Ұша (Әңгіме)

Бекболат ӘДЕТОВ

Ойда жоқ, түсте жоқта адамнан қадір кетейін десе оп-оңай екен. Күнделікті газеттерін оқып, «көгілдір жәшігін» көріп, жайбарақат жатқан ғой бұл Ілдірім. Қапелімде Қасейін құрдасы телефон соқсын. Амандық-саулықтан соңғы дағдылы қысыр сөздерін айтып біраз мыжыды. Әрі-беріден кейін:
– Әй, сен бірдеңеге қыртиып отырсың ба? Сөйлесуің самарқау ғой, түге, – деп кіділене қалды. Табан асты қитықтан ситық шығарайын десе өстіп ілінісе кететіні бар. Сол сәтінде көкшіл көзі шатынап, кертпеш танауы делдиіп кететінін Ілдірім айтқызбай біледі.
– Жоға, Қасеке, құдай сақтасын… Жай, әшейін, мына теледидары түскірден бір кино жүріп жатыр еді…
– Таста жәшігіңді бала құсамай. Одан да сен маған ұша дегеннің не екенін айтшы.
– «Ұша» дейді? Қайдағы ұша?
– «Біреудің жаясын жесең ұшаңды сайла» дейтін мақал бар екенін білу­ші ме ең?
– Ал білдік.
– Білсең, сондағы «ұша» деген не сөз?
Ілдірім сасайын деді. Шынында, таныс-бейтаныс сөз. Талай естіген. Бірақ мағынасына мән беріп, көңіл тоқтатпаған ғой, әйтпесе сарайында сайрап-ақ тұрмас па. Әйтсе де әрі-бері бұлталақтатып көріп еді, Қасейіннің оған тоқтай қоятын сыңайы байқалмады. Ол ол ма, тіпті:
– Төбеңді көрме! Барды-жоқты сөз біледі деген сенің түрің мынау, өзгеге не жорық, – деп, әуелі өзін сөкетті қылды. «Қатының екеуің бірдей мынау деген филологсыңдар. Біз білмесек, сендерден сұрамағанда қайда барамыз» деген сыңайда бірсыпыра сөз айтты. Ілдірім де қарап өлсін бе, оның өзіне жармасты:
– Білсең, айтсаңшы тәлімсімей! – деп салды.
Қасейін қандай мәттақам, сойылған малдың ішек-қарнын, өкпе-бауырын түгел алып тастағаннан кейінгі мүшеленбеген тұтас етін «ұша» дейтінін қолмен қойғандай етіп айта келді де:
– Тілімізден ада-күде айырылып қала жаздаған жұртпыз ғой біз қасқа, – деді таусылып. – Орыстың «тушасына» даңғылмыз, ал қазақтың «ұшасын», ілуде біреуіміз болмасақ, таза-тақыр ұмытқанбыз. Сенің мына сықпытың соны айтады. Маған салсаң, орысыңның сол сөзі біздің «ұшадан» шыққан дер едім. Бертінгі оқу-шоқуға қатысты ұғымдарға дауым жоқ, ал арғы түптен келе жатқан, әсіресе малға қатысты атаулардан қазақ ешкімге дес бермесе керек. Демек, бұл мағынадағы «тушаң» да, «ұшаң» да бір сөз әрі қазақтың сөзі! Ол жайында ғылым не айтатынын білсең сен білерсің. Енді, менің бір білуімде, еттің тағы бір қадірлі жері солай аталса керек еді. Соның жөнін сұрап аламын ба десем, сенген қойым сен болдың…
Екеуінің әңгімесі осындай «болды-біттімен» аяқталған. Бірақ ізсіз кеткен жоқ Ілдірімнің көңілінде дық қалды. «Апыр-ау, осының ұшада кеткен қандай есесі бар еді? Тым болмаса тілдің де маманы емес, қазақтың қай сөзін түгендеп жүрмек бұл?» деген ойдан біршамаға дейін арыла алса кәне. Ілдірімнің әуелі танауы қусырылды. Отырған күйі қаққан қазықтай боп мелшиді де қалды. Әрі ойлап, бері ойлап келген бір сәтінде жылт етіп бас көтерген сезік әне-міне дегенше айқындалып, тұла бойын тұмшалап алсын. Иә, сол! Тура соның өзі! Бәтір-ау, қалай байқамаған?! Бәсе-бәсе… Бұл қайдан мақалшыл болып кетті десе…
Әйелін шақырды. Дариға да қайбір ылдым-жылдым, ас үйден ырғала басып жеткенше қағілез Ілдірім орнынан үш тұрып, үш отырған болар.
– Әй, Дәрико, біз осы Қасейіннің үйінде қашан болдық? – деген шаншудай сұрақпен қарсы алды оны.
