Ақсәуле

Иә, жастайынан даналар өсиетін оқып, жаттап өскен Сәуле Әбдіхалыққызы сөз мағынасына жете мән беру керектігін, сөзде қорғасындай салмақ барын анасы Ілімханнан үйренді. «Сөз – киелі, ал ауызға келгенді айту — күнә» дейтін ол. Данышпандар мен даналар сөзі жайдан-жай айтылмайтын. Олардың сөзі – өмірдің өзі екенін ол көңілінің бір түкпіріне түйіп өсті. 

Сәулелер 9-шы сыныпта оқып жүргенде мақал-мәтелдердің ішкі ой-иірімдерін талдау, мазмұнын ашу мақсатында тапсырма бергенім есімде. Сонда оқушымның әр сөздің мағынасын пайымдай білетін қабілетіне риза болғаным бар. «Ақыл сөзді ескерсең, жоғалмайтын сол мұра» деп Махмұд Қашқари айтқандай, Сәуленің естілер сөзін ескеріп, ақыл сөздерді бойына сіңіре білгендігі ана сүтімен дарыған қасиет дер едім. Сондықтан да болар, оның өрі мен ылдиы, қалтарысы мен қаға берісі көп өмірде қателеспегендігі. Не істегісі келсе де «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» өмір дағдысына айналдырғандығы. Өмірлік жары Абдолла мәңгілікке аттанған он үш жылдың ішінде тәуекелдің кемесіне мініп, ақылына қайратын серік еткен Сәуленің ұшан-теңіз іс тындырғаны Алматы облысының жұртшылығына, сонау Аспантаулар еліне, Қызылорда аймағына, Жаңақорған өңіріне жария болғаны анық. «Ақылдының ақылы жүрегінде» демекші, шын жүрекпен істелген істің жасампаздық сипат алатыны рас. Көзбен көргенге көңіл сенеді. Көңілі сенгенді кім болса да мойындайды. Мықтылық өзін мойындата білуде. Әрине, Сәуле өзін жұртқа танытып, мойындатуды мақсат еткен жоқ. Күндердің күнінде танымал болармын деген ой қаперіне де кірмеген. Ол өзінің жары Абдолла екеуі бір-бірін шын жақсы көрді, құрметтеді, сыйласты. Біз отбасымызбен араластық. Анда-санда қалаға бара қалғанда Сәуленің қолқалауымен олардың пәтеріне бас сұғатынмын. Пәтері тар болса да көңілі көлдей Сәуле менімен қауышқанына ерекше қуанатын. Сондай-ақ менен ешқашан сыр жасырмайтын. Абдолламен де емен-жарқын сөйлесіп, әпке мен інідей сырласқан кездеріміз бар еді.
Абдолланың қазасы Сәулені есеңгіретіп кетті. Бірақ ол иілсе де сынбады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды» деген өмір заңдылығын ақиқат осы деп дана бабаларымыз қалдырып кетті емес пе? «Ақыл – адамның тізгіні» деген жақсы сөз бар. Көз жасын көлдетіп отыра беру өмір заңдылығына қайшы екенін ұққан ол ақылына ерік берді.
