Көзмерген… (Талантты фотосуреткер Берсінбек Сәрсенов рухымен сырласу)

…Көктен нұрын төккен нұрлы көктем. Көктем көк бояу болып төгіліп тұр. Көшеден аулаға өткен. Аула болғанда да Сенің терезеңнің дәл алдында ағаш бүршік жарып, тіпті гүл атып, кісіні қытықтайды. Табиғатжанды Сен аулаға көз тастайсың. Сықпыты жаман сырқаты құрғыр қол-аяғыңды байлағандай етіп төсекке таңып тастауына қарамастан көңілің көкке шапшиды шамасы… Әл-дәрмен жоқ бірақ. Көз алдымда әппақ қудай қуарып бөздей бозарып, бір шөкім болып шөжіп барасың. Бәрі көз алдымда. Көзім бар, көріп отырмын. Қолдан келер қайран жоқ бірақ. Обыр алдында адамзат баласы әл-әзір әлсіз. Амал қанша?! 

Үй бөлмесінен сыртқа терезеден қарайсың. Шамасы, көктемді сағынып жатырсың. Көктемге жаны құмар, жан ағам! Көктемнің көзін ашып, ағаштардың бүршік жарғанын, табиғаттың таң-тамаша болып түлегенін көргің келеді-ау шамасы. Келген сайын осылай терезеге қарап әлсіз сөйлеп жатасың. Кейде бұрылып аманатыңды айтасың біруақ. Айтасың да қайыра терезеден табиғатқа сыртқа көз тастайсың… Бізді аяйсың шамасы… Көңіліміз қабаржып, көзіміз суланып біз отырамыз…
…«Міне, Ұлыңмын сенің, ЖЕР-АНА» аталатын фотоальбомыңды қолыма ұстатты. «Кітап етіп шығарғым келді. Бірақ, реті келмей жатыр. Әлі фотоны өнер тұтатын халге жетпегенбіз бе? Бұдан әрі төрелердің есігін ашып жүруге уақытым да, халім де жоқ… Мұхтар жайсаң уәде беріп еді. Қызмет ауыстырып кетті. Енді Самат екеуің екеулеп көрерсіңдер» дедің әлсіз ғана.
Альбомды ақырын ақтарамын. Іштей сенің суреттеріңмен сырласамын. Суреттер арқылы оны фотообъективке түрлендіре түсірген, алуан сипатын сыйғыза тамаша жырлаған фотосуреткер сенің жаныңа үңілгендей боламын, жан аға!
…Міне, мына бір ғажап фотосурет көз алдыма келеді. «Көзіңді аш, ГҮЛ-КӨКТЕМ…». Фотопортреттің шебері көзін күлімдей жұмып, маржандай тісін тізе көрсетіп тұрған ару қызды динамикалы бейнеде түсіріпті. Мойнына гүл оралған, шаштары да гүлге айналып шешек атқан… Тал бойында бір міні жоқ, өспірім. Өспірімнің толысқан шағы. Ару қыздың іштей түлеп, жанының гүл атып тұрған шағы арқылы табиғаттың түлеуін берген, жан ағам! Әдетте фотоөнерінде суреттің төсегі (фон) үлкен роль атқарады. Фотопортреттік монтаждың төсегі малынған көк. Көкпеңбек көк-жасыл дүние. Көктемнің толысқан, жасыл бояуға малынған сипаты. Көктемнің сипаты жасыл дүние нақты, затты бейнеленбеген, бейне майлы бояумен жасалғандай тұнық көк тұтасып жатыр. Нақты, затты көріністі төсек жасаса көктемді сағынып көзін жұмып тұрған көктем-қыз бірінші планнан екінші планға сырғып кетуі мүмкін. Көрермен жанарын алдымен қыз-көктемге аудару – суреткер мұраты. Олай етсе әрі қыздың жан-дүниесі ашылмай қалған болар еді. Қыздың жан-дүниесі ашылмаса қыз бейнесінде көктем образы да шықпай қалады… Суретші фонға абстрактылы тұнық көк бояуды шегіп жіберу арқылы табиғатты әрі фотоның төсегі ретінде сөйлетеді, әрі көк бояулы көктемнің символы, арудың жан-дүниесіндегі көктем, жанның көктемді сағынуы ретінде береді. Оған қызыл сары сызықша (оны кілем тоқыған аналарымыз «суы» атайды) су жіберіп, сыртқы багетті қара бояумен қоршай салғанда фотосурет тіпті ғажайып сипатқа енеді. Қаншама рет тамашаладым осы суретті. Тамашалап қараған сайын мейірім қанады. Таң-тамаша қаламын. Сурет гармониялық тұтастығымен, жандылығымен баурайды.
