Тәрбие – тал бесіктен

Жаңа техника заманы келгесін, жастарымыз мерзімдік газет-журналдардан гөрі компьютерге – интернет-жәшікке көп үңіледі. Сағаттап емес, күні бойы отыратындардың бәрі балалар мен жасөспірімдер. Нағыз тәрбие алатын, бойларына жақсы мен жаманды сіңіретін шақтары.

Жалпы интернеттің ой-пікірлер таласын ортаға салатын алаңға айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Аты-жөндерін көрсетпейтіндер тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, ойларына не келеді, соны жазады. Бұл да қазіргі кейбір жастарымыздың жеткен «биігі», ой-өрісінің шамасы. Қыздарымыздың ғана емес, жігіттеріміздің де ата-бабамыздан келе жатқан ізгілік, имандылық қасиеттерден алыстап бара жатқаны.
Бұрын үлкені бар, кішісі бар бәрі жаппай кітап оқушы еді. Үйде, кітапханада, пойызда, ұшақта тіпті автобустың ішінде де кітап оқып отырғандар жиі кездесетін. Жақсы кейіпкер болса қуанып, жаманы болса жиреніп дегендей, оқырман кітаптан жақсы әсер, тағылымдық өнеге, адамгершілік қасиеттер алуға тырысатын. Ал қазір ше, қайда барсаң интернет, кімді көрсең қалталы телефон. Құлаққаптарын іліп алған жастар өздерімен өздері әлек. Автобусқа кірсе де, көшеде жүрсе де, үйде отырса да сол. Сонда не көріп, не тыңдап жүр дейсіңдер ғой. Батыстың атыс-шабыс ойындары мен құлақ жаратын музыкалары. Не мағына, не мән жоқ. Содан ба екен, автобусқа кірген үлкендерге өздігінен тұрып, орын беріп жатқан жастар сирексіп барады. Көбі құлаққаптарын киіп алып, ешкімді көрмей, ешкімді естімей отыра береді. Осындайда кітап оқып отырса да, үлкенді көргенде орындарынан ұшып тұра келетін баяғының жастары еске түседі. Көзбен емес, санамен сезетін олар. Міне, сәби кезінен ана сүтінен алыстап, тек құлаққап, компьютер, интернетпен өскен жас­тардан инабатты келін, жақсы күйеу шығады деу қиын.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Тал бесіктен басталған тәрбие мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында жүйелі түрде жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болады. Ол үшін жаңа велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ, қолымыздан сусып кеткен идеологиялық тәрбиемізді қайта жаңғыртсақ болғаны. Бірыңғай тәртіп керек сияқты. Алты жасар бала мектеп табалдырығын аттады ма, «Балдырған» деп атала ма, кеудесіне белгі тағатын болсын. 4-5 сыныпқа көшкенде бұрынғыдай пионер ұйымының орнына «Жас өркен» деп атала ма, бір ұйым құрсын, ұйымдасқан түрде бәрі де мойындарына көк туымыз түстес галстук тағып жүрсін. Жоғары сыныптағылар «Жас қайрат» сияқты жасөспірімдер ұйымының қатарына кірсін. Ата-анасын сыйлауға, мектебінде жақсы оқуына, Отанын адал сүюге, жан-жағын құрметтеуге ант берсін. Ұйым белгісін олар да кеуделеріне тағып жүрсін. Мектеп бітірер сәтте, бір отбасындай болып бірге өсіп, бірге оқыған алтын ұясымен қоштасудың той емес, қимас сезім екені сонда білінеді.
Әйтпесе, қазір қалай болып жүр? Біз жастарды тек армияға келгенде сарбаздыққа баулимыз, болмаса жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттерді бір үлкен сайлау алдында ғана еске түсіріп, науқандық шараға топтастыруға тырысамыз. Ал олардың үйден, мектептен өтіп жігіт болып қалғанын байқамаймыз. Он сегізге толған жас бар тәрбиені бойына сіңіріп, өмірге қадам басқан азамат. Өкінішке орай, оны қайта тәрбиелеу қиын. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дейтін кезең өтіп кеткен…
Сондықтан «баланы жастан…» демекші, жастар тәрбиесіне үйде де, түзде де, жан-жақты көңіл бөлейік дегім келеді.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ

АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.