ӨМІР

(Өмірзақ Қажымғалиевке)

Құм Нарын,
мына жағың қайран Еділ,
Қошалақ…
кең құшағын жайған өңір.
Жүз арал – жүз оралып мойыныңа,
Аймалар ақ самалы майдақоңыр…

Көктеңіз көк жиектен тебіренген,
Жапанда жез киігі желіп, өрген.
Тусырап жатып-жатып мына Дала,
Сәуірдің сәулесімен сені көрген.

…Жүгірдің жүрегіңді тосып елге,
Табылды несібең де көсілерге.
Әріге асып кеттің десем егер
Әбудің аруағы кешірер ме?!

Отырсың төбесінде міне, төрдің,
Емессің қатардағы бір-екеудің.
Жетпіске жеткеніңде романдар жазып,
Жүйткідің рухымен Жұмекеннің!

Тарихын туған Елдің көп түзгесін,
Шерлі тіл шежіре боп кеттің сосын.
Мақтанып Мақаш Әкім өзіңменен,
Шаттанып қол соғып тұр 75-ің!

Құм Нарын, Қошалағың, Көктеңізің,
Оларға тартпайтұғын жоқ негізің…
Арқырап асыл Қиғаш көбік шашса
Ол сенің Өмір атты өткен ізің.

Барлығы осылардың құттықтаса,
Жолыңа жұпар шашып-күтіп қанша!
Өмақа,
мен оншама қайғырмаймын,
жасыңыз жүзден асып… «бітіп» қалса!

Шарықтап, шыңға өрлесін шабытыңыз,
Шарбақтан шаңқан бозды ағытыңыз!
Шөбере, шөпшектерді ілестіріп,
Алдында аламанның шаңытыңыз!

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.