«Қазақша сөйлеңдер!» дейтін қариялар көп болса екен

Бүгінде қазақтар әлемнің көптеген елдерінде өмір сүретіні белгілі. Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты атамекенінен жырақ кеткен қандас бауырларымыз аз емес. Бұл орайда өзге елге қоныс аударып, ғұмыр кешудің, ұлттық болмыс пен кескін-келбетті сақтау жолының қаншалықты қиынға соғатынын айтып жатудың өзі артық болар. Басқа қоғамдық орта, салт пен мәдениет, т.т. Ал ең басты мәселе ол, әрине, өзге тілдік орта.

Бажайлап қарасақ, өзге тілдік ортаның адамның күллі ой-санасына, таны­мы мен пайымына, ұлттық сипатына тигізетін әсер-ықпалы орасан зор. Мұндай жағдайға тап болғандар ана тілін бірте-бірте ұмыта бастауы заңдылық. Өйткені әрбір мемлекет қалай дегенмен өзінің идеологиясын жүргізеді ғой. Бұл түсінікті. Ондайда өз тіліңді ұмытпай жүру қиынның қиыны.
Атамекенінен жырақта жүрген­дердің арасында алдыңғы толқын ағалар, яғни өмір жасы бүгінде сексен, тоқсанды шамалағандар болмаса, олардан тараған кейінгі ұрпақтың өз ана тілін білу дәрежесі тым аянышты халде екені жасырын емес. Бұл өзге елде өмір сүргеннің тікелей әсері. Сол себепті ондай ортада өмір сүріп, тілін ұмытқандарға бір жағынан кінә да арта алмайсың. Өзегіңді өкініш өртеп, қамығасың да қоясың.
Қайбір жылы Ресейдің Алтай өлкесінде тұратын туыстарыма бардым. Әкемнің үлкен ағасы Жұмабай атам (біз ол кісіні ата дейтінбіз) дүниеден озып, балалары жылдық асын берді. Бұл өлке Құлынды даласының аумағында орналасқан. Ата-бабаларымыздың байырғы жері болғандықтан мұнда біршама қазақ ауылдары бар. Кезінде сол ауылдардан қазақылықтың иісі аңқып тұратын. Өйткені ол кезде аға ұрпақтың көзі тірі еді. Салт-дәстүрді жетік білетін, әдет-ғұрыптарын ұстанатын үлкендер бар еді. Ал енді бүгінде сол аға буынның, кешегі ақсақалдардың, аталар мен әжелердің қатары сиреп, азая бастағанда қазіргі буынның, яғни кейінгі жастардың қазақылықтан тамыр үзе бастағанын байқадым. Күнделікті өмірде орыс тілін қолданады. Қазақша сөйлесе де, бір-екі ауыз сөзбен ғана шектеледі. Ана тілдерін мүлдем ұмытты дей алмаймын. Орта буын саналатын ұрпақ өкілдері біледі, сөйлей алады. Бірақ кейінгілер біл­меген соң олар да еріксіз жастардың ың­ғайына қарай бір-біріне орысша тіл қатады.
Бұрынғыдай қазақша салтты байқау да қиын. Той-томалақтарды шамалары келгенше салт-дәстүрге негіздеп өткізуге тырысады. Бірақ жергілікті жерлерде беташар айтатын, қазақтың әнін шырқап, күйін шертетін, салт-дәстүрге байланысты рәсімдерді өткізе алатын өнерпаздар жоқтың қасы. Ал ондай той-жиындарда ұлттық ән-күйлердің орнына санамызға жат әндер әуелеп тұрады.
Жұмабай атамыздың бес сыныптық білімі ғана болса да, ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болатын. Өйткені бойында ана сүтімен дарыған көптеген қасиеттері болды. Сөзге шешен еді. Ақыл-ойға да бір кісідей жүйрік. Теміржол саласында еңбек етті. Орыстардың арасында өссе де, бойындағы қазақылы­ғын, ұлттық рухын сақтай білді. Балаларына ұлттық тәлім-тәрбие беруге тырысты.
Ол кісінің жиі қайталап айтып отыратын бір сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ұл-қыздары өз айналасындағы тілдік ортаның ықпалына түсіп, орысша сөйлеп жүргенін көрсе: «Қазақша сөйлеңдер!» деп оларды ұлтының рухани арнасына, қайнар-бұлағына қарай бұрып отыратын. Енді Жұмабай атам өмірден озған соң ол әулетте мұндай сөзді айтатын адам да қалмады-ау деп іштей қапаланып жүремін. Бұл сол жақ­тағы аға ұрпақтың қатары сирей бас­таған кез келген отбасының басындағы жағдай десем, қателеспеспін. «Ана тілін, салт-дәстүрін құрметтеп өткен қайран аталарымыз-ай!» дейсің осындайда.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.