Әкені аңсау

Сұлтан Оразалы,
жазушы

Мен жауынгердің ұлымын. Осы сөзден бойыма бір қуат бітетіндей. Әкем Шәріп отыз жеті жасында қан майданда қаза тапты. Мен қазір одан тура екі есе, яғни үш мүшел үлкенмін. Ол мәңгілік жігіт шағында қалды, ал мен ата жасына жеттім. Бірақ қанша жылдар өтсе де сәби кезімнен санамда таңбаланып қалған «егер әкем тірі болса ғой, онда…» деген арманды ой көкірегімнен кеткен емес. Дүниелік соғыстың тарихи мезеттері тойланатын нысаналы күндерді айтпағанда, сол соғысты кинодан көріп, кітаптан оқысам да, әкем ойыма оралады. «Оқ тиіп, қансырап жатқанда жетім қалған біздер есіне түскен шығар» деймін. «Жас өмірін қалай қиып кетті екен?» деймін кейін жігіт шағымда. «Өсіп, өнген немере-шөберелерін көрсе ғой, қандай қуанар еді» деймін бүгінгі күні. Әйтеуір, көкірегімнен орындалмайтын, таусылмайтын бір арман кеткен емес.
Әкемнің қашан, қайда, қалай қаза тапқанын көп жылдар бойы іздесем де таппай келдім. 1944 жылдың көктемінде «қара қағаз» келіпті дегенді естігем, бірақ хат танымайтын анам қайғырып жүріп ол қағазды жоғалтып алса керек. Кейіннен сұрастырғанымда әскери комиссариат «хабарсыз кеткен» деген жауап беретін. Сондықтан да «ол бір жерде тірі жүр-ау, шіркін, аман-сау келсе ғой» деген үміт үзілген емес.
Шәріптің артында бес баласы қалды. Төрт жастағы мен ұлдан жалғыз едім. Ең үлкеніміз – Кәмила, біз оны Әия дейтінбіз, әкем қаза тапқанда он жаста, естиярымыз сол. Ең кішіміз – Сара қарындасым екі-ақ жаста. Қалған екі әпкем Дәмеш (біз Әсса деп кеткен, 8 жаста) пен Дәмет (6 жаста) қаршадай болса да, Әиям сыртқа кеткенде бізге бас-көз болып қалады.
Әкеміз қаза тапқан соң үйімізді жоқ­шылық иектей бастады. Шешеміз Күлән, бес баланы асыраудың қамымен, науқастығына қарамастан, іргедегі ет комбинатына қара жұмысқа тұрады. Күні бойы, кейде шешеміз кешкі кезекке кеткенде қара түнде, соғыс кезінде көшіп келген әртүрлі ұлттар ығы-жығы тұратын ұзын барақтың бізге тиесілі аядай бөлмесінен шықпай ұйлығып, анамызды сағына күтеміз. Отын мен кәресіннің тапшылығынан бөлме іші суық, әрі қараңғы. Бізді Әиям мен Әссам (Дәмеш) әлденені айтып, алдандырады. Кейде Әиям қиялдап, әкеміздің соғыстағы ерлігін, балаларына тезірек оралу үшін фашистерді топ-тобымен қынадай қырып жүргенін көріп отырғандай қызыға әңгімелейді. Әкеміз үйде жүргенде балаларын мойнына отырғызып еркелеткенін, ал өзі әкесінің сүйікті қызы болғанын сағынышпен есіне алып, мақтанады. Кейде қараңғыда жүзін көрсетпей, мұңайып, үнсіз егіледі, жылайтын сияқты. Біз де томпайып, қыбыр етпей екі әпкемізді паналап, бұйығып жатып, ұйықтап кетеміз.
