Ойын да ойға жетелейді

«Ана тілі» газетінің биылғы («Ана тілі», №11 (1321) 17-24 наурыз, 2016) санында ғалымдар Тұрсын Ғабитов пен Ғизатулла Халидуллиннің «Қазақтың дәстүрлі ойын-сауық мәдениеті» деген мақаласы жарық көрді. Мұнда өте маңызды мәселе көтерілген. Қазақ мәдениетіндегі ойын дәстүрі көбімізді қызықтыратыны анық. Осыған орай мен де көкейдегі ойымды ортаға салғым келеді. 

Біздің бала кезімізді бүгінгімен салыстыруға келмейді. Бір көшенің балалары белгіленген уақытта бір аулаға жиналып, кеш қарайғанша асыр салып ойнайтын көріністерді елестетсең қайта оралмайтын сол бір балдәурен шағыңды еріксіз сағынасың. Келмей қалған достарды іздейтін, ойынға қатыса алмайтын себебін білуге құмартатын бауырластықты айтсаңшы? Сабағымызды оқып, үй шаруасына көмегімізді тигізгеннен соң қандай қызықтырған ісіңмен айналыссаң да өз еркің. Кітап оқисың ба, кесте тоқығың келе ме, жазғытұры есік алдындағы бау-бақшаның арам шөптерін жұласың ба, әйтеуір, үйге қамалап отырудан аулақпыз. Содан болар көңіліміз сергек, қимылымыз ширақ болатын.
Сондағы ойнайтын ойындарымыз сақина салу, бестас, ортаға түспек, тымпи, ақтерек пен көктерек, ханталапай…
Сақина салу. Жеребе арқылы бір қыз, бір жігіт ортаға шығады. Басқалары қолдарын жұмған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралап өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Барлық ойыншы сақинаны іздей бастаған жігітке қарап, қуыстанып сезіктенгендей кейіп байқатады. Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан: «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айыбын өтейді. Таппаса, іздеушінің өзі айыпты болады. Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады. Оның түрі де ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді қызықты болғаны жөн.
Ақ терек пен көк терек ойыны жасөспірімдерді жылдамдық пен өжеттікке дағдыландырады. Бұл ойын­ды ойнау үшін ойыншылар екі топқа бөлініп, қатар тізіліп, бір-бірінің қолын ұстап, қарама-қарсы қарап тұрады. Әр екі жақ өздеріне бірден жетекші сайлайды. Әр екі жақтың жетекшісі нені айтса басқалары соны қайталайды. Бірінші жақтың жетекшісі екінші жақтың басшысына қарап:
Ақ терек, көк терек,
Кесіп алдым бәйтерек.
Таңдап алу еркіңде,
Бізден сізге кім керек — дейді, екінші жақтың жетекшісі бірінші жақтың басшысына жауап береді:
Оқуда да жақсы екен,
Бізге … сол керек — дейді. Аты аталған бала өз тобынан шығып, қарсы жақта қол ұстасып, қарсы алып тұрған балақайларға қарсы жүгіреді. Бар қарқынымен жүгіріп келіп, мықтап жалғасқан балалардың тобын бұзып өтуі керек. Бұзып өте алмаса, осы топқа қосылады.
Қазір мұндай ойындардың барын балалардың бірі білсе, бірі білмейді. Жастардың жаңалыққа құмар болуы­на, соңғы үлгідегі технологияларды жетік меңгеруіне ешкім қарсы емес. Алайда күні бойы ұялы телефон, компьютер, автоматты ойын құралдары, планшеттен көз алмай отырғаннан, таза ауада денені шынықтырып, ой-санасын дамытып, өнерге, пікірін ашық айтуға, көппен араласуға, бауырмалдыққа баулитын осындай ойындарды ойнаған пайдалырақ тәрізді.
Балабақша қабырғасында, мек­тепте ұлттық ойындар жайлы мағлұмат берілмейді деп үзілді-кесілді ой айтудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, ата-ана мен білім ошағы бірлесе берген тәрбие, тағылым нәтиже шығаратыны мәлім. Сон­дықтан өсіп келе жатқан ұлт ұлан­дарын қазақы тәрбиеге баулып, ұлттық ойындарымызды ұмыт қалдырмауды насихаттайық.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.