Сәуле балаларын үйлендіріп, келін түсірді. Аналық парызын өтеді. Ол бүгінде ардақты ана, аяулы әже. Үлкен ұлы Бауыр­жан мен Әселден Мансұр, Марғұлан мен Мейіржандай, ортаншы ұлы Еркебұлан мен Мәдинадан Ай-Күн мен Әлихандай немерелер сүйді. Кенже ұлы Шерхан да биыл оқуын бітіріп заңгерлік мамандық алып шықты. Махаббаттың адамның барлық күш-қайратын оятатынын айтқан еді бір данышпан. Сол айтқандай, Сәуле Абдолласына арнап «Мәңгілік сағынышым» деген естелік кітабын жазып шықты. Оның қолға алған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын табандылығын бұрыннан білетінмін. 6-10 сыныптарда сынып жетекшісі ретінде әрі тіл-әдебиет пәндерінен сабақ бере жүріп оқушыларыммен қыруар жұмыс жүргізгенім өзіме аян. Тапсырмаларды орындау барысында Сәуленің тіл-әдебиет пәндеріне деген зор қабілетін таныдым. Шығарма жазуда, әсіресе, еркін тақырыпқа шығарма жазуда ол терең ойын құнарлы тілмен тамаша жеткізетін. Бір 45 минутта бірнеше бетті толтырып үлгеретін Сәуленің кез келген тақырыпты еркін иегеретін қабілетіне риза-қош көңілмен одан болашақта қаламгер шығатынына сенімді едім. Жоғары сыныптарда ол шағын әңгіме, новелла, суреттеме, мақала жазуға ден қойды. Және жазғандары аудандық газеттің беттерінде жарық көріп тұрды. Бірақ Сәуленің әдебиетші боламын деген арманы орындалмады. Өмірде мұндай кереғар жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес. Сәуле тек мектепті бітіргеніне 4 жыл өткенде ғана студент атанды. Оған дейін тіл-әдебиет факультетіне емтихан тапсырып, жыл сайын конкурстан өте алмай жүрген болатын. Ақыры ол ҚазМУ-дің математика факультетіне оқуға түсіп, математик мамандығын алып шықты.
Ол кезде студенттерді жазғы демалыс кезінде жан-жаққа жұмысқа жіберетін. Сәуленің маған айтуы бойынша сол бір шақтарда Абдолламен және тағы басқа да достарымен хат жазысу дәстүрі болған екен. Жырақта жүрген достардың бір-біріне деген қалтқысыз достық сезімдерін үшкіл хаттар жеткізіп тұрған көрінеді. Сол кездегі хаттар әлі күнге бар екен. Сарғайып кеткен хаттарды Сәуле сақтап жүріпті. Осы мақаланы жазу барысында менің өтінішім бойынша Сәуле сол хаттарды маған оқытты және мақалама пайдалануыма рұқсат етті. Мен бір ғана хатты аттай қалап алдым. Ол өзім танитын Абдолланың курстасы әрі досы, қазіргі танымал журналист, үлкен қаламгер Талғат Айтбайұлының хаты еді. 1978 жылы жазғы демалыста алыстағы Жамбыл облысындағы ауылында жүргенде жазған Талғаттың хаты Сәуленің болашағын меңзеп жазғандай екен. Енді сол хаттан үзінді келтіре кетейін: «Көп оқышы айналайын, көп жазып машықтан. Мен сенің ертеңіңді көріп отырмын. Ол сенің өзіңе байланысты. Сендегі сезімшілдік – тасқын! Түсінесің бе, Сәуле, ТАСҚЫН!… Хат та творчество ғой. Бірақ хаттың хат екенін ұмытпа! Шыңғыстың Шыңғыстығы, Расулдың Расулдығы сәби сезімін селдетуінде емес пе, Сәулетай? Есіңе түсірші «Жәмиланы», «Ақ кемені», «Менің Дағыстанымды»…
Өзің бірдеңе жазып жүрсің бе? Сезімге құрылған (фантазия міндетті түрде болсын) әңгіме, новеллаларың болса жазып, жинай бер. Сенің бойыңда қабілет бар. Оны мойындап жүрсің де ғой. Енді соны дәлелде, Сәуле! Оны орындайтыныңа сенемін…». Сөйткен Сәуленің жазуға деген құштарлығын өмір, тұрмыс қиындықтары өрістетпеді. Оқып жүріп тұрмыс құрып (бірақ жасы жеткен кезі болатын), шаңырақ көтерді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп оқуларын жалғастырды. Дүниеге бірінің артынан бірі сәбилері келді. Бірақ Сәуле қиындықтарға мойымай, анасы мен әпкелерінің көмектерінің арқасында ел қатарлы оқуын бітіріп шығып еді. Дипломын алып жұмысқа орналасты. Ол өзі шегініп журналист