Кеш оянған ұят

Мақсат Рсалин,
ҚР Мәдениет қайраткері

Әкең асқар тау, анаң мәуелі жасыл бақ, бұл екеуі тұрғанда өмірдің қиын­дығын сезіне қоймайсың. Жас­тық шақтың уайымсыз, қайғысыз өтетіні содан ғой. Ал ержетіп, жеке отау құрып, өмірді өзіңше бастадың-ақ, аты өшкір қиыншылықпен күнде ұшырасасың. Адамның бүкіл өмірі осы қиыншылықпен күресуге арналғандай.
Имандай шыным, Алмас екеуміз үйленіп, үй болғанша қиыншылық де­геннің не екенін білмеппін. Біз бақытты едік. Жұбайлық өмірдің алғаш­қы алты айы еш уайымсыз, қайғысыз зымырап өте шықты. Мен оқу бітіріп, қолыма дип­лом алдым. Мұғалім боп мектепке жұмысқа тұрдым. Алмас болса бұ­рынғыша емханада дәрігер.
Айтпақшы, Алмаспен танысуым да қызық. Университет асха­на­сының тамағы жақпады ма, кеш түсе асқазаным бүріп ауырып, бебеуледім де қалдым. Әне қояр, міне қоярмен таңды көзіммен атырдым. Анам «Жедел жәрдем» шақыра қояйық десе де көнбедім. «Жедел жәр­дем» қажет деп тапса ауруханаға апарады да тастап жүре беруден тайынбайды. Ал мен ертең емтихан тапсыруым керек. Емтиханнан кеш қалғандардың қандай әуре-сарсаңға түсетінін жақсы білемін.
– Одан да Сәуле Болатқызын ша­қыртайық, – дедім жаным қиналып бара жатқан соң. Ол өзіміздің учас­келік терапевт, бұдан бұрын да бірнеше мәрте үйімізде болған. Сол кісіге үйреніп қалғанбыз. Анам емханаға телефон соқты да, «Дәрігер тоғыз жарымдарда келеді» деп жұмысына асыға жөнелді.
Көзім ілініп кеткен екен, есік қоңы­рауы бажылдап оятып жіберді.
– Бұл кім екен? – дедім зорлана дауыстап.
– Дәрігер шақыртып па едіңіз? – Есік сыртынан мен күткен Сәуле Болатқызының емес – мен күтпеген жігіт дауысы естілді. «Дәрігер боп келіп тұрған пиғылы бөтен біреу емес пе екен?» деген ой қапелімде басымды шырмап алсын, есікті ашар-ашпасымды білмедім.
– Мен Сәуле Болатқызын күтіп отыр едім, сіз кімсіз?
– Орнына мен келдім,ол кісі басқа шаруамен қолы тимей жатыр. Кәне, ашыңыз. Уақыт тығыз. Сізден басқа төрт үйге баруым керек.
Есікті ашпасқа амалым қалмады. Ұзын бойлы, қою қара шашты сымбатты дәрігер жігіт қобдишасын қолына ұстап үйге кіріп келе жатты. Қолын жуып ке­ліп, төсек жанындағы орындыққа тізе бүкті.
– Қане, қай жеріңіз ауырады?
– Асқазаным… ішім…
– Жақпас тамақ жеп қойған шығарсыз. Кәне, көрейін.
Жұмсақ алақанымен ішімді сипалай бастағаны. Еріксіз көзімді жұмдым, денеме жігіт қолы тиіп көрмегендіктен бір жағынан қатты ыңғайсызданып жатырмын, бір жағынан қолы тиген сайын жаным жай тауып, ауруым басыла бастаған сыңайлы.
– Түк те емес, – деді сәлден соң, – дәрі жазып беремін, ертең-ақ ойнақтап кетесіз.
Орнымнан сүйретіліп тұрып, анам беріп кеткен мың теңгені ұсындым. Ол таңырқай қарай: «Ақша емес, басқа бір нәрсе берсеңіз қой демес едім» деп жымияды.
– Сәуле Болатқызы мың теңгеден артық алмаушы еді, – деп қатты ыңғайсызданып қалдым.