Анамыздан кейінгі үйдің үлкені болғандықтан Әиямның шаруасы көп. Майдангердің отбасына тиесілі азын-аулақ тамақты үнемдеп, жеткізу соның міндеті. Аптасына бір рет кәртішкемен берілетін нанды таң атпай кезекке тұрып, түс қайта Аягөзден алып келетін де осы шынашақтай қыз еді. Ол кезде қала мен ет комбинатының арасы 3-4 шақырым ашық дала. Жолды бірнеше сай-жыралар кесіп өтеді. Сол жерлерде теміржол бойымен келген қаңғыбастар қысы-жазы жасырынып жүреді. Олар жалғыз-жарым адамды тонап, бала-шағаны ұрып-соғып кетеді. Әиям да сондай халге тап болып бізге тиесілі наннан айрылып, бір апта аш қалдық.
Сол кезде комбинаттың асханасы күйеулері соғыста қаза тапқан жұмысшы әйелдерге көмек ретінде күніне ішіне тартылған ішек-қарын (ливер) салынған бір-бір бәлішті әр балаға санап тегін беретін. Күні бойғы талғажу ететін азығымыз сол.
Еміс-еміс есімде, кейіннен өздерінен сұрап анықтадым ғой, сол күндерде қаршадай әпкелерім: Әиям, Әссам, Дәмет үшеуі өздерінің өзегі талып тұрса да, «бауырымыз тірі қалсын, әкеміздің оты өшпесін» деп жалғыз бәліштерінің жартысын тығып маған беретін көрінеді. Бір күні көздерінің алды көгеріп, титықтаған қыздарын бай­қаған анам осы оқиғаны естіп, оларды бауырына басып, шарасыздықтан ұзақ жылапты.
Соғыс біткен соң ата-бабамыздың қонысы – Шыңғыстауға көштік. «Жетімдерімізді далаға тастамаймыз» деп ағайын-туыс жиылып шешемізді әмеңгерлік жолмен немере туысымыз Сахарияға қосты. Екінші әкеміз Сахария (Сақан) Шәріппен бірге өскен, түйдей құрдас адам екен. Темірден түйін түйетін зергер, қолынан бәрі келетін шебер ұста, Сталинград майданынан тірі оралған, көп сөзі жоқ, орнықты, мейірбан кісі болатын. Бізді асырады, қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырған жоқ. Тәрбиеледі, оқытты. Егер, бойымызда бір жақсы қасиет болса, сөз жоқ, сол кісінің арқасы, өнегесі, үлгісі дер едім.
Бірақ Әиям шешесінің тұрмысқа шыққанын қаламады. Әкені ұмыта алмай, оңашада күйініп жылайтын.
– Шешем әкеміздің отын өшіріп кетті. Бірақ сен, Сұлтан, әкеңнің шаңырағын қайта көтеруге тиіссің. Ол үшін жақсы оқы, дұрыс азамат бол, – дейтін оңашада. Өзі әкесін іздеп түрлі жерлерге үнемі хат жазғанымен, мардымды жауап алған емес. Кейіннен бұл міндетті маған жүктеді. Қолынан келгені жұма сайын жеті шелпек пісіріп, әкесіне құран бағыштайтын.
Біз Шыңғыстауға келген соң көк майсалы, мөлдір сулы Құндызды өзенінің бойын­да тұрдық. Тіліміз «соғыс» деп шыққан, есіміз майдан оқиғаларын естумен кірген, ертегіміз де, ойынымыз да «соғыс» болған ұрпақпыз ғой. Ауыл балалары жиналып, жаз бойы осы ойынға құмар болдық. Жар қабағы, ықпыл-жықпылы көп, іргесінде сай-салалы дөңдері бар бұл жер нағыз майдан алаңына лайық еді. Қайда тығылып, «фашистерді» қалай жайратамын десең де еркің. Бірақ балалардың бірде-бірі фашист болғысы келмейді. Бәрі де өзін Бауыржандай батыр санайды. Сондай керемет батыр болғанын немере ағам Самар бізді жиып алып майын тамызып айтып берген. Ол кітаптан оқыпты, соғыстан қайтқан әкесінен естіпті. Самардың айтуынша, Бауыржан немістерді тура Мәскеудің түбінде жалғыз өзі тоқтатып, өлтіргенін өлтіріп, қалғанын тырқырата қуып, Берлинге дейін барыпты. Гитлер одан зәре-құты қалмай қорқады екен. Ал Сталин: «Бұл қандай батыр, көрейінші» деп шақырыпты. Сталинге ешкімді қарумен кіргізбейді екен. Ал Бауыржан көсеммен әңгімелесіп болған соң кабинеттен шыға бере, күзетшілерге қалтасына тыққан пистолетін саусағымен шыр айналдырып көрсетіпті дейді. Сонда сүйсінген Сталин: – Жарайсың, Бауыржан! Сендей батыр тумас, – десе керек.
