«Қонақ келсе – құт»

Кеңпейіл қазақ халқының ата-бабасынан ұрпағына беріліп, ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүрі, асыл қасиеті  – қонақжайлылығы. Қазақтың өмірінде қонақ шақырмау, қонақты үйге түсірмеу айып болып саналған. Қазақ халқы үшін дастарқан – қасиетті, киелі ұғым. Мұны «Ас үстінен аттама, астан үлкен емессің», «Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп», «Қонақ келсе құт» деген мақал-мәтелдерден де аңғару қиын емес. 

Көнекөз қариялардың айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында әкенің балаға қалдыратын мұрасының белгілі бір бөлігі міндетті түрде қонаққа тиесілі. Қасиетті қазақ даласындағы кез келген жолаушының кезіккен ауыл­дан тамақтанып, шөлін қандырып, тынығып алуына құдайы қонақ ретінде қақысы бар. Ал әрбір үй қонақты ақ пейілімен қарсы алып, сыйлап, құрметтеп шығарып салуға тиіс. Бұл – қазақ даласында ежелден келе жатқан моральдық-этикалық қалып, қазақ тұрмысының айнымас шарты.
Жазғы демалыс кезінде кіндік кес­кен ауылыма бардым. Елде қалған үлкендермен әңгімелесіп отырып, сөздерін бақсам, баяғыдай емес. «Е, несін айтасың, балам, өтті ғой дәурен!» дейді сүт қайнатып отырған әжем. Күрсініп алып, ертедегі сыйластықтың жөні бөлек екенін айтады. «Бір кезде бір-бірін «бауырым» деп, біте қайнасқан ауыл едік. Қазір жатбауырға айналғандаймыз. Бұрынғыдай аралас­пайтын болдық» дейді.
Күрделі уақытты бастан кешіріп отырғанымыз жасырын емес. Осындайда күйбең тіршіліктің, жанбағыстың қамымен жүріп, бағзыдан қанымызға сіңген салт-дәстүрімізден қол үзіп бара жатқан жоқпыз ба деген дүдәмал ой мазалайды. Қонақ, көрші-қолаң тұрмақ, қазір ағайын-туыстың арасы суып бара ма, қалай? Бұ­рындары шаңырақта әлдебір той, қызықшылық бола қалса, ойдағы-қырдағы ағайын, құда-жекжат жиналып, думандатып жатар еді. Ұзақ уақыт жолықпай қалса, сағынысып қауышатын.
Ал енді соңғы кезде жиі бай­қайты­нымыз, алыс аталас түгілі, туған жа­қындар да бір-бірінен алшақтап бара жатқандай. Бір ананың құрсағын жарып шыққан бауырлар бір-біріне жат болып кетсе, одан өткен өкініш бола ма? Әкелерінің басы қосылмаса, олардан туған балалар бір-біріне жанашыр, бауырмал болып өсе ме екен? Жадағай тіршіліктің жан ауыртар тұсы осы.
Мұндай жайттардың барлығы ата-дәстүрімізді ұмыта бастағаны­мыз­дан десек, қателеспейміз. Нау­рыз нышаны – 14 наурыздан бастап көрісу, яғни амал мерекесі басталатынын естен шығарып алған жоқпыз ба, осы? Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен көріседі. «Бір жасыңмен!» деп жылы сөздер айтады. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкендердің шаңырақтарында болып, көрісіп шығады. Бұл жоралғы жыл бойы дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Осы жақсы дәстүрдің кеңінен қанат жаймауы да өкіндіреді.
Төрт күннен соң жыл басы саналатын Әз Наурызбен қауышамыз. Наурызда ақ дастарқан басында туыс-туған, құда-жекжат, дос-жаран, көрші-қолаң бас қосып жатса қандай ғанибет! Өміріміздің мәні – бір-бірімізге мейірім шуағын төгіп, сыйласып ғұмыр кешу болса керек. Әз Наурыздың қалайтыны да осы.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.