Жусанның қасиеті – шипасында

Қазақ халық емшілігінің тарихы көне дәуірлерден бастау алатыны белгілі. Оның керемет жетістіктерін көптеген ғалымдар мойындаған. Ал бүгінгі уақыт тұрғысынан қарасақ, заманауи медицинаның дамуымен әлімсақтан келе жатқан халық емшілігіне деген көзқарас та өзгерді.
Өзгерудің бір көрінісі қазіргі адамдар халық емінен гөрі емханаға қаралып, ауруханаға жатып емделгенді хош көреді. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі медицинаның да негізінде халық емшілігінің дәстүрлері жатқаны сөзсіз. Демек, оны жоққа шығаруға болмайды. Заман жаңарып, уақыт озған сайын адамды емдеу тәсілдері мен технологиясы да өзгеріп, түрлене түскені анық. Өйткені медицина ғылымы бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі жетіліп, дамуда. Бірақ халық емшілері де науқастарға ем-дом жасап, көмек көрсету жолында өз қызметтерін ұсынып келеді.

Жуырда Берік Қабенұлы деген халық емшісімен таныстым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Халық еміне бетбұрғанына 7 жылдай уақыт болыпты. Мұндағы мақсаты – халық емін заманға сай дамыту.
Берік Қабен – Үрімжінің медициналық университетін терапия мамандығы бойынша тәмамдапты. Оқуын бітірген соң бес жылдай еңбек етіпті. Содан кейін өзінің жеке қалауымен халық еміне біржола деп қойған.
О баста өкпе ауруларын емдейтін шөп-дәрілерді жасап жүріпті. Әрбір шөптің өзіндік қасиетін зерттеп, зерделеген. Өзі дайындап, жасаған шөп дәрілерінің пайдасы бар екенін байқаған. Айтуынша, Қытайда қазақтың халық емі жақсы дамыған. Қазақтың байырғы заманнан келе жатқан емдеу тәсілдерінің кереметтігін, шөптен жасайтын дәрілерінің пайдалылығын Шығыс медицинасын жетік меңгерген қытайлардың өздері мойындапты. Бір әттеген-айы, өзіміздің халықтық ем түрлері елімізде кенжелеу дамып келе жатқаны.
– Мен қазақтың халық емі мен қазіргі медицинаның жетістіктерін ұштастырып дамытуды қалаймын. Өйткені бүкіл әлемде мойындалған қазақтың халық емін біз дамытпасақ, кім дамытады? Сондықтан халық еміне бүгінгі заманға сай келмейтін ем деп қарамай, қайта оның қасиеті неде деген мәселені зерттей түсуіміз керек. Мысалы, менің жеке емдеу орталығыма күніне 20-30 адам дертіне шипа іздеп келеді. Алдымен аурудың диагнозын анықтаймыз. Асқынған ба, асқынбаған ба, оның белгілері қандай. Халық емін жасауға сай жасалған арнайы құрылғыларымыз бар, тексеру аппаратымыз бар. Аурудың себебін анықтап алған соң, ем жасауды бастаймыз. Қазақтың халық емінде шөппен булап емдеу тәсілі бар. Соны қолданамыз. Науқас адамды арнайы құрылғының ішіне жатқызып, қайнап жатқан әртүрлі емдік шөптердің буын жібереміз. Сол бу адамның бойына, денесіне сіңіп, өзінің емін бере бастайды. Дәрінің буы ыстық болып адам денесіне өтіп, қан айналымын жақсартады. Бел-омыртқа ауруларына қолданамыз. Омыртқааралық табақшалардың өзгеруі болса, оны да емдеу тәсілі бар. Сонымен қатар құяң жел аурулары, қан қысымының көтерілуі, асқазан, бауыр-бүйрек, тері аурулары, аллергия, бас ауруларын жазатын емдеріміз бар. Құмырсқа илеуін қолданамыз. Құмырсқаның илеуінде адам ағзасына пайдасы мол элементтер өте көп болады. Содан арнайы дәрілер дайындап, науқас жандарға ішкіземіз, – дейді Берік Қабенұлы.
