Бір өзі арқалап ұлттың жүгін…

(Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханға арналады)

Ерекше елім менен ер бағасы,
Күнге де ииді ғой Жер-анасы.
Әлихан ең алғашқы үкіметтің
Топ жарған серкесі еді – төрағасы.

Келешек кемеліне сенем деген,
Алайда ердің ісі еленбеген.
Әлекең Әлімхан інісімен
Қазақтың шекарасын шегендеген.

Замана ағымынан қалыспады,
Есте ғой жендеттермен алысқаны.
Бір өзі арқалап ап ұлттың жүгін
Атанды темір тордың арыстаны.

Бүгінде жерім рабат, елім дарқан,
Жігітке елді ойлаған сенім артам.
Әлеке, аруағыңнан айналайын,
Осылай отырғаным сенің арқаң.

Тамыры терең тартқан құламайды,
Көрді алаш ұлағай-бұлағайды.
Әлекең таныстырған тұңғыш рет,
Шығарып кітабымен ұлы Абайды.

Көрмедік сондай сойды, ұлы ағаны,
Қинаса құламады, сұламады.
Нұрмұхамед әкеден айналайық,
Өсірген Әлихандай ғұламаны.

Созбайын, әдебімнен шаң озбайын,
Санаткер сарабынан сан қозғайын.
Туар ма ендігіде қайтпас қайсар,
Әлихандай шарқ ұрар шандоздайын.

…Дариға-ай, енді заман құбылмасын,
Мұңымнан болсын әсте жырым басым.
Әлекең салып кеткен сара жолда
Алаштың байрақ туы жығылмасын!

Бақытжан ТОБАЯҚ,
Ә.Бөкейхан атындағы
сыйлықтың лауреаты
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.