Құс қанаты

Жазба күнтізбесі болмаса да, жыл он екі айды өзінше зерттеп, зердесіне түйген қазақ жұрты он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас етіп, сабақтай білген. Жыл басы Наурызды шаруагер ел асыға күтеді. Қиыншылығы көп қыстан малды аман алып шығамын ба деп, қардың тез кетерін, не кетпесін болжайды. Қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурыз күні қар бетіне түскен құмалақ өз салмағымен батса, жаз тез шығады дескен. «Қардың басын қар алар» деген сөз өліараға, яғни 26-28 наурызға келетін сияқты. 14 Наурыз күні халық «қыс жұлдызы бітіп, жаз жұлдызы туды» деп есептейді. Сонымен қатар, осы Наурыз айында еліміздің кең байтақ жерінде болатын басқа да табиғат амалдарына тоқталсақ: 

Ұзынсарының желі – наурыздың соңғы онкүндігінде соғатын жел.
Самарқанның көк тасы жібитін күн. Наурыз айының 22-сі күні шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Бұл күні шығыста күн жылып, жер жібіп, ашық шуақты мезгілдер басталады. Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясына байланысты қағидаға айналған бұл сөз «көктем, жаңа жыл басталады» деген ұғымды білдіреді.
Наурыздың ақша қары. Көктем шығып, наурыз айы соңына таяса да еліміздің кейбір өңірінде күн суытып, қар жауып жатады. Табиғаттың бұл тосын сыйын бірі күтсе, бірі күтпеген болады. Халқымыз наурызда жауған ақ ұлпаны «Наурыздың ақша қары» деп атайды. Наурыздың ақша қары ауыз әдебиетінде де жырланып, әдемілік пен сұлулықтың нышанына теңеледі. Мысалы «Қыз Жібек» жырында бұл амал былай жырланады:
Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай.
Құс қанаты – наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Олардың келуімен қар аралас жаңбырмен суық жел тұрады. Мұны ел «құс қанаты» деп атап, амалға жатқызған.
Аласапыран – көктемнің нау­рыз айында кейде сәуірде қар күрт ерігеннен жер лайсаң болып, шаруашылыққа қолайсыздық әкелетін кезең. Сондай-ақ қар бірде жауып, бірде еритін күздің жайсыз мерзімі де «аласапыран» деп аталады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.