Сайын

«… Атақты сәулетші, құрылысшының абыройы аса берді. Ұмыт замандар қайта жаңарған. Ұмыт бола жаздаған есімдер халық жадына қайта оралған. Дала архитектурасы да тәуелсіздік алып, көл-көсір жазира даламыздың төрінде ұшқан аққу-қаздардай қайта самғады. Ежелгі ерлік, ежелгі даңқ еске түсіп, байырғы дәулет пен сән-салтанат, салт-сана ойға оралды. Бағзы жәдігерліктерге жан бітіп, көне дәуірлерден шежіре соқты. Соған сенген сәулетші-ақын, сәулетші-жазушы көкірегінен көрікті жырлар мен көп сезімді күмбірлеткен өлеңдер жазды.
Осының бәріне ол соңғы жиырма бес жыл ішінде қол жеткізді. Өлімнен аман қалып, өзінше ізденіп, өз бетімен өмір сүрген, өзін бостан сезінген жылдардың жемісі. Сайынның жанашырлары көп те, жөн көрсетер басшылары жоқ. Ол болса өз бетімен тәуекел етті. Өзін-өзі сомдаған сәулетші, суреткер. Бүгінгі өмірде сонысымен қымбат.

Алдағы жыл басталғанда жетпіс беске толады. Өмірінің басы да, аяғы да емес, бел ортасы. Алда талай тындыратын іс көп. Асқақ мұраттар жаңа асқарларға жетелейді. Жүрісіңнен танба! Жолыңнан қалма, жолаушым!»
Бұл жолдар күні кеше ғана өмірден озған көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, Әбіш Кекілбаевтың ең соңғы («Асқарларға шақырар асқақ мұрат», «Ана тілі», №52 (1310) 24 желтоқсан, 2015 жыл) мақаласынан алынып отыр. Жарық дүниемен мәңгілікке қоштасардан бір күн бұрын жазылған бұл еңбекті абыз Әбекең, әзиз Әбекең тай-құлындай тебісіп өскен, сырлас досы сәулетші-қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлына арнапты. Балалық досының 75 жылдық мерейтойына арналған мақала сыйы Әбекең өмірден өткен соң, ұлт газеті «Ана тілінде» 2015 жылдың 24 желтоқсанында жарық көрген. Қазақтың арда ұлы, данасы мен дарасы атанған Әбіш Кекілбаевтың «Асқарларға шақырар асқақ мұрат» атты бұл мақаласы Сайын Назарбекұлына арнаған соңғы лебізі, соңғы жүрекжарды болғанымен, алғашқысы емес, өзінің достық жүрегімен қоса, бұдан бұрын да көлемді еңбектер арнаған.
Ал Әбіш Кекілбаевтың бала кезгі досы Сайын аға әрдайым «Мен қысылсам, Әбішім бар ғой», өмір жолдарында сәл нәрседен күдіктене қалса, «Әбіш не дер екен?» деп досына талай тәтті сөзін арнаған. Эсселер мен толғаулар, әңгімелер мен пьесалардың барлығы бір кітаптан асарлық екен. 50-дегі Сайын досы әрі ағасын «Менің пірім» деп атай бастапты. «Әбішті көптеген азаматтар танитын, білетін шығар. Ал менің оған ешкімнің ортағы жоқ өз Әбішім бар. Ол – менің Әбішім. Сан ғасырлар бойы қазақ халқының сарыла күткен бостандық атты бақыт құсы басына қонған шақтағы, біз де егемен ел болып кететін болдық-ау деген сенім жүрегіне ұялаған шақтағы елдің жүрегі мен тілегінің, арманы мен кісілігінің баламасындай болған жақсылар мен жайсаңдар талай Жәнібек, талай Жиренше дараланар, аттары аңызға айналар. Солардың біреуі менің Әбішім боларына мен өз басым сенімдімін» деп жазыпты ол. Қай шығармасын болмасын, шынайы сезіммен жазуға ұмтылып, оқырман жүрегін елжіретпей қоймайтын сәулетші-қаламгер Сайын Назарбекұлы туралы Әбіштен басқа да қазақтың белгілі тұлғалары қайта-қайта қалам тартқан. Жерлесіміздің өмірі мен еңбек жолы туралы көлемді дүниелер жариялап, тіпті Сайын ағаны танып білу мен оның шығармаларын түсіну үшін кітап жазған.
