Өнеге

Мұғалім болу – қашаннан ең беделді мамандық болып саналған. Ерік-жігері мықты, табанды адам ғана бұл мамандықты меңгере алады. Сондай жандардың бірі біздің тәжірибелі де ақылман әріптесіміз – Ғазиза Қожағұлова. Ол мыңдаған студенттер мен курсанттарға терең білім беру жолында қаншама тер төкті. Үнемі ізденіс үстінде жүретін еңбекқор әріптесімізді мақтан тұтамыз.

Ғазиза Қайыржанқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі». Өзінің бар ұстаздық қызметінде қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарды шабыттандырып отырады. Бір бойында әйелге тән нәзіктік, сезімталдық, талғампаздық, қайы­рымдылық, қайсарлық, қайраттылық та бар.
Әріптесіміз – білікті және тәжіри­белі маман, филология ғылы­мының кандидаты, доцент. Дәстүрлі және заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, жоғары әдістемелік деңгейде сабақтарын жүргізеді, оқу үдерісінің ғылыми ұйымдастырылуына, курсант­тардың кәсіби дайындығына көп көңіл бөледі.
Ол жетекшілік ететін Әскери институттың тілдік дайындық кафедрасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының болашақ офицерлерін оқыту мен тәрбиелеуде үлкен үлес қосуда. Оқыту мен тәрбиелеу тақырыбына іс-шаралар, отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған 130-дан астам мақала арналды. Студенттер мен курсанттарға арналған он екі оқу және оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді.
Ол кісіні әріптестері мен шәкірт­тері институтта өткізілетін іс-шара­лардың жауапты орындаушысы деп таниды. Өзіне де, әріптестеріне де жоғары талап қоя біледі. Басқалардың қуанышына ортақтасуды парыз санауы, жанашырлық, адамды тыңдай білуі сияқты қасиеттерін құрметтейміз. Әріптестерінің пікірімен, көзқарас­тарымен санасады, әр уақытта кеңес береді. Түсіністік болса шешілмейтін мәселе жоқ екеніне көзімізді жеткізіп отырады. Әрбір ісіне адалдықты ту етіп, жеке басының ақыл-параса­ты­мен кейінгілерге үлгі бола білген Ғазиза Қайыржанқызының көп жылғы іс-тәжірибесі, шеберлігі, жо­ғары азаматтық ұстанымы көптеген ізбасар әріптестеріне үлгі-өнеге. Көш­басшылық қасиеті, жоғары мә­дениеттілігі, өз ісіне шынайы берілгендігі – бұлардың бәрі біздің кафедра басшысының қыз­ме­тіндегі табысқа жетуінің қайнар көзі.
Ғазиза Қайыржанқызы шаңы­рағының берекесін келтіріп отырған аяу­лы ана. Әріптесіміздің педагогикалық дарындылығы, мейірімділігі мен адамгершілігі бәрімізге өнеге деп білеміз.

Венера Зейнина,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты тілдік дайындық кафедрасының аға оқытушысы
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.