Емшінің халық емін жетік меңгергенін байқадым. Қолданатын құрылғылары да соған сай етіп жасалған. Оларды Қытайдан алдырады екен. Себебі біздің елде ондай құрылғылар жасалмайды. Оған тиісті дәрежеде мән беріп жатқан да ешкім жоқ. Ал пайдасы ұшан-теңіз.
Берік Қабенұлының емдеу орталығында болғанымда, оның ыстық құммен емдеу тәсілін көрдім. Науқасты ыстық құмның ішіне жатқызып, бойын қыздырады екен. Бұл денесіне суық тиіп, содан пайда болған ауруларға күшті әсер ететін көрінеді. Қазақтың дәстүрлі емінде мұндай амалдардың бұрында да қолданылғаны мәлім. Емшінің мұны ұмыт қалдырмай, уақыт талабына сай дамытып отырғаны қуантты.
Жалпы, маманның сөзіне қарағанда, адам денесі үш түрлі жолмен тазаланады. Соның бірі – тер шығару арқылы тазалау жолы. Бұл тәсілді қазақ емшілері көп қолданған. Оның тиімділігі сонда, адамды терлеткен кезде оның бойынан ағзаға қажеті жоқ барлық заттар термен бірге шығып кетеді екен.
– Мен өз тәжірибемде сүлікпен емдеу тәсілін де жиі қолданамын. Сонымен қатар қазақтың халықтық емінде адамның бойындағы нүктелерді, жүйке жүйесін тастармен қыздыру технологиясы бар. Қазір емге арналған тастардың көптеген түрлері шықты. Сырқат меңдеген жерге тастарды қойып, қыздырамыз. Нәтижесі де бірден байқалады. Парафинді де қолданамыз. Парафин қазақтың балшық дәрілермен емдеу тәсілімен тең келеді. Бұрын қазақтар балшықты қайнатып, денеге жағатын болған. Бұл тәсілді де ұмыт қалдырмай, жаңғыртуымыз керек. Адам денесіндегі суықтарды шығарып, ішкі суық пен ыстықты қалпына келтіруге парафиннің тигізер көмегі мол. Мәселен, тері ауруларына түріне қарай, егер ол жара болса жусаннан жасалған шөп дәрілерді араластыра отырып, таңып тас­таймыз дейді.
Мені ерекше қызықтырғаны – қазақтың балшықпен емдеу тәсілі. Мұның тарихы да терең екенін байқадым. Қасиетті Құран кәрімде адамның топырақтан жаратылғаны туралы айтылады. Шын мәнінде топырақтан жасалған, топырақта өсіп-өнген дүниелердің барлығы адамның ағзасына пайдалы болады екен ғой. Осыны кезіндегі бақсы-балгерлер, емшілеріміз жақсы білген. Ал біз соның бәрін енді танып жатқандаймыз.
Кейіпкерімнен сөз арасында Қытайдағы қазақ емшілігінің жай-күйі туралы кеңінен айтып беруін сұрадым.
– Әр ұлттың өз емшілері бар. Мысалы, Қытайда моңғол, ұйғыр, тибет, дұнған емшілігі кеңінен тараған. Қазақ емшілігі туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда оның дамуы өте жақсы. Өтейбойдақ Тілеуқабыл атамыздың осыдан бес ғасыр бұрын жазып қалдырған еңбегіндегі дүниелер қолданылып келеді. Бүгінде аталған еңбектің негізінде жасалған емдеу тәсілдеріне қытайлық мамандардың өздері таңғалады. Қытай елінде қазақ шипагерлік ауруханасы бар. Қазақтың халық емшілері дәрі-дәрмектер жасайды. Бас қосып, алқалы жиындар өткізіп тұрады. Қысқаша айтқанда, қазақтың халық емі Қытайда көбірек дамытылып жатыр. Неге оны Қазақстанда дамытпасқа? Ол үшін көптеген кешенді іс-шараларды атқаруымыз керек. Халықтың емшілерге деген сенімін қайтаруымыз керек. Өйткені емші деген атты жамылып, науқас жандарды адастырып жүргендер қаншама, – дейді.