Самар «соғыс» басталардың алдында 7-8 жасар біздерді сапқа тұрғызып, аяғымызбен жер тепкілетіп, ән шырқатады.
Бесатарым қолымда,
Біз окопта жатамыз.
Қарсы келген фашисті
Қақ жүректен атамыз! – деп шырылдай шыққан даусымыз Құндызды өзенінің бойын жаңғырықтырады. Ән аяқталған соң өзі қаздиып тұрып: – Біздің жақ оң қолыма, «фашистер» – сол қолыма шығыңдар деп бұйрық берген еді, сол жаққа ешкім шықпады. Қабағы кіржиып, ойланып қалған Самар: – Онда былай істейік, – деді. Қалтасында үнемі толып жүретін асықтарының бірін таңдап алып: – Мен мына асықты иіремін. Кімде-кімге алшы және шік түссе – оң қолыма, тәйке және бүк түссе, сол қолыма тұрады, – деді. Өзін «Бауыржан – командир» деп жариялады. Осылайша біздің «соғыс» басталып кетті…
Мен, әрине, ағам болғандықтан, Самар-командирдің жанында жүремін. Әкемнің Бауыржанмен бірге соғысқанына ешбір шүбәм жоқ. Соны медет тұтам. Оның еміс-еміс бейнесін көз алдыма елестетіп, ұлының да батыр екенін көрсін деп «дұшпанға» өршелене шабуылдаймын. Осындай ес кетіп «соғысып» жатқан күндердің бірінде қасымызға ілмиген арық, киімі өрім-өрім, екі көзі тұздай, шашы өзеннің жиегіне өскен сасырдың сары желегі сияқты сап-сары бір бала келді. Ол біздің ауылға жер аударылып таяуда көшіп келген немістің баласы Айген еді. Ойнағысы келіп, қазақша-немісше былықтырып әлдене айтқан болады. Сол кезде таңырқай қарап қалған балалардың бірі «неміс!» деп айғай салды. – Фашист! Оң қол жақтағы біздермен бірге, сол қол жақтағы «фашистер» де оған тап берді. Мен бірінші жетіп, жел соқса құлағалы тұрған сары баланы домалатып түсірдім. Үстіне қона кетіп төмпештеп жатырмын. Неге екенін білмеймін, ішім алай-дүлей болып, еңіреп жылап жіберіппін. Сол кезде Самар-командирдің дауысы шықты:
– Тоқтат! Бауыржан қолға түскен немісті өлтірмей тұтқынға алған. Бұл біздің тұтқынымыз.
Сөйтіп, қолға түсірген алғашқы тұтқынымыз, кейіннен тай-құлындай тебісіп бірге өскен, қазақтан қыз алып, он бала сүйген, Құндыздыдағы атақты жылқышы, неміс екенін ұмытып, қазаққа сіңіп кеткен Каутер Айген деген азамат еді…
Соның Эрвен деген ұлы ғой, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүргенде әкесіне хат жазыпты: «Мұнда неше түрлі ұлттың балалары бар. Бұзықтар көп. Соның ішінде екі-ақ қазақпыз, бірақ намысымызды ешкімге берген емеспіз!» дейтін…
Жылдар жылжып өтіп жатты. Әкемнен сол бойы хабар болған жоқ. Сақан ағам (Сахарияны солай атайтынбыз) мені ердің алдына отырғызып, ауыл ішінде бірге алып жүретін. «Мынау өз ұлың ба?» дегендерге, «Жоқ. Шәріптің баласы ғой. Әкесі келсе өзіне беремін» дейтін. «Ә, жақсының көзі екен ғой. Бәсе Шәріпке аумай тартыпты, айналайын, жақсы азамат болып өс» деп қоштайтын ауыл адамдары. Әкемді білетін бұл кісілер маған да ерекше жақын, ыстық көрінуші еді.
Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға жүретін болдым. Алматы шешеме қиямет-қайым алыс жер, беймәлім қала болып көрінді. «Барма!» деп үгіттеді. «Талабың тасып бара жатса, Семейде оқып та адам боласың. Оның үстіне қаражат жоқ. Жалғыз Сақанның табысы мына шиеттей он баланы асырауға жете ме, әлде сенің жолыңа береміз бе?» деп кейіді. Сақан аға көп сөйлемейтін адам. Бір күні таң ата екі аяқты мотоциклін тырылдатып жайлауға тартып кетті. Ол кезде азын-аулақ ақша тек шопандарда болатын. Біреуден үш сом, біреуден бес сомнан қарыз алып, тоқсан сом жинапты. «Осы ақша жолыңа жетіп қалар, – деді. –Үлкен қаланың ықпыл-жықпылы көп болады, байқап жүр, балам. Ең бастысы компанға (топқа дегені) қосылма! Арақ-шарап, темекіден сақ бол! Не істесең де өз ақылыңмен істе, біреулердің жетегіне еріп кетпе» деп ақылын айтты. Мен Алматыда оқып жүрген жылдары осы сөздерін оқушы дәптерінің тор көзді бетіне қарындашпен латын әрпінде айбақ-сайбақ етіп жазып, үшкіл хат жіберетін. – Ликбезден алған білімім, міне, хат жазуға жарады, – деп мәз болатын жарықтық.
Университеттің соңғы жылында үйле­нуге бел будым. Наурыз айының 28-і күні студенттер асханасында той өткізетін болдық.
– Неге 28 наурыз?! Неге мереке күндерінің бірі емес? Тойды жазда немесе күзде өткізу қолайлы емес пе? Мына көктемгі лайсаңда Алматыға кім барады? – деген сұрақтар мен реніш қаптап кетті. Бірақ қандай күш демегенін білмеймін, бетімнен қайтпадым. 28 наурызда той өтті. «Сұлтан, әкеңнің отын қайта жағыпсың! Құттықтаймын!» деген жеделхат Әиямнан бі­рінші келді. Сақан ағам: «Шәріптің шаңы­ра­ғын көтерген екенсің, енді соған ие бол! Бізге алаңдама!» деп туыстардан сәлем айтты…
Әкемнің дерегін көп жылдардан соң таптым. Жеңістің елу жылдығы қарсаңында Белоруссия үкіметі мен Ресейдің Подольскідегі мұрағатынан хабар жетті.
Шәріп Оразалыұлы Оразалинов, 1907 жылы Шыңғыстауда туған, 1943 жылдың жазында әскерге алынып, үш айдан аса Сергиопольдегі әскери бөлімде дайындықтан өтіпті. 1944 жылдың басында кескілескен ұрыс жүргізіліп жатқан Белорусь майданының алғы шебіне жөнелтіліпті. Орыс жерін азат етуде ерлікпен соғысқан. 1944 жылдың наурыз айының орта тұсында Витебск қаласының іргесіндегі әскери маңызы зор бекіністерді алуға қатынасқан. 1944 жылдың 28 наурыз күні, таңға жақын шабуыл кезінде, жауынгерлердің алдыңғы легінде оққа ұшыпты. Денесі өзі қаза тапқан жерге қойылып, кейіннен, елуінші жылдары он екі мың жауынгер жатқан қорымға қайта жерленіпті.
