Ғұмыр кезеңдері

Өмірге адамның келуі – үлкен құбылыс. Бұл жаңалықтың жаңалығы, оқиғаның оқиғасы.
Адам ғұмыры. Ол қалай басталады? Қандай кезеңдерден тұрады? Осыған назар аударып көрелік.
Қасиетті атаның нілдей тегі домалап анаға табысталғанда ол жерде жаңа дүниенің есігін ашып алуан түсше сипатталуы мүмкін шуақты шарға аяқ басады. Мұны барша халық қадірлеуі керек. Бұл болашақ адамның нұр өркені. Бұл тек ананың «Жатыр» («Қанас» деп те аталады) деп аталған Аумалы аймағына жайғасқан соң лезде «Қаған» деп атала бастайды. Қазақ, міне, осы күннен алғы қырық күнге дейінгі оның даму барысына «Қаған» деп ат қойған. Кейін де Тәңірім жарылқап өмірге келер тұсында оның жарық дүниеге жарып шығатын най пердесі де осы себепті «Қағанақ» аталып кетеді.
Келесі іштегі баланың қалыптасу мүсіні. Мүсіндену. Бұны қазақ «Ұлпан» деп атаған.

Ананың алтын құрсағында мамыр­лау­ды арман еткен Ұлпан «Тама» кезеңі­не кірді. Бұл асыл анасының баланы көтергеніне үшінші айы. Ананың күн­делікті қорегі Тәңірі бұйырып біршама мол бозжуа нәр Ұлпанға толассыз тама беруінен осылай атады ғой қазақ.
Шуақты бір ай өтті. Тама енді дөңгелене үлкейгісі келді. Бұл уақытын қазақ «Күре» деп атапты. Төртінші айы. Анығында, бұл құдіретті тектің Қаған, Ұлпан, Тама, Күре атанған кезеңдері бір үлкен қалыпта «Мезет» деп біртұтас аталыпты.
Көп өтпей күренің алақанына киелі нысандар жүгіріп ол қозғалады, өз пішінімен әрекет ете бастайды. Бұл шақта оның аяқ-қолы ұзара, жазылып кеп анасын таныды-ау ақыры, еркелік етпекші, бұл хикметті айы – «Дүрмән» аталынды. Дүрмән – ұлы мұрат.
Өзіне тиесілі оймақтай ­жайлауда қып-қысқа аспан алақандай, жер тебінгідей жайлауда аунап-қунап күн өткізген Дүрмән бір күні киелі жарлыққа сай ерекше ниғметтерді ұстай бастайды. Бұл тыңдағыш күндері.
Ол тыныш та қилы күндердің бекеттік ортасында үнсіз кезеп жүреді. Түрлі алтын шуақтарға сап етіп құйылып та жүрген шығар. Бұл жетінші айда оны қазақ «Шомен» деп таңбалады.
Ол жақта сырлы күңгір таудың жалынды тамызы жүр. Жіңішке талшыбықтай бұралған өмір. Бұл кезең қазақта «Құбан» деп аталған.
Бұлыңғыр пенделерге ғана аян жер бетінде қалқып тұрған жарық дүние оны көгілжім әлем болып шақырды. Ол әлем біздің бір бөлменің ғана ішіндегідей кішкентай һәм сұлу әлем еді. Оны ол кең деп таңғалды, құшағын ашқан көгілжірге ұзақ қызыға қарап, кейде танымал қоңыр алашқаны (қабырғаны) қиырлай келіп сүйкене әдемі боп отырады. Қазақ оны «Бұзым» атандырды.
Ол жаңа өмірдің жаршысы, аппақ сәулелерді уыстап кеп анасы тұрған Ағайраң әлемге жан-пәрменімен кірмекші. Міне, анада толғақ басталды. Баланың жарық дүниеде анамен, әкемен кездесуге деген әрекетті үміті «Толғақ» делінеді. Ал өзінің толғақ тудырған қимылы бар, ұшқыр кейіптегі тоғызыншы айдың соңғы 5-6 күніндегі қымбат атауы «Тағақ». Міне, қазақ оны осылай танып отыр. Жарық дүниемен бет көрісуге шейін ол «Тағақ» деліне бермекші.
Кей аналарымыз бұзымның дер шағын ескермей кетті, ондағысы түйенің албурынды етін тіске қажап, құрсаққа жүптеп өзгеше бір салқындау күн­дерді Бұзымға көрсетті. Бұл күн-айлар «Тарғалаң» деп аталады. Ал бұлайша Бұзымды және өзін дер уақта сақтандырмай 12 ай бойы көтеріп боталайтын түйе етінен деген жұғыстығынан Бұзым да әлі құрып, ақыры тағы 3 ай шабыттана, шалқи өсетін шаққа ие боп бір аунап түседі. Қазақ тайпалары ұғымында 12 ай көтерген бала «Көрпеш» деп атаныпты.

