Жастар – ел ертеңі

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар құрылыс нысандарын, мәдениет орындарын аралап, өңір жағдайымен танысты.
Ең әуелі Мемлекет басшысы Орал қаласында орналасқан үй құрылысы материалдарын шығаратын еліміздегі жетекші кәсіпорынның бірі. «Болашақ-Т» құрылыс компаниясында құрылысшылармен болған кездесуде отандық кәсіпкерлік дамып, жастарға көңіл бөлінгенін ерекше атап өтті.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы өткен жылы облыс орталығында ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына сапарының басты қорытындылары Орал қаласындағы теннис кешені ғимаратында өткізілген Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің қуатымыз – бірлікте» атты республикалық форумында айтылды. Форумда Елбасы Қазақстан қоғамындағы ең асыл, ең қастерлі қасиет – ел бірлігі екенін, мемлекетіміз көп этносты ұлт өкілдерінен құралған тарихи тектіліктің осылай қалыптасуының өзі артықшылық болатынына баса мән берді.
Мемлекет басшысының Ақтөбе өңірінде болған іссапары кешенді мұнай кәсіпшілігі қондырғыларын шығаруға мамандандырылған ірі кәсіпорын «Ақтөбе мұнай қондырғылары зауыты» АҚ-тан басталды. Сондай-ақ осы арада үлгілері қойылған «Каспий плюс» «Ақтөбе рельс арқалығы зауыты», «Светоком», «Евразметалл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өнімдерімен танысты. Бұл кәсіпорындар дағдарыс жағдайында да дамуды қамтамасыз етіп отырған өндіріс орындары болып табылады.
Облыс әкімі Б.Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндай келіп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Облыста жұмыссыздық деңгейі өспегенін, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағалары, еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бақылауда екеніне тоқталған Бердібек Мәшбекұлы оларды оң шешудің жаңа қадамдары ойластырылып жатқанын назарға алды.
Елбасы кәсіпорын жұмысшыларымен, аймақтың шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында елімізді индустрияландыру есебінен жұмысшы мамандықтарының маңызы артып отырғанын айрықша атап өтті.
Содан кейін Мемлекет басшысы облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін аралап, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, сәттілік тіледі.
Елбасының Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарының қорытындысы іспеттес «Қоныс» спорт сарайында «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумы өтті. Форумға елдің барлық өңірінен үш мыңдай жас жиналды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған жастар форумы еліміздің ертеңі жастардың қолында екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Мемлекет басшысы мұнда ел үміт артқан ең талапшыл жастар жиналғанын атап өтті. «XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат – жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін меңгергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жастар қазіргі уақытта ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалануы қажеттігін де назарға алды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жастарды қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел» жобалары арқылы жарты миллион қазақстандық жас қамтылған. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 3,5 мыңнан астам пәтер берілді. Бұл жұмыс әлі жалғасады. 2017 жылдан бастап әрбір орта мектеп түлегі мемлекет есебінен алғашқы мамандығын меңгеріп шығатын болады. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, біз барлық ресурсты еңбек адамын қолдауға бағыттаймыз. Бұл біздің экономикамыздың дамуы үшін мультипликативті әсерді қамтамасыз етеді, қазақстандықтар үшін қуатты «әлеуметтік саты» қалыптастырады және жастардың игілігін арттырады» деп Мемлекет басшысы үлкен сенімін білдірді. Сөз соңында Н.Назарбаев жастарға үлкен үміт артқанын айта келе: «Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін» деді.

Алтынай ТҰРСЫНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.