Берік Қабенұлының айтуынша, елімізде емшіліктің түрі көп, бірақ қолданылу жағы өте әлсіз. Техника жоқ. Оның маңыздылығын зерттейтін мамандар аз. Сол үшін де бұл сала кенжелеп келеді. Қазақтың ертеден келе жатқан емдік сабындар жасау тәсілін бүгінде Германияда қолдана бастапты. Яғни біз осындай дүниелерді қолдан шығарып алсақ, – дейді емші. Қара сабын әсіресе адамның тері ауруларына таптырмайтын шипа. Әдетте, ол түйе жейтін алабота шөбінен және күнбағыстың сабағынан жасалады екен. Күнбағыс қапағын күйдіріп, күлін аралас­тырып дайындайды. Сабынның байланысы күшті болу үшін ешкі жүнін қосады. Міне, қарап тұрсақ, халық емінің осындай көптеген тәсілдері ұмытыла бастады.
Біз көбіне ауырсақ, дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмек ішіп, система қабылдаймыз. Ал қазақтың жалбыз, жусан деген шөптерінен сис­тема етіп тамызатын сұйық дәрі жасалатынын көпшілігіміз біле бермейтініміз рас.
– Заманауи медицина бар екен деп, халықтық емді жоққа шығарып тастауға болмайды. Қазір мұны адамдар ұмытып кетті. Бұл орайда айтайын дегенім, мүмкіндігінше екеуін қатар қолданудың еш кемшілігі жоқ. Мысалы, мен де науқастардан анализ алып, тексеремін. Қытайда жасалған тамыр тыңдайтын аппаратымыз да бар. Сонымен қатар ішкі ағзаларды «Узи» аппаратына түсіремін. Екінші жағынан, қазақтың шөп дәрілерін дайындап емдеу тәсілдерін қолданамын. Екі тәсілдің жетістіктерін ұштастыра білсек, ұтылмаймыз, – дейді Б.Қабенұлы. – Өзіме жарнама жасағым келмейді. Денсаулық деген бұл халықтың жаны ғой. Оған жауапсыз қарауға болмайды. Қал-қадірімізше еңбек етіп жатырмыз. Ең басты мақсат – халықтық емді бүгінгі медицинамен ұштастыру.
Осы ретте оқырманға қазақ емінің тағы бір кереметі жөнінде әңгімелей кетсек дейміз. Үрімжіде Жасарат есімді сүйек-сынық ауруларының емшісі бар. Сол кісі Америкаға барып, адамның сынған өкше сүйегін қазақтың киіз үй формасында жасалған етігімен жинап беріпті. Ол емнің нәтижесін көргенде Американың ғалымдары қайран қалған екен. Жасарал Жәлелұлы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университетіне қарасты бірінші аурухананың сүйек аурулары бөлімінің бас дәрігері болып қызмет етеді.
Кейіпкеріммен әңгімелесе келе түсінгенім, қазақтың халық емінің негізінде ұлтымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, қолөнер бұйымдарына сай келетін дүниелер жетерлік. Соның бірі Жасарат емші қолдаған қазақи етік. Бір ғана қазақи етіктің өзімен өкше сүйегін жинап бергені шын мәнінде таңғаларлық нәрсе емес пе?
Берік Қабенұлы бүгінде Қазақстан халық емшілер қауымдастығының мүшесі.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Сара

    Сәлеметсіз бе? Берик Кабенулынын медцентрі кайда екен, аты не екен?

  2. Аноним

    Алматы қаласы, Райымбек батыр, Мотозалка киылысында. Кытай Тибет медициналык орталыгы деп турады.

  3. Инжу

    Саламатсыз ба. Рак аурына жусанды қалай пайдалануға болады. Қоспасын, пайдалану əдістерін айта аласыз ба?

  4. Аноним

    жусан туралы малимет жок кой

  5. Аноним

    Слеметсизбе асказан өңеш жарасын ісігін жусанмен калай емдейді

  6. Райхан

    Рак ауруына жусанды калай пайдалануга болады?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.