Балдырған шақ
(Балалық шақ): 1-6 жас.

Тағақ өмірге келді. «Ің-ә!» деп шырқырап жылады. Ол лезде жер бетіндегі жаңа ұлы қауым атынан «Қызылшақа», «Шақалақ», «Шағалақ» атанып кетеді.
Бұл Шағалақ енді қырқынан шығып, қарын шашы алынғанша «Нәресте» және «Шаға» аталуда.
Осыдан кейін 1 жаста: ортақ атауы «Бопа», «Тыпыл», «Тәйтәй», «Ақбауыр» еді. «Бөбек (ұл бала)» – «Бөпе (қыз бала)».
Баланың екі жастан алты жасқа дейінгі ғұмырлық жылдары түгелдей «Сәби» атанады.
«Сәби» әлеміндегі таңбалары:
2 жаста. Ұл-қыз парқы айқындап «Тапыл (ұл бала)» – «Бүлдіршін және Апыл (бұл екеуі қыз бала үшін)».
3 жаста. Ортақ аты: «Балдырған». Ұл бала: «Балауса, Жортпашақ». Қыз бала: «Бөпенай», «Жәудір».
4 жаста. Ортақ аты: «Балдырған». Ұл бала: «Балауса, Нұрай, Құми, Сағыр», қыз бала «Бөпенай», «Құралай».
5 жаста. Ортақ аты: «Балғын, Балжұмыр». Ұл бала: «Сағыр», қыз бала: «Бөпенай, Құралай, Үкіләй».
6 жаста. Қозы жасы деген сипаттама атау басталады (6-10жас аралығы). Ортақ атауы – «Жеткіншек, Балғын, Балжұмыр». Ұл аты: «Бала, Балақай, Ойын баласы, Өспірім, Сағыр». Қыз бала: «Айың, Гүлбике, Қызғалдақ, Қы­занақ, Үкіләй, Құралай, Құби, Майса».

Өрен шақ: 7-17 жас.

