Өркенді өңір

Жақында «Арыс» баспасынан «Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы» энцик­лопедиясы жарық көрді. Басылымды облыс әкімі Алик Серікұлы Айдарбаевтың қолдауымен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы дайындаған. Бұл облыс тұрғындарын, әсіресе ауылшаруашылығы еңбеккерлерін қуанышқа кенелткен айтулы оқиға болып отыр. 

Маңғыстау өңірі – ежелден адамзаттың құтты қонысы болған, бүгінде жерасты қазбалары – мұнай мен газы арқылы шалқар байлығымен әлемге әйгіленіп отырған қазыналы аймақ. Қазақстанның батысында орналасқан, бір жағы Каспий теңізімен ұштасқан, шөл және шөлейт белдеуде орналасқан, табиғаты қатал Маңғыстау өңірінде мал шаруашылығымен айналысу оңай емес. Қысының қатты, жазының ыстық болуы, судың тапшылығы малшылар үшін шыдамдылық пен еңбекқорлықты, үлкен жауап­кершілікті қажет етеді. Сөйтсе де бұл өлкенің тұрғын халқы ежелден мал шаруашылығымен, балық шаруа­шылығымен айналысып, қара жер мен көк теңізден нәпақасын тауып келеді. Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрді берік ұстанған қажырлы ауыл еңбеккерлері бүгінгі күнге дейін атакәсібін жалғастыруда.
BasilimӘсіресе кешегі кеңестік заманда құрылып, жұмыс істеген ТОЗ, артель, колхоз, совхоздарда еңбек етіп, ел игілігін арттыруға ерен ең­бек сіңірген малшылар мен балықшылардың, басқа да ауылшаруашылығы еңбек­керлерінің, шаруашылық басқарған азаматтардың жұмыстары қиын болды. Олардың ел ризығын еселеу – қоғамдық мал басын көбейту мен мол азық-түлік қорын жасау, мал суару мен ауылшаруашылығы техникаларын күтіп-баптау секілді толып жатқан мігірсіз шаруалармен айналысып, бүкіл өмірін ауылшаруашылығына арнағаны бүгінгі аға ұрпақтың есінде. Сонда да олар өз істерін абыроймен орындап, ел игілігін арттыруға үлес қосты. Әсіресе кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан аталар мен әжелердің, ағалар мен апалардың өмір жолын, еңбектегі ерліктерін бүгінгі ұрпақ біліп, еңбек даңқын қашан да құрметтеуі парыз.
Ұжымдастыру жылдары, кеңестік шаруашылықтың дамуы, Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі, одан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру кезеңі мен Маңғыстаудың өз алдына облыс болып отау көтерген жылдары секілді қилы кезеңдердегі ауыл өмірі, сол кездердегі малшылар мен балықшылардың ерлік еңбегі – халқымыздың еңбек шежіресінің жарқын беттері болып табылады. Мұндай даңқты еңбек шежіресінің қатпарларында ашаршылық пен соғыс жылдарындағы сұрапыл сұмдықтардың да суреттері елес беріп жататыны шындық. Бұның бәрі – тарих, халқымыздың жүріп өткен жолы. Ал тарих – жол көрсетуші, жөн түзетуші ұстаз іспетті.
Ел байлығын еселеп, өлкенің дамуы жолында аямай тер төккен талай малшылар мен балықшылардың, ауыл қыз­мет­керлерінің еңбегі бүгінгі және келер ұрпақ үшін өнеге. Кешегі кеңестік кезеңдегі артель, ТОЗ, совхоздар мен колхоздар құрылысына белсене қатысып, ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен аға ұрпақ өкілдерінің еңбектегі іздері қазіргі жасы егделердің санасында сайрап жатқанмен, бірте-бірте тарих қойнауына сіңіп барады. Кеңестік шаруашылықтың майданында шынығып, еңбек ардагері атанған әкелер мен ағалардың да қатары күн өткен сайын селдіреп келеді. Ел басынан өткен қилы кезеңдердің қиындықтарына мойымай, маңдай терімен бүгінгі молшылық тұрмыстың негізін жасаған ардагерлердің ерлік еңбегін ескеріп, өлке тарихынан сабақ алып отыру ұрпаққа парыз.
