
Ал О.Жарлығаповтың тәрбиелеген төл шәкірті, қазақтың тағы бір арда туған асыл ұлдарының бірі Жәнібек Сауранбаев 1965 жылы КСРО құрамасының сапында әлем кубогінің жеңімпазы атанса, 1966 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алады. Сонымен қатар, талантты жас 1967 жылы Еуропа біріншілігінің чемпионы болып танылады. Жәнібек Сауранбаев әлемнің ақиық волейболшыларымен иық тірестіріп, Кеңес Одағы құрамасының ең үздік ойыншыларының қатарынан орын алған қазақ жігіті. Дегенмен де, сол кездегі кеңес үкіметінің солақай саясатының салдары дарабоз спорт саңлағын айналып өтпей кетпеді. Ж.Сауранбаев Кеңес Одағы құрамасының сапында суырылып алда тұрса да өзге ұлт өкілі болғаны үшін олимпиада ойын­дарынан шеттетіліп отырады. Ал, О.Жарылғаповтай тұлғалы адамның тағы бір шәкірттері Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденовтер «Буревестник» командасын КСРО халықтары спартакидасының қола жүлдесіне жеткізіп, 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс медаліне ие болады. Осылайша Октябрь негізін қалаған қазақ командасы 1969 жылы КСРО чемпионатында топ жарып, тұңғыш рет алтын тұғырға көтеріледі. Команда құрамының басым бөлігін қазақтандырып қана қоймай, осындай ауыз толтырып айтарлықтай тарихи биікке жеткізе білген Октбярь Қадырбай­ұлының басты арманы да осы еді.
Еліміздің волейболдағы жарқын жетістігін сөз еткенде О.Жарылғаповтай тұлғалы жанның бапкерлік мектебінен шыққандардың бірі Вячеслав Шапранға тоқтала кетуге болады. Кезінде аты аңызға айналған жұлдызды «Буревестник» командасының белді ойыншысы атанған Шапран КСРО бойынша халықаралық спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО чемпио­ны, екі дүркін Еуропалық кубоктың жеңімпазы атанып, бірталай таланттарды тәрбиелеген білікті бапкер.
Октябьрдің тағы бір талантты шәкірті Нелли Щербакова АДК командасын КСРО чемпионы атағына жеткізсе, Махмұтов пен Щербакованың шәкірттері АДК ойыншылары Елена Чеубукина мен Ольга Кривошеевалар 1988 жылы КСРО құрамында Сеул олимпиадасының чемпионы атанған.
Бірнеше жылдар бойы КСРО бойын­ша жоғары құрама командада өнер көрсеткен, әлемдік кубоктың жеңімпазы атанған О.Жарылғапов пен Жәнібек Сауранбаев сол бір жылдары ең үздік жаттықтырушы болып танылғаны ел спортының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.
Қазақстандағы О.Жарылғапов пен Олег Антроповтың тәрбиелеген шәкірттері әлемдік чемпионатта күміс медальдің иегері атанса, 1967 жылы Еуропа чемпионы атағына ие болғанын көреміз.
Сонымен бірге, 1970-1971 жылдары Алматының «Буревестнигі» екі рет қатарынан Еуропа чемпионатының кубогін жеңіп алады. Біз Октябрь Жарлы­ғаповтың жемісті жолы мен жұлдызды шәкірттерінің есімдерін айта отырып, сол жылдары қазақ волейболының КСРО аймағында көшбасшы болғанына көз жеткіземіз.
Алла тағаланың бұйрығымен О.Қадырбайұлы бар-жоғы 17-18 жылдың айналасында қазақ волейболын адам айтса сенгісіз шырқау биікке көтерген. Ұшпа доптың ұшқыры, Октябрьдей қазақтың бағына туған жанның қазақ волейболының дамуына қосқан үлесі шексіз болды.
Қазақ жерінде 1955-1972 жылдар­дағыдай волейбол ойыны секілді бірде-бір спорт түрі бұқаралық сипат алып биік деңгейге көтерілмеген екен. Тіпті елге танымал қоғам, өнер, мәдениет, әдебиет салаларының марқасқалары да осы спорт түрімен айналысып, осы күнге дейін волейболды салауатты өмір салтына айналдырып келеді.
Олардың арасында Олжас Сүлей­менов, Нұртай Әбіқаев пен Амангелді Шабдарбаев секілді ел ағаларының қатары қалың. Аттары аталған ағала­рымыздың бозбала шақтарында Октябрь Жарлығаповтың ықпалымен волейбол ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Сол елімізге белгілі үш азамат әйгілі волейбол маманы Жарылғаповтың төл шәкірттері болып саналады. Әлемге танымал ақын, қайраткер тұлға Олжас Омарұлы Сүлейменов спорттан да құр алақан емес. Әсіресе, волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Қазірдің өзінде уақыт тауып спорт залға бас сұғып қана қоймай, халықаралық ардагерлер арасында өтетін тартысты жарыстарда әжептеуір ойын көрсетіп жүргенін көзіміз көрді.
Ұлы Отан соғысына дейінгі, кейінгі жылдары волейбол аулалық спорт түрі болып келгені рас. Содан кейін әр жыл сайын бұл спорт түрі қарқын алып кеңінен дами бастады. Алматы сол кезеңдері волейболға құмар халықтың орталығы болды. Стадиондарға адамдар лық толып, спорт залдарда нағыз шеберлердің ойындарын тамашалауға көз тіккен халықта есеп болмаған. Тартысқа толы ойындарды көре отырып, волейболға деген халықтың сүйіспеншілгі одан әрмен арта түсті.
Қазір елімізде волейболдың әуесқой түрінен бөлек кәсіби деңгейдегі хал-ахуалы онша көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мысалы,Ұлттық команда құрамының жасара түскенінің себебінен бе, әлде білікті волейбол мамандарының жетіспеушілігінен бе, әйтеуір еліміздің бас командасы соңғы кездері сүреңсіз ойын­дар көрсетіп жүр. Еліміздегі волейбол клубтары жайлы әңгіме бір төбе.
Осындай сәттерде Октябрь, Әлжан, Жәнібек, Заңғар сынды асқар таудай алып ағаларымыздың даңғыл жолдарын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көш бастайтын аттары аталған ағаларымыз секілді намысы биік, шеберліктері жоғары серке ойыншылар жоқтың қасы. Тәрбие жұмысы да жемісін бермей тұрған секілді. Ендеше,Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жандардың осы олқылықтардың орнын толтыру үшін белсене іске көшпесе осы бір текті спорт түрі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін.
Сондықтан ол үшін мамандардың О.Жарылғапов ағамыз салып кеткен сара жолдан сабақ алып, бүгінде арамызда жүрген алдыңғы толқынды ағаларымыздың тәжірибесіне жүгінсе нұр үстіне нұр болмақ еді.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі, спорт журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.