Өрен жылдар 7-10 жас.
7 жаста. Ортақ атауы – «Жеткіншек, Балғын, Өрен, Балжұмыр». Ұл бала: «Бала, Балақай, Ойын баласы, Өспірім, Құлала, Еркебүлән». Қыз бала: «Гүлбике, Қызғалдақ, Қызанақ, Үкіләй, Құралай, Құби, Майса».
8 жаста. Ортақ атауы – «Жеткіншек, Өрен». Ұл бала: «Ойын баласы, Құлала, Еркебүлән». Қыз бала: «Көркемтәй».
9 жаста. Ортақ атауы – «Жеткіншек, Өрен». Ұл бала: «Ойын баласы, Құлала, Ер­­ке­бүлән». Қыз бала: «Көркемтәй, Айна».
10 жаста. Қой жасы деген сипаттама атау басталады (10-20 жас аралығы). Ортақ атауы – «Жеткіншек, Өрен». Ұл бала: «Ойын баласы, Еркебүлән, Қарға, Айрауық (осы аттас құс аты да бар)». Қыз бала: «Айна» .
Өндір жылдар 11-14 жас.
11 жаста. Ортақ атауы – «Жеткіншек, Өндір». Ұл бала: «Ойын баласы, Еркебүлән, Науда, Қарға, Айрауық, Шаңбоз». Қыз бала: «Айна».
12 жаста. Ортақ атауы – «Жеткіншек, Өндір». Ұл бала: «Ойын баласы, Ерке­бүлән, Науда, Қарға, Айрауық, Шаңбоз, Құмай». Қыз бала: «Санду, Бүрлен» .
13 жас: Бірінші мүшел жас (­ержете бастау мүшелі). Бірінші мүшелдегі ұл – «Зәулімше», қыз – «Раңқай» деп аталады.
14 жаста. Ортақ аты: «Қыршын, Өндір». Ұл бала: «Ересек бала, Жасөспірім, Бозбас, Құмай, Бөре, Сығыр» . Қыз бала: «Қызша, Қызалақ, Қарақ, Баян, Бүрлен» .
Дардай жылдар 15-17 жас.
15 жаста. Ортақ аты: «Қыршын». Ұл бала: «Ересек бала, Жасөспірім, Бозбас, Құ­май, Бөре, Сығыр». Қыз бала: «Қыз­ша, Қызалақ, Қарақ, Баян, Бүрлен, Күнбике».
16 жаста. Ортақ аты: «Қыршын». Ұл бала: «Бөре, Бозбала, Дондықша». Қыз бала: «Қарақ, Баян, Бүрлен, Күнбике, Бойжеткен, Сәулім, Отау иесі (құда түскен болса Сырғалы қыз делінеді)».
17 жаста. Ұл бала: «Бөре, Боздақ, Бозбала». Қыз бала: «Баян, Күнбике, Бойжеткен, Сәулім, Қырмызы, Бекзатым, Отау иесі (құда түскен болса Сырғалы қыз делінеді)» .

Жастық шақ: 18-45 жас.

Бозбала-Бойжеткен жылдар 18-22 жас.
18 жаста. Ұл аты: «Бозбала, Боздақ, Жалан». Қыз аты: «Бойжеткен, Күнбике, Бекзатым, Хангүл, Айтолым, Отау иесі (құда түскен болса Сырғалы қыз делінеді)».
19 жаста. Ұл аты: «Жалан, Боздақ, Алғыншы». Қыз аты: «Ақсәулеш, Бебей, Далабы, Отау иесі (құда түскен болса Сырғалы қыз делінеді)».
20 жаста. Жылқы жасы деген сипаттама атау басталады (20-30 жас аралығы). Жігіт аты: «Боздақ, Жас жігіт, Жалан, Көлтөстік». Қыз аты: «Күнікей, Бебей, Далабы. Отау иесі (құда түскен болса Сырғалы қыз делінеді, үйленсе – Келіншек)».
Азамат жылдар 23-30 жас.
25 жас: Екінші мүшел жас (жас дәурен кезеңі әрі жігіттік жас мүшелі). Екінші мүшелдегі жігіт – «Бозым, Науан, Берен, Көлтөстік, Жалан, Жас жігіт», қыз – «Ақмалжын, Қарша, Бебей, Келіншек (үйленген)» деп аталады.
30 жаста. Орда бұзар жас деген сипаттама атау басталады (30-40 жас аралығы). Жігіт аты «Бозым, Берен, Шомбұлан, Бәуе, Дүр жігіт». Келіншек аты: «Келіншек, Бике, Абанай (тұрмысқа шықпаса – Кәріқыз)» .
Жігіт ағасы жылдар 31-45 жас.
35 жаста. Жігіт аты: «Шомбұлан, Бәуе, Дүр жігіт, Түңкей». Келіншек аты: «Келіншек, Бике, Шұға, Қайың, Абанай (тұрмысқа шықпаса – Кәріқыз)».
37 жас: үшінші мүшел жас (ақыл тоқтату мүшелі). Үшінші мүшелдегі жігіт – «Төкет, Шомбұлан, Бәуе, Түңкей», келіншек – «Келіншек, Бике, Абанай, Қатыннұр» деп аталады.
40 жаста. Қылыш жас, патша жас, қырқылжың, қамал алар жас деген сипат­тама атаулар басталады (40-50жас аралығы). Ер аты: «Түңкей, Қияқай, Бұзбілек, Ертүлегі, Отағасы, Аға жас, Көке». Әйел аты: «Тәте, Дәде, Әйел (Қатын), Тұтан, Құна».

