Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлау

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

Әр дәуірдің халық ерекше құрметтейтін тұғырлы тұлғалары болады. Солардың бірі әрі бірегейі қазақтың дана да дара перзенті Әбіш Кекілбайұлы болатын. Мейлі саясатта, не болмаса әдебиетте яки мәдениет пен өнерде болсын ардақты да аяулы азаматтың ерекше орны бар еді.
Әбіш ағамыз қазақ сөзінің хас шебері болатын. Қазақ сөзінің қасиеті қонғандардың бірегейі деп толық сеніммен айта аламыз. Ұлт перзентінің аталы сөзі ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері анық.
Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғали туған халқының сүйіспеншілігіне бөленген жазушының қанатты сөздерін жинап, оқырман қауымға ұсынуды қолға алған екен. Төменде сол көсемсөздер мен шешенсөздердің бірқатары жарияланып отыр.

Шын азаматтық бақыт пен шын азаматтық қасірет ең алдымен өмірлік проблеманың қалай шешілгеніне байланысты.
***
Арман қашан да ұзақ, ғұмыр қашан да қысқа.
***
Адам үшін өмірдің мән-маңызы – азаматтық жауапкершілік.
***
Әрбір азаматтық үлкен мүдденің ең бірінші жауы – тоғышарлық.
***
Қатыгез қапас тоғышарлықтың ең алдымен жүгірер қаруы – қудалау, қорқыту, зорлық-зомбылық.
***
Күлкінің де күлкісі бар. Күлкі шабуын білмесең өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін нар кескен қылыш сияқты қатерлі қару.
***
Серке Қожамқұлов – өз заманының, өз халқының реалистік келбетінің сахналық кескінін жасауда орасан зор еңбек сіңірген сахна шебері.
***
Олжас поэзиясының басты қаһарманы – жасампаздық.
***
Жалпақ әлемге жан дүниесін жайып салу – ақын адамның өзге жұмыр басты пенделерден жалғыз-ақ айырмасы.
***
Ақындық – саф алтындай ілуде бір кездесетін сирек талант.
***
Үлкен ақын – ел ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.
***
Хан тәңіріндей көкпен таласқан қайсар, қай жағынан қарасаң да қапысын тапқызбас тәкаппар биіктердің бірі – Қасым.
***
Тапшы таланттан, таңқы дарыннан кемел суреткер шықпайды.
***
Өнерді өмірлі ететін – шындық.
***
Шындыққа адал шығарма ғана ұзақ өмір сүрмек.
***
Суреткерлік – дарынмен қоса азаматтық ерлікті де қажет етеді.
***
Биік бәйтеректің саясы да мол болады.
***
Ақиқат алдында адал емес суреткердің өнер алдында адал болуы еш мүмкін емес.
***
Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетіндегі өзі ғана өсіп қоймай, әдебиетті де өсіре білген санаулы суреткердің бірі.
***
Тек өз шығармасына қатаң талап, үлкен жауапкершілікпен қарай алатын жазушы ғана күллі әдебиеттің жағдайына жаны ашып, болашағына қамқорлық жасай алады.
***
Адамды шын бақытты ететін өзгелерге деген адал қызмет пен абзал мейірім.
***
Адамдар әділ болса, өмір әрқашан әділ.
***
Адам нәсілін жер бетіне баянды етіп тұрған бірден-бір күш мейірім мен рахым.
***
Орынсыз ашқарақтық, орынсыз баққұмарлық шынайы азаматтық бақыт үшін қандай қиянат болса, орынсыз жігерсіздік пен рухани қауқарсыздық, орынсыз көнтері көнбестік те дәл осындай қиянат.
***
Әккілік жүрген жерде шын пәтуаның, әулекілік жүрген жерде шын парасаттың көсегесі көгере қоюы неғайбыл.
***
Заманға таң қалмай, адамға таң қалу керек.
***
Алдағы жыл арттағыдан көп болмайды, бірақ алдағы парыз арттағыдан ауыр.
***
Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын.
***
Құдайдай адамды дүниеге әкелу тек Құдайдың ғана қолынан келетін іс.
***
Жақсылыққа деген ықылас азайған жерде жақсы болсам деген ыждағат та азаяды.
***
Еділдің суын шелектеп шашып, Жайықтың суын ожаулап төгіп, түгел сарқып шығу қандай мүмкін болмаса, Құрманғазының асқар таудай абыройын қысыр қаңқумен аласартамын деу сондай мүмкін емес шаруа.
***
Құрманғазының күйісіз таңымыз атып, күніміз батқан емес.
***
Алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар.
***
Қуанышы бар дүниенің өкініші бар.