Фотосурет әдетте техникаға тәуелді. Суреткер көзің фотоаппарат арқылы дүние-ғаламды түсіріп қана сөйлетеді. Нәсіп. Сол тәуелді техниканы мың бұрап, табиғатқа көзеп, табиғаттың төл перзенті – адамды суретке тартып сан қырынан бейнелеу фотосуретші шеберлігіне байланысты. Арғы тарихы ХІХ ғасырдан бастау алатын фотосурет түсіруді жетілдіру мақсатында фотографтар бейнелеу өнерінің живопись, графика жанры тәсілдерін де пайдаланып көрген. Фотоөнері одан өскен сәт те, бейнелеу өнерімен тайталасып әсіре кейіпке кетіп өшкен сәт те тарихтан мәлім. Ал сен фотографияны фотографика дәрежесіне жеткізе бейнелеген, фотоаппарат объективіне дүние-ғаламның сан-сала сырын сиғыза жырлаған, жаны нұрлы, көзі көреген, шалқар қиялды саяқ суреткер едің, жан аға! Фотоөнер классигі!
Талай жылдан жансерік болып ойын дәл түсірген фотоаппараттарыңды өзің көзін көрген, сөзін тыңдаған, өзін фотобейнеге тартқан Бейсекеңнің – «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейіне», әйтпесе өзіңің фотосуреттерің жасантып тұрған «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» қоюды аманттадың. Менің жаным егілді. «Тілекші болып өзіңде тұрсын дә…» деймін ерінім дірілдеп. Ол қатайып алған. Айтқанынан қайтар емес. «Өз көңілімді қайтсем екен, қиналған, Өз көзімді қайтсем екен буланған?!» (Ә.Тәжібайұлы) Жаным егілді.
«Жалғанда сырқат адамның көңілін сұраудан ауыр нәрсе жоқ. Сырқаттың көңілінде уайым, сұраушының көңілінде мұң. Екеуі де ажал деген зауалдан қашады. Құтыларына сенім жоқ. Көбіне қиянатты қимастық жеңе алмайды». Табиғатты бар бояуымен сөйлеткен Қалихан ағаның сөзі. Қалихан аға қалай жақсы көрер еді сенің суреттеріңді. Ойыма суреткер жазушы пікірінің оралғаны. СУРЕТКЕР. Дарын қабілетін анықтар зайырлы осы сөзді өнердің бар саласында еркін пайдаланамыз деп арзандатып алдық па қайдам. Қалихан десем, сөзбен сурет салған шынайы жазушы, Берсінбек десем, фотоөнеріңе живопись, графиканың бейнелеу амалдарын алып келген шынайы суреткер екеніңе еріксіз ден қоямын. Өнеріне қарай өрнегі… Өрнегіне қарай өнері өркен жайған, жан аға!
«Ұлыңмын сенің, ЖЕР-АНА» альбомын ақырын парақтап отырмын. Сен түсірген фотоларда табиғат бар бояуымен тамылжып тұрады. Табиғатты бейнелегенде бейне Шишкин бе дерсің… Әне қарт Қаратау, міне ақ басты Алатау, келбетін түгел қызғалдақ жапқан Оңтүстік қыр-қыраты, қыздың бұрымындай сұлу Арыс өзені… Бәрі де аясында өскен, көз қанықтырып өскен өңір. Ал мен болсам бейне тұңғыш көріп, тұңғыш рет тамашалап отырғандаймын. Бәрі сенің шеберлігің. Табиғаттың тамылжыған сәтін, қапысыз сәтін қас-қағым мезетте байқап, қалт жібермей сырт еткізіп аппаратыңа басып алғансың. Асылы, Сен суреткер райында көктем жыршысысың. Портреттеріңде адам біткен ойланып, толғанып бар жан-дүниесімен ашыла «сөйлеп» тұрады. Қызықтаушы көрерменімен сырласа жөнелуге дайын. Міне, көктемге деген сағыныштан туындаған «Көзіңді аш ГҮЛ-КӨКТЕМ» көркем фотосуреті.
Аманатын айтып, айтып талықсыған ағам көзін жұмып сұлық жатты.
«Көзіңді аш, ЖАН-КӨКЕ!..» дедім іштей аласұрып. Өнерлі өлмес, үміт сөнбес…
…Одан бері де жылжып жыл өтті-ау, шіркін жалған дүние!

Соңыңа ерген ерқараң
Құлбек ЕРГӨБЕК
Түркістан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.