Әбіш Кекілбаев: «Мен оған алғашқы жүздесуімнен бермен қарай ылғи таң қалумен келемін. Әуелі, бауырмалдығына таң қалдым. Сосын достыққа адалдығына таң қалдым. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығына таң қалдым. Табандылығына таң қалдым. Ол мені әлденеше рет қорқытты да. Өйткені әлденеше рет өлімнен қалды. Дауасы жоқ делінетін дертке ұшырап, өзге жұрт қаралай күдер үзетін жерде, ол күдерін үзген жоқ. Үш рет оташының пышағына түсіп, Отанына аман қайтты. Тірі жүрген қаһарман керек болса, қасыңызда жүр. Осынша көзсіз ерлікке бастайтын күштің аты не? Ол – өмір мен өнерге деген шексіз махаббат. Өлім мен өтірікке деген шексіз жиіркеніш. Қалақ ұстайтын ұстаның қолына қалам ұстатып жүрген де – сол» деп ағынан жарылса, тарих ғылымының докторы, профессор, Қойшығара Салғараұлы: «Ол бүкпесіз ашық сөйлейді. Онда осыным қалай болар екен, жұрт мұнымды қалай қабылдар екен деген екіойлылық жоқ. Патша көңілінің қалауымен жүректегісін жайып салып, өзім деп еміренген жұртымен ашық сырласады, барын ортаға салады.
Бірақ оның жұртына айтары – бір сәттік көңіл күйдің әуені де, тіршіліктің бар мен жоғының арасындағы күйбеңі де емес. Ол – ақыл тоқтатқан, өмірдің азабы мен рақатын, жақсылығы мен жамандығын бірдей көрген, осылардың әрқайсысынан өзіндік ой түйіп, өмірлік тұжырым жасаған, үш рет өлім аузынан тірлікке қайта оралған мұқалмас қайрат иесінің пәндәуиліктен адам жан толғанысы, болмысқа деген өзіндік көзқарасы. Оның өшпес мұраты – Алла тағала адам қылып жаратқан соң, адамдық жолдан таймай, Адам атын сақтап қалу. Мұның пенде үшін оңай шаруа емес екенін де ол жақсы біледі. Сондықтан да ол: «Адам – адамзат үшін еңбек етсе ғана адам» деп тұжырым жасайды» деп түйіндейді.
Ал қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеуге арнаған өлкетанушы, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай Сайын ағасы туралы: «Сайын Назарбекұлы қазір демократқа айналып шыға келген, бұрынғы партиялық номенклатураның қорасынан шыққан­дардан емес. Сонда да ол жоғары жақтағы тоңмойын шенеуніктермен де, қалың бұқарамен де байланыс жасай алатын, ең бастысы айтқан сөзі далада қалмай, өз ойы мен сөзін оларға жеткізе алатын адам» деген болса, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен Сайын Назарбектің өлеңдерін әрбір жас қазақ азаматы оқуға тиіс 250 кітаптың қатарына қосар едім. Ал әрбір зиялы адам өле-өлгенше тауысуға тиіс 2500-3000 кітаптың алғашқы жүздіктерінің қатарында болатынына кәміл сенемін. Сонымен бірге, Сайын өлеңдерін көзбен емес, көңілмен оқу керек. Әр сөзін оймен өлшеп, жүрекпен таразылай білу қажет» деп Сайын Назарбек шығармашылығын биікке көтереді.