– Сіз мені түсінбедіңіз, ыстық шай берсеңіз қатып кетер еді. Оразамды ашпап едім.
Газге шай қойып жатып «дәу де болсаң бойдақсың-ау» деп ойладым. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Жымиып күлгені қандай жарасымды. Екеуміз дастарқан басына жайғастық. Ол маған сөмкесінен алып дәрі ішкізді. «Алмаз Бекетұлы­мын, – деп қолын ұсынды. – Жай ғана Алмас дей беріңіз».
Сол күні кешкісін үйге телефон соғып хал-жағдайымды сұрады. Өзімді жақсы сезініп, көңілді отыр едім, әңгімеміз салған жерден жарасып кетті. Құданың құдіреті түнде түсіме енгені. Таңертең төсегімнен біртүрлі қуанып тұрдым. Емтиханнан бестік алдым. Алмас тағы да телефон шалып, құттықтады. Келесі сенбіде киноға шақырды. Іштей қуандым. Енді ше, өзі сымбатты, өзі дәрігер. Ұзын сөздің қысқасы, біз осылай табыстық.
Алмас анасы екеуі екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Әкесі бұрынырақта қайтыс болған. Мен келін боп түскен соң енем төсек тартып жатқан кәрі әкесін күтуге ауылға аттанды. Бір үйде екеуден екеу қалдық. Бізден бақытты жан жоқ еді сол шақта. Қиыншылық дегенді ойымызға алмаймыз. Жұмысқа барғанымызға, жұмыстан асығып үйге қайтқанымызға мәзбіз. Ақыры бір күні қиыншылық біздің есіктен де сығалады. Ол бізге кедейшілік боп келді. Енді білдік, екеуміздің де жалақымыз мардымсыз екен. Қалай тартсаң да жетпейді. Оны анамның мерейтойында анық сезіндік. Тіпті жақсылап сыйлық алуға да артық ақшамыз жоқ екен. Өмірде бұлай қорланбаспын. Анам менен сыйлық дәметпейді ғой, бірақ менің көңілім бәрбір жұбанбай қойды. Жылап қалдым. Алмастың да көңілі орта. Содан бастап қайтсек көп ақша табамыз, қайтсек бай боламыз, тіпті бай болмай-ақ ел қатарлы қалай өмір сүреміз деген ой жатсам-тұрсам миымды торлап, маза таптырмайтын болды. Алмастың не ойлайтынын қайдам, әзірге үнсіз, Көрші келіншектің күйеуі сыра зауытында жұмысшы, бірақ ол жалақыны әлдеқайда көп алады екен. Ішім күйеді. «Әттең-ай» деймін. Олай деп неге айтқанымды өзім де білмеймін. Алмасқа сыра зауытына жұмысқа тұр деп қалай айтасың, сонша жыл көз майын тауысып оқығанда қалай қара жұмысшы болмақ. Жо-жоқ, құрысын, не бәлені ойлап кеттім.
Менің торығып жүргенімді Алмас та сезеді. Тіпті бір күні «Жалақысы молдау басқа жұмыс ізде, мынау не, өмір ме, біріне тартсаң біріне жетпейді. Ертең балалы болсақ қалай тірлік қыламыз» деп ашуланып айтып тастаймын.
Енді әлгі қиыншылық қорқы­нышқа айналып жүрегімізге еніп алды. Әнебір күндердегідей ұйқыдан қуанып емес, қорқып оянатын болып жүрміз.
Мектептен айлық жалақымды алдым. Айтуға тұрмайды. Аз. Сонша еңбек етіп жүріп тапқаным осы-ақ. Оның да біразы қарызға, өткен аптада мектепті тексерген комиссияға кетті. Үйге ренжіп, қатты налып қайттым. Мен мен ғой, әйелмін, ал анау Алмас ер-азамат боп түкті ойламайды-ау. Бұрын қоғамды кінәлаушы едім, енді Алмасқа шын ренжідім. «Осыдан көзіме көрінсінші, айқайлап жылап, не бар қылармын, не жоқ қылармын» деп қатулымын. Үйге келсем мәз боп Алмасым отыр.