Мен алған ресми деректер осылай еді. Сол күндері Қазақ энциклопедиясының Бас директоры, досым Рымғали Нұрғалиев та телефон соқты. Ол «Боздақтар» атты соғыс­та қаза тапқан семейліктер туралы кітап шығарып жатқан. Дауысы өте қуанышты:
– Әй, Оразалин, біз бүгін Подольскіден көп құжаттар алдық. Ішінде сенің әкең туралы да деректер бар. Оны білесің бе? – деді.
– Білем. Маған да келген.
– Ендеше, мен «қара кемпір» (Менің шешеме еркелеп, солай айтатын) мен әкең екеуінің суреттерін біріктіріп, кітапқа басайын деп жатырмын, бірі кәрі, бірі жас болып отырсын, – деді мәз болып.
– Бұл қылығымды «қара кемпір» қолдай ма, жоқ па?!
Ол сәл ойланып тұрып, кенеттен ойына әлдене түскендей:
– Әй, досым, осы сен 1964 жылдың 28 наурызында үйлендің емес пе? – деді.
– Иә, тойды өзің басқарып, тамада болдың ғой?!
– Апыр-ай, мынаны қара! Мына құжатта әкең 1944 жылы 28 наурыз күні оққа ұшыпты. Сен тура жиырма жылдан соң 1964 жылдың 28 наурызында үйлендің. Осыны біліп істедің бе?
– Жоқ. Әкем туралы деректерді енді ғана таптым емес пе?!
Рымғали менімен бірдей абыржып, таңырқағанын жасыра алмады.
– Ғажап! Тағдыр дегеніміз қызық екен-ау… Сұлтеке, қандай сәйкестік… – дей берді.
Бұл күндері әкем тіріліп келгендей күйде жүрдім. Бірден Аягөз ауданында тұратын Әияма хабарластым. Ол кісі ауыр науқас еді. Телефонмен сөйлесе алмады. Кейіннен, балаларының айтуынша, тілдесуге дәрмені жетпей, менің хабарымды «түсіндім» дегендей басын изеп, жүзі нұрланып, екі көзінен жас парлай беріпті. Қайран әпкем, өмір бойы күткен хабарын естіген сәтте осындай дәрменсіз күйде жатыпты.
Витебск қаласының Ресей жақ бетінде, 5-6 шақырым жердегі орманның жиегінде алып ескерткіш тұр. Ол биік қорған сияқты тас қабырға түрінде қаланып, бетіне жауынгерлердің бейнесі безерленген. Тат бас­пайтын металдан үлкен әріптермен «1941-1945 жылдары қан майданда азаттық жолында қаза тапқандардың даңқы арта берсін!» деген жазу бар. Қабырғаның өн бойында осы жерде жатқан он екі мың жауынгердің тізімі беріліпті. Кейіннен таңбаланса керек, алтынмен жазылған әкемнің аты-жөні алыстан жарқырап көрінеді. Бұндай жазу Витебск облысының «Алтын кітабына» да кіріпті. Туған жері Құндыздыдан апарып топырақ салдым. Сол жердің тұрғындарына шағын ас бердім.
Әкем азат еткен бес-алты ағаш үйлі хутор әлі тұр. Іргесіндегі окоптар мен блиндаждардың да із-сорабы сақталыпты. Тоғай ішінде оқ пен снарядтардың гильзалары шашылып жатыр. «Әкем осы арада жарық дүниемен қоштасты-ау» деп мөлшерлеп бір уыс топырақты сол жерден, екіншісін бауырластар қорымынан алып, елге жеткіздім. Ауыл адамдарын жинап ас бердік. Сақан ағам мен анам Күлән жатқан зираттың ішіне топырақты «жерледік». Сыртында «Бұл жерде 1944 жылы 28 наурызда Витебск қаласының түбіндегі ұрыста қаза тапқан Шәріп Оразалыұлының зиратынан алынған топырақ жатыр» деген сөзді мәрмәр тасқа ойып жаздық. Келген-кеткен адамдар енді құранды үшеуіне бірдей бағыштайтын болды.
Өмір бойы аңсап күткен әкеме қолымнан келгені тек осы ғана…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.