Жерлесіміздің өмірі мен еңбектері туралы кітап жазған экономика ғылымының докторы, профессор Мырзагелді Кемел: «Қазақта бірнеше мағына беретін сөздер көп. Соның бірі – «Жаса» деген сөз. Жаса дегеннің бір мағынасы «Көп жаса, өмірің ұзақ болсын» деген сөз. Тағы бір мағынасы: «Жасар ісің таусылмасын, шығармашылығың таси берсін, артыңда үлгі болар іс қалдырып, жасампаздықпен ғұмыр кеш» дегенге келеді. Сізге осы «Жаса!»-ның екеуін де тілеймін. Өмірге бейтарап қарамайтын, қолынан келгенін жасайтын азамат адамдарды жаным қалайды. Сізбен жолықтырған тағдырға ризамын. Бойымды мұң баса қалғандай болғанда сіз есіме түсетін болдыңыз» деп толғанса, айбынды ақын Темірхан Медетбек Сайын өлеңдері туралы «Сайын сөзбен ойнамайды. Сайын сөзбен ойлайды. Сайын сөздерді жонып отырмайды. Сайын сөздерді қорғасынға ұқсатып, ерітіп, құяды» деп әдемі суреттеген.
Қазақтың игі жақсыларынан осындай жоғары баға алған Сайын Назарбек Маңғыстау жерінде 1909 жылы туған Назарбек Сәрсенұлы мен 1916 жылы туған Жаңылдық Қойшығұлқызы атты қарапайым шаруалардың отбасында өмірге келген. Бар ғұмырын Тигенде өткізген Тоқтамыс бабаның ұрпағы Назарбек пен Жаңылдық 1932 жылы шаңырақ көтеріп, 1941 жылдың 2 қаңтарында Сайын атты ұлды болыпты. Ата-бабалардан жеткен әңгімелерге сенсек, Тоқтамыс қол бастаған, қазақ-жоңғар соғысында батыр атанған. Оның немересі Еспембет те қазақ-түрікмен тайпалары арасындағы қақтығыстарда батырлығымен көзге түскен деседі. Бұдан кейінгі ұрпақ – Тағыберді отар-отар түйе өсіріп, бай болған. Ал Сайынның атасы Сәрсен жас кезінде сері болып, зергерлік өнермен, егіншілікпен айналысыпты. Серіліктен болар, малдан айырылып, кедейленген.
Бала Сайын да Тигеннің топырағында өседі. Оқуға зерек, қоғамдық жұмыстарда белсенді бала 1958 жылы орта мектепті бітіріп, бірден еңбекке араласады. 5 жыл бойына көлік жүргізуші болып жұмыс жасаған жас жігіт 1964 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының инженер-құрылыс факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу ордасын бітіргесін, осында қалып, «Құрылыс технология­сы және оны ұйымдастыру» пәнінен дәріс береді. Мұғалімдікпен қоса, институт аспирантурасын тәмамдаған Сайын елге оралып, 1975-80 жылдары Жаңаөзен қаласындағы құрылыс мекемесінде басшылық қызмет атқарады. 1980-1989 жылдары Алматы құрылыс техникумында ұстаздық жұмысын жалғастырып, 1989-1991 жылдары бас қаладағы «Мирас» өндірістік, шығармашылық кооперативін ұйымдастыруға араласып, қазақ қолөнерінің жандануына ықпал етеді.
90-жылдардан бастап құрылысшы Сайын­ның қазақтың тарихи тұлғалары мен киелі орындарға көптеген зираттық сәулет ғимараттарын тұрғызу бағытында қызметі басталады. Бүгінде еліміздің бірқатар аймақтарында сәулетші Сайынның қолтаңбасы бар тарихи маңызды ескерткіштер жетерлік. Маңғыстауда Абыл ақын, Досан батыр, Долы Апа күмбездері, Тобықтыдағы Бекет Ата мешіті, Баянауыл­да Сұлтанмахмұт Торайғыров күмбезі, Оралда Сыдық батыр сағанасы, Шыңғыстау өңірінде «Абай-Шәкәрім» мұнаралары, «Омархан-Нұржамал» кесенесі, Тобықты Тоқтамыс батыр, Мамай батар, Кеңгірбай би, Көкбай ақын күмбездері, Ділдә, Әйгерім, Ақылбай сағаналары, Қаратау өңірінде «Домалақ-ана», Жары Тоқтамыс батыр кесенелері, Атырау өңірінде «Хан Ордалы Сарайшық» кесенесі, Исатай-Махамбет мешіті, Нұрғали Тасмағамбетов сағанасы, Алатауда Әзілхан Нұршайықов күмбезі жерлесіміздің ерен еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі.