– Неге жетісіп отырсың? – деп дүрсе қоя берейін.
– Қой-ә, ашуланба, мен бір мықты жұмыс тауып келдім. Ақшасы екі мың доллар! – дейді екі езуі екі құлағына жетіп. Құдай атып, күліп жіберіппін.
– Иә, айтшы, айтшы…
– Сержанды білесің ғой, курстасым. Бағана жолықтым, мықты фирмада менеджер екен, дәрі-дәрмек сататын. Мені бастығымен жолықтырып жұмысқа алғызды. Алып бара жатқан қиын жұмыс емес, емхана аралап әлгі қымбат дәрілерді насихаттаймыз. Қысқасы өткіземіз. Дәрігерлерді де құр алақан қалдырмаймыз. Жұмыс жүрген сайын екі мың доллар емес, үш, тіпті төрт мың доллар береміз деп отыр.
– Алақай! Алақай!
Қуанғаным сонша Алмастың екі бетінен шөпілдетіп сүйе беріппін. Ертеңіне дүкен аралап, бар жиған-терген ақшаға Алмасқа костюм-шалбар алдық. Ұят қой, кісінің киіміне қарап бағалайтын заман емес пе?
Алмастың жаңа жұмысы шынымен берекелі боп шықты. Тұрмысымыз демде түзеліп жүре берсін. Күйеуім де зыр жүгіріп, үйде отырмайтын боп алды. Басқа қалаларға іссапарға көп шығады. Сондай іссапарға кеткен бір күні өзімді жайсыз сезіне берген соң дәрігерге қа­ралып едім, әлдебір дәріні жазып берді. Дереу Алмасқа телефон шалып, жазып берген қымбат дәрінің атын айттым. Сол сол-ақ екен Алмас шошып кетті.
– Ойбай, ол дәріні іше көрме, алма, балаға зиян, – деп жаны шығып кете жаздады.
– Зиян болса неге береді?
– Ол біз өткізіп жүрген дәрі ғой. Мен келгенше қоя тұршы, жаным.
Алмас келгеннен кейін мән-жайға қаныққандай болдым. Ол дәрінің бойға бала бітірмейтіндей қасиеті бар екен. Жаным түршігіп кетті.
Алмас екеуіміз ұзақ сөйлестік. Замандастарымыздың бірқатары имансызданып, азып-тозып бара жатқанын әңгімеледік. «Иә, – деді бір кезде, – ақшаның соңына түсем деп ар-ұяттан, адам­гер­шіліктен жұрдай бола жаздаппын. Адамға пайдалы адал іспен айналысайын, арам іспен айналысам деп ұрпағымды құрта жаздаппын ғой».
Ертеңіне фирмамен қош айтысып, аудандық емханаға дәрігер боп баяғы жұмысыма қайтып барды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Қуаныш Таншолпан, Аққұдық ОМ

    Біздің заманымыздағы тапшылықтың біріншісі – ақша тапшылығы. Ол жыл санап азайып келе жатыр.Қазіргі таңда отбасын құрып, бала-шаға асырау оңай емес болып кетті ғой. Алған жалақың өзінен басқаға артылмайды. Бірақ, бір айлықпен де өмір сүріп, күндерін көріп отырған отбасылар қаншама! «Ауқатты адам ауқатты бола түседі, ал қолында түгі жоқ адам қолындағы барынан да айырылады», – деген осы бір сөзді оқығанымда, ол сөз маған әділетсіз болып көрінді. Егер де «ауқатты» адамның байлығы арта түссе, ал «қолында түгі жоқ адам бар нәрсесінен де айы­рылса, бұл әділдікке жата ма, егер де «қолында түгі жоқ адам» көбірек алса, онда әділеттілікке жақын болар еді. Ойлана келе, егер де өзің сәтті адам болсаң, табыс туралы ойлау оңай. Ал бай адамға әл-ауқат туралы ойлау қиынға соқпайды, алайда, кедейге сәтсіздікке ұшыратқан өмірлік жағдайлар өзін үнемі артқа тартып тұратындай көрінеді деген ойға келдім.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.