– Әрқашан-ақ болып жүрген жоқсың ба?
Әрегірек диванға отыра берген Дарикосы: «Сол да сөз бе екен?» деген жанша, бұған бір шекесінен қарады.
– Жоқ, соңғы жолғысын айтам…
– Оны кім санап жүр дейсің. Жаңа жылдың алдында ма, болдық қой әйтеуір.
– Әлгі, немересінің тұсауын кесе­тін­де ғой?
– Солай шығар. Не болды сонша түгендеп?
Олар ше? Олар бізде қашан болып еді?
– Слушай!… – деп, мол денесімен жөңкеріле қараған Дариғадан енді жөндемді жауап ала алмасына көзі жеткен Ілдірім жөпелдемеде судырлай жөнеліп, мән-жайды түсіндіруге көшті. Жаңа әлгіде Қасейіннің телефон соғып, болмашы бірдеңелерді көңірсіткенін, сөз арасында «Біреудің жаясын жесең, ұшаңды сайла» дейтін мақалды қыстырып, әлденендей емеу­рін білдіргенін айта келіп:
– Сен байқамадың ба, сол жылы солардың дастарқанында жая болып па еді? – деп тоқтады.
Сөздің тігісін қанша жатқыздым дегенмен Дариғаның әлгіде кілт келе қалған алқым ашуы әлі басыла қойған жоқ екен:
– Еркек басыңмен біреудің табағына не салғанында шаруаң қанша? – деп дауыл­­датып бастап, жауындатып-жауындатып алды. Бастырмалатып, ит сілікпесін шығарды. Ілдірім де тірі жан емес пе, жауын-жауынның арасына сыналап сөз қосып, өз дегенін ақтаған болып жатыр. Сондағы айтқаны: қазақтың сөзін түгендеу бұл Қасейіннің несін алған? Көрерсің, осының түбі шикі, қолақпандай қоясы бар бұл пәлекеттің. Қысқасы, шай кезегі бізге келіп тұр, бәйбіше сен соны ұмытқансың, ал оны ұмытпайтындар бар. Көзің енді жеткен шығар?..
Шыны керек, дастарқанында бір­талайдан бері бас қоспаған дос-жа­рандарды жинап, жақсы бір мәжіліс құрсақ дейтін ой Дариғаның өзін де мазалап жүрген болатын. Бірақ Ілді­рімнің мына сөздері сол ізгі ниет­тің өзін міндетті кезекке айналдырып, ылайлап жібергендей болды-ау. Апыр-ай, бұған не болған? Бір мақалдың астарынан сонша жымысқылық іздейтіндей не көрініп жүр жазғанға? Қайта: «Менің байлығым – достарым!» деп, жұрт алдында дүрілдегенде та­ралғысы төрт қабат емес пе еді? Соның бәрі әшейін көз үшін болға­ны ма? Сыйластығымыз бен қимас­ты­ғымыз шайдың кезегімен өлшенсе кім болғанымыз? Қалай еді?..
Неше жылдан бері «шәй» деспей отасып, «шығарға жанымыз бөлек» деп жүрген Ілдірімнің ойда жоқ осынша таяздығына таңырқап та, күйініп те долырған Дариға тілінің ұшына келген Абайдың бір сөзін таба алмай, ойша қармана бергендей болды. Иә, қалай еді?.. «Тілеуі, жақындығы – бәрі сату» дейтін бе еді жарықтық? Расында, бәрі Абайдың өзі айтатын оңғақ пұлдай болғаны ғой. Не боп барамыз осы біз? Не қасиет қалды адамда?..
Дариға әбден жүнжіп, таусылып отырып осылай ойлады және соны айтты. Түсінер, орынды сөзге тоқтар деп айтты да, бірақ түсіне қойған Ілдірім болмады.
– Сен бұл араға Абайды тықпалама. Абай айта береді! – деп ақиланды. –Әкем Құнанбай болса, жеті атадан бері жібі үзілмеген дәулетім тұрса мен де айтар едім ондай сөзді. Біз құсап, тапқаны қапқанына жетпей, құрыққа сырық жалғап отырса көрер ем…
Дариғаның жүрегі мұздай болып, етжеңді денесі көрер көзге шөгіп, қалтырап кетті. Бірауыз сөзден шыққан кикілжің жөпелдемеде осылай ұшығып, екеуінің пайым таразысын мұншама ажыратар деп бұрын-соңды ойлап па бейбақ? Құдая тоба, адамның ішіне небір сұмдықтар сыя береді екен-ау!..

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.