Қазақ жұртының Әз Наурызды тойлауы

Наурыз – ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланыс­ты мейрам. Наурыз мейрамы күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни қыс қайтып көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шеңдестіріліп, егін егу науқанының басталуы үлкен мейрам болған. Уақыт өте келе Нау­рыз мұсылман түркі елдерінің төл мерекесіне айналды. Көне заманнан бері Наурызды күн мен түннің теңелген уақытында, яғни жаңа күнтізбе бойынша наурыздың 22-сінде (ескіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатыр. Наурыз туралы ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер, ұғым-түсініктер, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер көп.
Тілімізде Наурыз мерекесін әртүрлі концептуалды ұғымдармен байланыстырып, «Ұлыстың ұлы күні», «Ұлы күн», «Әз Наурыз» деген атаулар қалыптасқан.
Ұлыстың ұлы күні. Ұлы даланы қоныстап, жыл маусымдарының қас-қабағымен санасып, аспан шырақтарын бағдарлап, төрт түлiк малды тiршілiгiне тірек етiп, Тәңірге табынып ғұмыр кешкен көшпелiлер есте жоқ ескі заманнан берi наурыз айында күн мен түннiң теңесер шағын жылдың басына балап, дүние тiршiлiктiң жаңғырар сәті екенін ұғып, сонысын кие тұтып, сол күндi Ұлыстың ұлы күнi деп атаған. Яғни Ұлыстың ұлы күнi дегені – Eлдiң, Қағанаттың, Хандықтың, Мемлекеттiң ең ұлы күнi деген сөз. Көктемдегі күн мен түннiң теңесер мерзiмiн Ұлы Дала көшпeлiлерi ертеден-ақ аңғарып, мұндай ұлы құбылысты Тәңiрдiң құдipeтiнен деп ұққан. Күн мен түннің тeңecер мерзiмiне, яғни жыл басына «мәңгілiк өмipдiң бастауы» peтінде айырықша мән берілген.
Әз Наурыз. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде берілуі бойынша, әз сөзі (арабша «әззә») «қасиетті, киелі» деген мағынаны үстейді. Демек, күн мен түн теңескен, табиғат жаңарған мерзімді халық ерекше қастерлеп, «Қасиетті жаңа күн», яғни «Әз Наурыз» деп атайды.
Наурыз дастарқанына жасы үлкен қариялар «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» деп наурыз батасын береді. Ұлыс күні әйелдердің Ұзынсарыға деп сақтаған қысқы соғымның шекесі асылады, бүйендегі, қарындағы сарымайы дастарқанға қойылады. Діни наным-сенім бойынша аруақтарға арнап құран оқытылады, жеті нан таратылады. Бұл күндері әр жерге үлкен от жағылып, отқа май құйылады.
Наурыздама. Ертеректе ауқатты, бай адамдар ауыл-аймақты шақырып, Ұлыстың ұлы күніне арнап шат-шадыманды ойын-сауық, той өткізетін болған. Наурыздама – бұрын 3-9 күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын той. Наурыздамада наурыз таңын қарсы алуға жиналған қыз-жігіттер бас қосады. Қыздар жағы ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалатын «ұйқыашар» әзірлейді. Жігіттер болса, қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арнап жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып тартылады. Бұлардың соңы келер күні наурыз көжеге жалғасады.
Наурыз көже. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде қазан толы наурыз көже дайындалады. Дәстүр бойынша наурыз көже қыстан арнайы сақталған соғым еті, оған бидай, тары, арпа дақылдары, құрт, су, тұз қосылады. Наурыз көже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосылған наурыз көжені мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
Наурыз жұмбақ – наурыз мейрамында отырғандардың өзара айтысатын жұмбақ өлеңі. Наурыз жұмбақтың негізгі тақырыбы – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына күн мен түннің теңеуіне, табиғат құбылыстары туралы бұл айдағы амалдар мен ауа райының өзгерістеріне байланысты болуға тиіс. Сол арқылы жұртшылық өзінің ұғым-түсінігін дүниетанымын қалыптастырған.
Наурыз бата. Қазақта бата беру – ежелгі салт. Наурыз батасының мазмұны кең болады. Жеке бастан гөрі елдің амандығын, молшылық заманды, бейбіт күнді көксеу сөзге арқау болады. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары жыл сайын Ұлыстың ұлы күніне арналып құрбандыққа шалынған малдың басына, ескі жылдан бері сүрленген қазы-қарта, жал-жая, т.б. жеті түрлі дәмнің басы қосылған наурыз көже тартылған мол дастархан басындағы ел-жұртқа арнап бата береді.

Гүлсінай ИСАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.