Шау шағы: 45-65 жас.

Арыс жылдар 45-50 жас.
45 жаста. Ер аты: «Қияқай, дөгелек». Әйел аты: «Өлшән, Құна, Саркідір».
49 жас: төртінші мүшел жас (орта жас мүшелі). Төртінші мүшелдегі ер- «Жалама, Бөлшен, Дөгелек, Қияқай». Әйел- «Өлшән, Құна, Саркідір» деп аталады.
Болған кез деп аталатын жылдар 50-55 жас.
50 жаста. Аталық жас деген ­сипат­тама атаулар басталады (50-60 жас аралығы). Ер аты: «Ел ағасы, Ер жасы, Сақа, Шора, Өже, Бесме, Сөре, Бәяға». Әйел аты: «Түде, Меруана, Сартіс».
Өтпелі кезең делінген жылдар 55-65 жас.
55 жаста. Ер аты: «Шауқан, Егде, Бәяға, Сақа, Шора, Бесме,Өже, Сөре». Әйел аты: «Түде, Меруана».
60 жаста. Пайғамбар жасы, алпыс асқары, алпыс асуы, асқаралы алыс шақ деген сипаттама атаулар басталады (60-70жас аралығы). Шал аты: «Шал, Қарасақал, Қайыр, Марғасқа, Қаптон, Ата». Кемпір аты: «Қаракемпір, Апа, Әже, Бүлен, Болақ, Абағай, Ақсамай».
61 жас: бесінші мүшел жас (Орқашар жас мүшелі және Орта жас мүшелі, Айналма мүшел) . Бесінші мүшелдегі шал- «Шал, Көсемше, Марғасқа, Қайыр, Бопан, Қаптон». Кемпір – «Абағай, Ақсамай, Банаша» деп аталады.

Қарттық шақ: 65-×× жас.