Абдоллаға жол берді. Жазуын доғарды. Абдолланың алаңсыз жұмыс істеуін, оның жағасының кірлемеуін, бала-шағасына, тұрмыс жағдайларына алаңдамауын ойлап, күйеуіне көп көңіл бөлді. Өзі жұмысын істей жүріп, балаларының тәрбиесімен айналысты. Отбасының тұрмыс-тіршілігін тап-тұйнақтай етіп ұстады. Бірақ «алтын кездік қын түбінде» жатқан ба? Арада 24 жыл өткенде Сәуле қаламын қайтадан қолына алды. Бұған себеп оның сүйген жары Абдолласынан біржолата айрылып қалғаны еді. Осы орайда оның туып-өскен жері Қарқара ауылының тумасы Елжас Шөжімбекұлының жуырда Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінде жарық көрген «Ұлға балаған қыз» атты жазбасынан үзінді келтіре кеткенді жөн санадым: «…Сәуле көз алдымыздан да, көңілімізден де кетпейтіндей талай іс-әрекеттер жасады. Соның бірі – 2010 жылы Талды жайлауында берген асы еді. Ол ата-анасына арнап тойға бергісіз ас беріп, құран оқытты. Жекешелендіруден кейін кемінде 30 шақты жыл адам баласының табаны тимей құлазып жатқан жайлауға жан бітіріп, әке-шешесінің баяғы дәурендерін қайта орнатқандай болды. Кезінде қойнауында бәріміздің де жастық жылдарымыз қалған жерде үлкен те­біреністе болдық. Көздеріне жас алмаған адам қалмады деуге болады. Бәріміз де өткен өмірімізбен қайта кездескендей күй кештік».
2011 жылы Сәуле кезінде өзінің бала­лық шағы өткен, ата-анасы жүрген, бүгінде жұрты ғана қалған, жекешелендірудің «құрбаны» болған ауылы Тасбұлақтың жұртында үлкен кездесу жасады. Осыдан кейін Тасбұлақ пен оның бұрынғы тұрғындары туралы «Жұмақ мекен, тал бесігім Тасбұлақ» атты үшінші кітабын жазып шықты. Аталмыш кездесу мен кітап туралы сол ауылдың тумасы, жазушы Жақыпжан Нұрғожаевтың «Тау қызы» атты мақаласында толық әңгімеленеді.
2013 жылы Сәуленің де, Абдолланың да мектеп бітіргендеріне 40 жыл толды. Осы айтулы кезеңге байланысты Сәуле өзінің және Абдолланың ұстаздары мен сыныптастарына арнап «Сағыныш екен сол бір шақ» деп аталатын төртінші кітабын жарыққа шығарып және бұл кітабын кешегі күні Абдолланың сынып жетекшісі болған ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, бүгінгі күні Жаңақорған ауданы Ардагерлер кеңесін басқаратын ардагер ұстаз Зинабдин Шермағамбетов пен өзінің сынып жетекшісіне, яғни осы мақаланың авторына арнады. Бұл оның адами қасиеттерге бай, үлкен жүректі Адам екенін танытса керек. Ол осы ісімен-ақ «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген ұстанымнан мектеп бітіргеніне 40 жыл өтсе де айнымағанын, жаратылысының бөлек жан екенін көрсетті. Ұстазымен бүгінгі күнге дейін байланысын үзбеген оқушымның жарқын бейнесі жүрегімнің бір түкпірінен әлдеқашан орын алғанын білдіре кетсем деймін. Оның мектептегі сынып жетекшісіне деген сый-құрметі мен өлшеусіз махаббатын баға жетпес құндылыққа балаймын. 2015 жылы Абдолланың 60-қа толғанын елеусіз қалдырғысы келмеген Сәуле оның туған жеріне барып аудан көлемінде үлкен іс-шара өткізіп қайтты. Балалары мен немерелерін, балалық шақтағы, бойжеткен кездегі, отбасылық өмірдегі араласқан жақын құрбыларын, Абдолланың курс­тас достарын, құда-жегжаттарын (бас-аяғы 30 шақты адам) ертіп барып Абдолланың туған-туыс, жерлестерімен кездестірді. Еске алу шаралары екі күнге созылып айтарлықтай дәрежеде өтті. Аудан орталығынан бірнеше жыл бұрын Абдоллаға арнап берілген үлкен көшеге Абдолланың суреті салынған қара мрамор тастан мемориал тақта орнатылып, оның үлкен суреті (билборд) аудан өңірінен шыққан қайраткерлер мен ақын-жазушылардың қатарынан орын алып, туған жерінің көшесіне ілінді. Бұл да болса анау-мынау ер-азаматтың қолынан келмейтін іс болатын.
