Біліктілікке жол ашады

2015-2016 оқу жылында Алматы қаласында «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Кембридж университетінің Білім беру факультеті арасында деңгейлік оқыту бағдарламасы әзірленген болатын.
Бағдарлама мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін шыңдауға, әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгінде аталмыш бағдарлама Алматы қаласының білім басқармасы тарапынан қаланың 8 ауданындағы қазақ тілінде оқытатын 1 мектепте, орыс тілінде білім беретін 15 мектепте бекітілді.

Осы орайда жетекші мектептердің негізгі қызметіне білім беру мазмұнын жаңарту бойынша ұйым­дастырушылық жұмыстар кіреді.
«Назарбаев зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйымы Педа­гогикалық шеберлік орталы­ғының Алматы қаласындағы филиа­лы аталған жетекші мектептердің басшыларымен іс-шаралар жоспарын құрды. Жоспарға сәйкес, ұстаздардың желілік кәсіби қоғамдастық жұмысын дамыту, тәжірибе алмасу, әдістемелік қамтамасыз ету қарастырылған.
Жетекші мектептердің үйлестіру­шілері ғаламторда ашылған www.cpm.kz сайт арқылы онлайн-режімде семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады. Оған біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдер қатысып, «Педагогикалық шеберлік орталығының» мамандарынан зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға байланысты көптеген пайдалы кеңестер ала алады. Бұл ретте сапалы білім беру, жаңа технологияларды қолдану мен ендіру, нәтижелі көрсеткіштерді арттыру, заманауи оқытудың әдіс-тәсілдерін игеру, тәжірибесі мол ұстаздардың жетіс­тіктерінен үйрену және т.б. маңызды мәселелерге назар аударылып отырады.
Бір айта кетерлігі, «Педагогикалық шеберлік орталығының» Алматы қаласындағы филиалы жетекші мектеп болып табылатын №36 гимназияда «Алматы қаласының педагогтерінің желілік қоғамдастығын кәсіби қолдау» тақырыбында мұғалімдердің аймақтық форумын өткізді. Форумға бірінші деңгейлік бағдарлама бойын­ша оқыған көшбасшы мұғалімдер қатысты.
Шарада «Желілік қоғамдастық арқылы педагогтің кәсіби дамуын жобалау» Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының мұғалімдердері Қ.Шадиев, Г.Асан­бекова, «Топта жұмыс жүргізу әдістемесін қолдану арқылы өзара әрекеттесу мәдениетін қалыптастыру» тақырыбы бойынша №128 жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Қ.Бертлеуова топтық сабақ өткізді. Тыңдаушыларды «Желілік қоғамдастық мұғалімге не береді?» деген сауал қызықтырды. Белгілі болғандай, желілік қоғамдастық мұғалімге өзекті ақпарат, сарапшылардан, жетекшілерден кәсіби кеңес пен көмек алып, әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіледі, сондай-ақ өз материалдарын жариялап, бөлісуге мүмкіндік алады екен.
Форум аясында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Бірқатар мәсе­лелер бойынша шешімдер қабыл­данды. Мәселен, кәсіби желілік қоғамдас­тықтардың жұмыстары табысты болуы үшін мектепішілік, мектепаралық байланыстарды күшейтіп, бұл бағыттағы іс-шараларды ынтымақтаса жүргізу қажеттілігі атап көрсетілді.
Деңгейлік біліктілікті арттыру курсының бағдарламасы негізінде ұстаздар біліктілігі өскенін байқау қиын емес. Нәтижесі қуантарлықтай. Алматы қаласының №49, №148, №79 жетекші мектептерінде мұндай курс­тардан өтпеген мұғалімдерге арнайы дәрістер ұйымдастырылып келеді.
Жетекші мектептерде іс-шара өткізу алдында мектептерде қандай проблема бар, онымен жұмыс қалай жүргізілетіні жөнінде ақпарат алу әрі өзара тәжірибе алмасу үшін «Мектептің мәселесі және оны шешу жолдары жөнінде қандай ұсыныс жасай аласыз?» деген сауалнама жүргізіледі. Берілген жауаптарға талдау жасалады. Жаңа әдістемелерді таныстыру мақсатында кеңестер жүргізіледі.
№148 гимназия мұғалімдері Х.Жан­батыр, А.Рабатова, Л.Нұр­ғожина, С.Мыр­за­лимова әдіс­темелерді қалай пайдалану керектігі жөнінде ашық сабақтар өткізді. Өздері дайындаған тақырыптар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

А.САЙПОВА,
Алматы қаласы педагогикалық
шеберлік орталығы филиалының
аға менеджері, педагогика ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.