Қартайған және әр тайған уақтағы жылдар 65-72 жас.
65 жаста. Шал аты: «Шал, Қарасақал, Қайыр, Марғасқа, Бопан, Ата». Кемпір аты: «Қаракемпір, Апа, Әже, Бүлен, Абағай, Ақсамай, Найқа».
70 жаста. Жетпістің желкесі, жетпістің жетпіс желкені қоршалаған жас деген сипаттама атаулар ­басталады (70-80 жас аралығы). Шал аты: «Ақсақал, Мұзау, Бөге». Кемпір аты: «Ақбұрым, Шынал, Кемпір, Найқа».
Қарлық жылдар 73-100 жас (2).
73 жас: Алтыншы мүшел жас (қарттық жас мүшелі). Алтыншы мүшелдегі шал – «Шал, Бұзкөбе, Мұзау, Бөге». Кемпір – «Шоңайна, Шынәл» деп аталады.
75 жаста. Шал аты: «Сүңгі, Мұзау, Бөге». Кемпір аты: «Шама, Күләйі».
80 жаста. Сексеннің сеңгір жасы деген сипаттама атаулар басталады (70-80 жас аралығы). Ортақ аты: «Қарт, Қария». Шал аты: «Ақүрпек Шал, Гүзақа, Ажбан, Таңдуы, Батагөй». Кемпір аты: «Ақүрпек ана, Мая, Күләйі, Найша».
85 жас: жетінші мүшел жас (кәрілік мүшелі). Жетінші мүшелдегі қарт- «Құм­шық, Батагөй, Таңдуы, Гүзақа, Ажбан». Кемпір – «Мая, Мина, Аба, Найша». Ортақ аттары – «Кәриа» деп ата­лады.
90 жаста. Тоқсанның тозғанақ өңді жасы, тоқсан судың ақылдасуы деген сипаттама атаулар басталады (90-100жас аралығы).
Ортақ аттары: «Құз кәриа». Қарт аты: «Селкілдек шал, Бабаш, Бабырақ». Кемпір аты: «Селкілдек кемпір, Мемен, Аба».
95 жаста. Ортақ аттары: «Ақаба». Қарт аты: «Тоғыс, Бабырақ, Бабаш». Кемпір аты: «Таян, Мемен».
97 жас: сегізінші мүшел жас (қал­жы­рау мүшелі немесе ақүйек мүшелі). Сегізінші мүшелдегі қарт – «Сақал­дақ, Бабырақ, Бабаш». Кемпір – «Алың­са, Мемен». Ортақ аттары – «Кәриа» деп аталады.
100 жаста (жүз жыл – бір ғасыр, бір дәуір). Ғасыр иесі, ғасырдың құрбы жасы, жүздің жүдәжәтшіл жасы, дәуір иесі, жүздің быдырқайлы жасы деген сипаттама атаулар бас­талады (100-110жас аралығы). Қарт аты: «Баба, Тырау». Кемпір аты: «Кейуана, Дұба, Манар, Мамалы».
Бұл жасқа келіп бірақ бала көр­меген кемпір – «Қызмамалы» делінеді.
109 жас: тоғызыншы мүшел жас (шөпшек сүю мүшелі) . Тоғызыншы мүшелдегі қарт – «Тырду, Баба». Кемпір – «Дұба, Манар, Кейуана, Мамалы» деп аталады.
110-120 жаста. Қарт аты: «Шары». Кемпір аты: «Ақжапырақ, Мәуе».
121 жас: оныншы мүшел жас (немене сүю мүшелі) . Оныншы мүшелдегі қарт – «Жампоз». Кемпір – «Алнар» деп аталады.
120-130 жаста. (жүз жиырма жыл _ бір замана). Ортақ аты: «Қымыз жас» . Қарт аты: «Небыр, Мәпе, Төм». Кемпір аты: «Самуана, Уызжасы».
Ортақ атаулар:
130-140 жасқа келуші адам: «Сүме».
140-150жасқа келуші адам: «Му».
Бұдан да зор жасаған асыл тұяқ­тардың жасын сайқын жұрт: «Майқы жасы» деген.

Топырақты өлімде:
Нәресте (шетінеген есептеледі), 2-5 жасқа дейінгі Балдырған жасына дейінгі сәбилер (ғайыптың құсы ұшыпты делінеді).
Басқа марқұмдарға қайтыс болыпты, дүниеден озыпты, о дүниелік (бақилық) болыпты, өмірден озыпты деген қазақта бар алпыс-жетпіс түрлі жоқтау сарынды сөздермен жеткізіліп отырған, өзгеше себептерден дүние салған кісілерді өліпті дейтін еді. Егер, қарт, қариялар қайтыс болса дүние салды дер.
Қазақ тайпаларындағы көп әйел алған салттың да өз атаулары бар.
Екі әйел алушы: Моқы.
Үш әйел алушы: Құреке.
Төрт әйел алушы: Қайлан.
Бес әйел алушы: Құрайшы.
Ал бұл мырзалардың алған Бекзат­тарының реттік аталауы да көп мағынаны білдірген:
Бірінші әйелі: Бәйбіше, Үлкен ханым.
Екінші әйелі: Тоқал, Күнуана (үлкен тоқал), ханым.
Үшінші әйелі: Нақсүйер (ортаншы тоқал), ханым.
Төртінші әйелі: Ашбұла, Ақсүйер (кіші тоқал), ханым.
Бесінші әйелі: Аққолтық, ханым.

Көкбөрі МҮБАРАК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.