Ұзынсары

Көктем – наурыздың 22-сінен маусымның 23-іне дейінгі 93 күнді қамтитын, күн мен түннің теңелуінен кейін күн көзі ұзарып, топырақтың қызып, жер бетінің көк түк жамылатын кезі. Қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесі бойынша жыл басы Көктемде 22 нау­рыздан, табиғаттың жандануымен бас­талады. 

Қыс мезгілінен кейін өмір-тіршіліктің бәрі қайта дүниеге келгендей жанданып, құлпырады: ауа райының жылуынан қар еріп, тоң жібиді; жауын-шашын мол жауады, соның салдарынан көбінесе су тасиды; жан-жануардың түлеуі, төлдеуі басталып, қой қоздап, қора төлге толады; жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды; жыл құстары мекеніне қайта оралады; Жер-Ана бусанып, жер бетіне көк шығады; жеміс ағаштары бүршік атып гүлдейді. Сонымен қатар, көктемде жер жырту, ағаш отырғызу, егін егу, т.б. ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы аумағында географиялық ерекшеліктеріне байланысты Көктем оңтүстік аймақтарда ерте, солтүстік аймақтарда кеш келеді. Қар жамылғысы оңтүстік аймақта ақпанда, Орталық Қазақстанда нау­рызда, солтүстікте сәуір айында ери бастайды.
Жыл он екі айдың 3 айы – наурыз, сәуір, мамыр – көктем айлары саналады да, олардың әрқайсысын «көктем» не «көктем айы» деп атай беруге болады. Қазақ арасында бұл айлардың өзіндік бағасы, ерекшелігі тұрақты тіркес (фразеологизм, мақал-мәтел, жұмбақ) ретінде сипатталады:
Көктем туды – жылдың төрт мезгілінің ең алғашқысы – көктемнің жыл сайын өз ретімен дүниеге келуін «көктем туды» деп атаудың себебі – бұл жаңа жылдың тууына, демек, жаңа бір өмір жылының дүниеге келуіне байланысты болса керек. Шынында да, малшы қауымы үшін көктем өмірдің жаңғыру-жаңалануы іспетті. Қойдың қоздап, ешкінің лақтап, жылқының құлындап, түйенің боталап, сиырдың бұзаулап, мәре-сәре болатын қауырт та қарбалас кезеңі. Көктем атауының өзі де – «көк» түбірінен туындаған «көгеру», «көктеу» ұғымының толық баламасы.
Көктемгі әрекет – күздегі берекет – көктемнің бір күні жылға азық демекші, ерте көктемнен қамданған шаруа адамының кейін күздегі жиын-терімде молшылыққа кенелетінін меңзейді.
Қазақ дәстүрінде көктемнің өзін ерте көктем, орта көктем және кеш көктем деп үш кезеңге бөлу немесе «көктемнің басы», «көктемнің жуан ортасы» және «көктемнің соңы» деп үш межеге бөлу де бар. Сондай-ақ қазақ жұрты көктемнің кезеңдерін жалпы шаруашылықтың жайына қарай ерекше атап отырған.
Ерте көктем – қыс аяғы созалаңға түспей, күн шуақты болып келеді де, жер ерте дегдіп, соқамен жыртуға да, малды көктеуге де ертерек шығаруға қолайлы көктем мезгілі.
Орта көктем – мал тойынып, ел шаруасын бір ыңғайға келтіріп үлгерген, мамырдың ортасынан асқан мезгіл.
Кеш көктем – қыс аяғының ұзаққа созылып, жердің тоңы кетпей, күн қабағын әлі толық аша қоймаған, шаруа баққан елдің әуре-сарсаңға түсетін беймаза шағы, яғни көктемнің әдеттегіден кешігіп тууы. Ауа райын алдын ала болжайтын есепшінің көктем «айының аяғында мұз жаумаса, жауын-шашын болмайды» деген жайсыз хабарды естіген малшы қауымның ішінен «ой, жағыңа жылан жұмыртқалағыр, өз басыңа көрінгір!» дейтін мезгілі де осы кезде. Бұл кезде суық болмай, жаңбырдың жаууы өте қажет, шаруа жұрттың аспаннан жауын жауғанын күтіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін уақыт та осы мерзім.
Мал отығар кез – қыстаудан ірге аударып жайлауға көшкен елдің айнала жасыл желек, шүйгін шөпке оралып, тез отығып, тойынатын кез.
Қозы пісер кез – жаз жайлауда мал еркін шүйгінді жерде жайылып, көктемде туған қозы жетіліп союға да жарап қалған кез.
Мал аяқтанар кез – қыс қыстаудан көшкенде жердің оты шығып, мал көкке сүйенген кезде жас қозының жайылымда жүріп буыны қатып, аяқтанған уақыты.
Жуанның созылып, жіңішкенің үзілген кезі – ерте көктемде мал көкке тойынбаған, қысқы қор сарқылып, жаңаға ерін тие қоймаған шақ; бардың жұқарып, жоқ-жітіктің үнемсіз қалған кезі
Көкөзек кез – қысқы азық таусылып, көктемдегі көк шалғынның өсіп, жетіле қоймаған кезі.
Ұзынсары – көктемгі күн мен түннің теңелуінен кейінгі күннің ұзара бастайтын уақыты. Үш ай бойғы қыстың суық ызғары кетіп, жер-дүние жаңарады. Аналарымыз «ұзынсарыға» деп, қыс бойы сүрленген соғымның етін сақтап қояды. Ел аузында ұзынсарыға байланысты қызықты аңыз-әңгімелер де баршылық. Соның бірі мынау: бірде енесі жаңа түскен жас келініне «Етті шамалап пайдалан, кейінге қалдыр, ұзынсарыға қалдыр, ертең ұзынсары келгенде жейміз» деп айта беретін көрінеді. Күндердің бірінде сол үйге ұзын бойлы, сары өңді кісі келген екен. Келген қонаққа келіні үйіндегі қыс бойы cақтаған бар етін асып, асты-үстіне түсіп, бар тәттісін келген қонақтың алдына ұсынып, біраз әбігерге түсіпті. Келінінің әлгі кісіні соншама құрметтеп баққанын байқаған енесі «Қарағым, мұның не, етті түгел асып тастағаның не?» деп сұраса, келіні «Апа, өзіңіз емес пе, ұзынсары келгенде асасың деген» депті мүдірмей.

Гүлсінай ИСАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.