Энциклопедияға жазған бет­ашар алғысөзінде облыс әкімі А.Айдарбаев: «Бүгінгі ұрпақ Аталар мен Әкелердің ерлік істерін, еңбектегі өнегесін білуі керек, олардан үлгі алып, Тәуелсіз еліміздің бола­шағы жолындағы іс-әрекеттерінде шам­шырақтай бағдар қылып отыруы тиіс. Елбасымыздың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы баршамызды осындай еңбексүйгіш жасампаздыққа үндейді» деп орынды атап көрсетіпті.
Облыс әкімі Алик Серікұлы осы қызметке тағайындалғаннан бері аймақтағы көптеген тың істердің ұйытқысы болып келеді. Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып отырған әкімнің салмақты да сындарлы еңбегінің арқасында облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы дағдарыс қиындықтарына қарамастан қалыпты дамып, тұрғындардың әл-ауқаты барған сайын жақсара түсуде. Әкім жыл сайын екі мәрте облыстың ауыл-аймақтарын аралап, еңбекшілермен кездесіп отыруды, айтылған ұсыныс-тілектер мен ой-пікірлерді ескеріп, оң шешімдер қабылдауды дәстүрге айналдырды. Ол сонымен қатар елдің рухани өміріне де белсене араласып, жақсы бастамаларға қашан да қолдау көрсетіп отырады. Соның бір жарқын дәлелі – осы энциклопедияның жарық көруі дер едік. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береріне сенеміз.
Осындай іргелі басылымның қажеттігін біраздан бері сезініп жүргенбіз. Өңіріміздің сан ғасырлық кәсіби тыныс-тіршілігін, көшпелі тұрмыстың жай-күйін, жалпы ауыл­шаруашылығының даму тарихын жан-жақты қамтыған мұндай әмбебап аймақтық-салалық энциклопедия еліміздің тарихында тұңғыш рет жарық көріп отыр екен. Бұл игі бастаманы бірінші болып облысымыздың азаматтары қолға алып, оны облыс әкімінің қолдағанына өте ризамыз.
3000 таралыммен жарық көрген бұл бағалы басылымның әрбір маңғыстаулықтың шаңырағының төрінде тұрар жөні бар. Өйткені онда кіндігі ауылмен байланысқан әрбір отбасының шежіре-тарихы, атакүлдік баба қонысы, жайлауы мен құдығы, ата-әкелері тер төгіп, еңбек еткен ТОЗ, артель, колхоз, совхоздардың баяны, мыңжылдықтарға ұласқан атакәсіптің қыр-сыры, сан ғасыр­лық халықтық таным-білімі, т.б. мәліметтер шоғырланған. Көптеген еңбек ардагерлерінің, шаруашылық басқарған басшылардың қысқаша өмірбаяндары мен фотосуреттері берілген.
Осындай құнды басылымның жарық көруіне қолдау көрсеткен Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевқа алғысымыз шексіз. Игілікті бастама көтеріп, қолға алған шаруаны абыроймен орындап шыққан Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамына (төрағасы Б.Төлеуғалиев), редакция мүшелері мен кітапты заманауи үлгіде сапалы етіп басып шығарған «Арыс» баспасына (директоры Ғ.Әнес) ризашылығымызды білдіреміз.

Маңғыстау облысы
ардагерлерінің атынан:
К.Рзаханов,
ҚР «Құрметті құрылысшысы», Маңғыстау облысы Түпқараған,
Қарағия аудандарының Құрметті азаматы, зейнеткер
Б.Тұрарбеков,
Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, зейнеткер

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.