Наурыз батасы

Жолыңды наурыз оңдасын,
Оңдағанның белгісі –
Қойларың мыңдап қоздасын.
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын!
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы –
Түйе бітсін үйіңе!
Тұяқтары талыстай,
Құлақтары қамыстай.
Құлыншақтың анасы –
Бие бітсін үйіңе!
Мүйіздері жалтылдап,
Тұяқтары сартылдап,
Бұзауқанның анасы –
Сиыр бітсін үйіңе!
Құйрықтары қазандай,
Қозылары сазандай,
Қошақанның анасы –
Саулық бітсін үйіңе!
* * *
Үлкенің мен жасыңа,
Береке қонсын басыңа!
«Наурызға» келген халайық,
Жамбылдың жеткін жасына.
Ырыс, дәулет мол болсын,
Жылда осындай той болсын.
Мейрамды енді бастайық,
Ал, қанекей, жол болсын!

Наурыз тілек. Әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс-туғандары мен дос жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Тілімізде Ұлыс күнi наурыз тілегін айтудың мына сияқты үлгiлері қалыптасқан:
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
* * *
Ел бақытты болсын,
Төрт түлік ақты болсын,
Қызылды уағымен көрсетсін!
* * *
Жас құтты болсын!
* * *
Жасқа жас қосылды,
Жылға жыл қосылды,
Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар.
* * *
Айымыз аман, жылымыз түгел болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.