Осы сапарға Сәуленің өтініші бойынша менің де баруым керек еді. Бірақ денсаулығыма байланысты бара алмай қалдым. Осыған әлі күнге өкінемін. Олар сапардан оралған соң Сәуленің көңілінің күйін бөліскелі үйіне бардым. Ол қатты қуанып та, қатты мұңайып та отыр екен. Қуанғаны – ойға алған бүкіл іс-шарасының толық орындалғаны екен. «Жалғыз менің қолымнан не келсін? Зинабдин ағайым бастаған, аудан әкімі Руслан Рүстемұлы қостаған, Мадияр мен Ерғалидай ел ағалары атқарған іс менің де, ел-жұрттың да көңілінен шықты. Оларға деген ризашылығым шексіз. Жалпы мен осы 13 жылдың ішінде Абдолла жөнінде көп нәрсеге қол жеткіздім. Бірақ соның бәріне өзім ғана жеттім деп айтпаймын. Оған ауылдағы ақылшы ағаларым мен аудан басшыларының, курстас достарының арқасында қол жеткіздім» дейді өңі бал-бұл жанған Сәуле. Ал мұңайғаны – Абдолланың сол жақта қалып кеткендей болғаны көрінеді. «Орталық көшеде суреті жарқырап қалып бара жатқанда тура өзі тірі күйінде сол жақта қалып бара жатқандай болдым ғой. Әлі күнге сол әсерден айыға алмай жүрмін» дейді жанарынан жас саулаған Сәуле. Арада оншақты күн өткенде Сәуле хабарласып, «Қазақстан» телеарнасының журналистерімен бірге тағы да Абдолланың еліне кетіп бара жатқанын айтты. Арнайы хабар түсірілмекші екен. Көп кешікпей «Қазақстан» арнасынан «Жарқын бейне» хабары көрсетілді. Осы жерде мен хабардың авторы, журналист Жаңыл Асылбекова мен режиссері Ботакөз Исмаилға үлкен рақметімді айтқым келеді. Абдолланың бүкіл өмірін жете зерттегендей болған осынау екі қызға қатты риза болдым. «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген. Абдолланың қазақ телевизиясында айтарлықтай еңбегі бар екенін айтып теледидар басшыларына хат жазған оның еңбегі ақталды. «Нұржан Жалауқызына айтар рақметім көп. Бір ауыз сөзімді жерге қалдырмай хабар жасауға тапсырма берген сол кісі» деп Сәуле асқан ризашылықпен еске алады. Қорыта келгенде менің айтар ойымның тобықтай түйіні: Егер Сәуле Әбдіхалыққызы Рысбаева мектеп қабырғасында жүргенде бастаған жазу өнерімен үзіліссіз айналысқанда бүгінгі күні аты алты алашқа танымал қазақ қыздарының алдыңғы қатарынан көрінетін еді. Бірақ ол өйтпеді. Ол Абдолласы үшін, балалары үшін өмір сүрді. Абдолласының өмірлік серігі, көмекшісі, қамқоршысы, тілекшісі бола білді. Ата-бабамыздан қалған «Ерін сыйлаған әйел етекте қалмайды» деген жақсы сөз бар. Қазақ әйеліне тән ерен қасиеттерді бойына жинаған, ерін сыйлаған Сәулені бүгінде елі сыйлауда. Мен де балаларының сүйікті анасы, немерелерінің әппақ әжесі, бүкіл Қызылорда, Жаңақорған өңірінің ақ келіні, Абдолласының Ақсәулесі атанып жүрген шәкіртімнің қалған өмірінде бақытты ғұмыр кешуіне тілектеспін. Осыдан 43 жыл бұрын «арманға жетпей бір тынбан, қалай да жетем мақсатқа» деп шарқ ұрып тыным таппайтын, мақсатына жетпей қоймайтын бойжеткен қыздың, әлі күнге қиындықтардан қаймықпай алға жылжып келе жатқан, шаршамайтын осындай қайсар шәкіртімнің бар екенін мақтаныш тұтамын. Сол себепті де өзімді бақытты ұстазбын деп айта аламын.

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.