***
Көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басына сүйесін, қолтығына демесін болатын ұлылар дүние тұрғанша тұру үшін туады.
***
Жаманның құтын қашырудың жалғыз жолы жақсының нұрын тасыту.
***
Әділдік бар жерде елдік те бар.
***
Ар қиналмай, жан қиналмайды.
***
Сабырсыздық ауыз күйдірмесе абырой алып бермейді.
***
Талант – арманға табынады, өмір мүмкіндікке бағынады.
***
Қаншама зор бақыттың аржағында соншама сор азап тұрады.
***
Пәтуасыз уақыт сабырлыны тонап, саналыны арытады.
***
Аттан ауып түскен ақырет, тақтан ауып түскен тақсірет емес.
***
Өз басыңнан бақ ауса да ел басынан бақ аумасын.
***
Тілінің балы басым ақындар да, уы басым басым ақындар да болады.
***
Тұманбай – тілінің балы басым ақын.
***
Тобыр мен тоғышардың сойылын соққан сөз заманды күземесе түземейді.
***
Жөнсіз жомарттың көжесі сұйылып кетеді.
***
Шын ақын өзін ұлтының рухани әкесімін деп емес, ең кенже перзентімін деп санауы керек.
***
М.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі.
***
Тарих – тек өз кезеңі тұрғысынан қарасаң ғана сырын ашатын тылсым жұмбақ.
***
Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу.
***
«Қилы заман» – қандықол отаршыл империяның қорлығына көнбей, басын оққа байлаған азаматшыл ел туралы реквием.
***
Ұлы шығарма – қашанда өзінің мәңгі көкейкестігімен ұлы.
***
Әуезовті әлемдік биіктерге жетелеген де, бағыт сілтеген де – ұлы Абай!
***
Әуезов – әліге дейін ашылмаған Америка.
***
Халқымыз – бүгінде өз жерінің қожасы, өз тағдырының иесі.
***
Әуезов – азаттық таңын аңсаумен ел үшін құрбан болған асыл ұрпақтың өкілі.
***
Әуезов тағдыры – ел тағдыры.
***
Әдебиет пен өнер – әрбір ұлттың рухани уызы.
***
«Абай жолы» эпопеясы – қазақ әдебиеті қайраткерлерін алға шақыратын, болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдыз.
***
Қаламгер үшін ең қымбат нәрсе – бостандық.
***
Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік.
***
Әуезовті тану – ұлтты тану.
***
Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды.
***
Ізденіс пен ізгілік, мейірбандық пен кішіпейілділік бағаланбай қалуы мүмкін емес.
***
Болған азаматқа толғана тілеулес болу да мерейлінің қолынан келетін іс.
***
Дүниемен ғұмырлас, халқымен тағдырлас, тәңірмен пейілдес елден еректерді көзі барында мүсіркеу, көзі жоғында жоқтау күпірлік.
***
Әуезовтің азаматтығы – елге деген жанпида еңбектен тұрады.
***
Жиырмасыншы ғасыр адамзатты елеңдетіп келіп еді, елегіздіріп кетіп барады.
***
Ахмет Байтұсынов – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын тұлға.
***
Ахмет Байтұрсынов бірінші кезекте халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілік жөнінде жан аямаған күрескер.
***
Ахмет Байтұрсынов – өз арманы жолында арыстанның аузына, зымыстанның түбіне бара жүріп, халқына қалтқысыз еңбек сіңіре білді.
***
Өзбекәлі Жәнібеков – жапан түзге жеке біткен көк сеңгірдей дара тұлға.
***
Өзінен әлсіздерді оңай бөктеріп үйренген өктемдік өзгелерден үйренуге құлықтылық танытпайды.
***
Алауыздық – асқындаған саяси этропияның басты көрінісі.
***
Қазақ халқы патшалық Ресейдің отаршылдығына ең көп қарсыласқан қауымдардың бірі.
***
Ұлт тек ұлттық ынтымақ жағдайында ғана өз мүддесіне жете алады.
***
Голощекиннің «Кіші Октябрі» – Қазақстанды түпкілікті ұлтсыздандыру жолында жасалған бірінші зымияндық ірі қадам.
***
Колбиннің «Үшінші Октябрі» – Қазақстанды біржолата қазақтық сипаттан айыруды көздеген «ең соңғы, ең шешуші зор майдан» еді.
***
Демократия – адамдар арасымен тынбайды, халықтар арасына зор ықпал жүргізеді.
***
Нарық – демократияға ұмтылмай, ал демократия идеологиялық деспотияны құлатпай тұра алмайды.
***
Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы.
***
Аз қауымның қақысын ақыл тапқан түгендер, асаулықтың қапысын айла тапқан жүгендер.
***
Балаң тәуелсіздіктің бағын байсалды саясат баянды етеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.