Негізгі мамандығы бойынша қызметін тоқтатпаған Сайын Назарбек есейе келе қаламгер ретінде таныла бастайды. Жазушы-ақынның 1994 жылы «Парыз», 1995 жылы «Абай басқан Жидебай топырағы», 1996 жылы «Шерқала», 2006 жылы «Менің Ақ Ордам» өлең кітаптары, 2001 жылы үш томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы «Сырласым бол» кітабы және 2011 жылы тоғыз томдық шығармалар жинағы жарық көреді. «Қазақтың киіз үйі», сегіз томдық «Қазақ халқының шежіре-тарихы. Адай тайпасы», «Қаһарман халықтың қаһарман ұлы» атты еңбектердің авторы драматургия жанрында қалам тербеп, «Махамбеттің бір күні», «Ақбөбек», «Ант», «Шотан батыр» және «Абай ішіп үлгермеген у» пьесаларын жазды.
Ел үшін еткен еңбегі еленіп, Сайын аға бірқатар марапаттарға ие болған жан. Қазақ халық «Экология» Академиясының академигі, Қазақстан ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті мүшесі, Ш.Құдайбердиев атындағы Семей мем­ле­кеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар, Сәулетшілер одақтарының мүшесі.
1996 жылы республика Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, бірнеше рет облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған ол, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Атыраудағы Махамбет және Семейдегі Абай аудандарының құрметті азаматы.
Қазақ халқының ұлы перзенттері Абай Құнанбайұлы, Нұрсұлтан Назарбаев және Әбіш Кекілбайұлы сынды тұлғаларға арналған «Ұлы Дала Ұлдары» атты еңбек жазған Сайын Назарбекұлы қазір қазақ даласында өткен тарихи тұлғалар мен тарихи орындарға тұрғызылған өзінің сәулет ескерткіштері туралы «Ұлы Дала Таулары» атты естелік кітабын жазу үстінде.
Мен Сайынмын ғой!…
Ақын болып ағымнан жарылғанмын!
Ойын ұқтым абыздың, дарындардың!
Сол ойлардан тоқыдым шекпенімді,
Жаным сезді ежелден сарын барын.
Бәріңді де, бәріңді танимын ғой!
Айтпақ болғам сендерге пайымды ой.
Ес білгелі жүрегім соқты сен деп,
Мен балаңмын, ақының Сайынмын ғой! – деп жырлаған Сайын Назарбек 2004 жылы «Береке-Бірлік» қоғамдық бірлестігін құрып, «Бірде-бір жетімі жоқ ел туралы ойланып көрелікші! Аза­мат­тарының қайырымдылық қасиет­тері мен мемлекетінің адамсүйгіш­тігі мол заңы бар елде жетімдер болмауға тиіс. Ең бақытты жандардың Отаны сондай ел! Ендеше, бақытты сезіну де, басқаны бақытты ету де әр мемлекет заңының, мемлекет азаматтарының өз қолында секілді! Қазақ халқы осындай қасиеттерімен бүкіл әлемге аты шыққан халық! Бір жетімге кездессе: «Бір балаң артық туса далаға тастаймысың!» деп асырап алатын. Аталарымыз барлық кісіліктің басы «Жетімнің маңдайынан сыйпау!», барлық қайырым басы «Жетімді жетімсіретпеу!» депті. Бабаларымыздың сол ұлы қасиеттерін қайта қалыптастыралық! Қазақстанды жетімі жоқ елге айналдыралық!» деп бастама көтерген болатын. Ондағы мақсат – күн санап қатары көбейіп бара жатқан қаракөз жетімдердің санын азайту, «көкек» аналар мен тасжүрек әкелерге ой тастау болатын.
Биыл 75 жасқа толғалы отырған Сайын ағаның болмыс-бітімі, сүрген тіршілігі мен еткен еңбегін зерттей келе, өмір жолдарында әрдайым адамгершілік пен мейірімділікті ұстанымы еткенін анық түсіндім. Түсіндім де, адамсүйгіш тұлғаға деген құрметім арта түсті.

Анар Шамшадинова
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.