Торпақ

«Төрт түліктің төл атаулары» айдарының кезекті шығарылымын жалғастыра отырып, осы жолы торпақ, тана, торпа-тана, құнажын және т.б. атаулардың мән-мағыналары жайында айтамыз. Бұл атаулардың сиыр төлінің жас ерекшелігіне қатысы бар. Әр атаудың қолданатын жерлері де бар. Оларды бір-бірімен алмас­тырып айта алмаймыз. 

Торпақ. Сиыр малының алты айдан бір жасқа дейінгі бұзауы. Ірі қараның алты айға дейінгі төлі бұзау, алты айдан бір жасқа дейінгісін торпақ, баспақ десе, бірден екі жасқа дейінгілерін тайынша, тана дейді.
Торпақ ұғымының екінші мағы­на­сы да бар. Ол 12 зодиактік шоқ­жұл­дыздардың бірі. Торпақ аспанның солтүстік жарты шарында Персей, Тоқты, Кит, Эридан, Таразы, Егіздер, Жетекші шоқжұлдыздардың аралығында орналасқан.
Торпақтай. Салыстырмалы теңеу. Торпақ сияқты деген ұғымды білдіреді. Үлкендігі кішігірім торпақтай қызыл секті басып алып, қорапты шанамен қасына келіп тоқтай қалды (Ж.Молдағалиев, Сарыарқа). Құлқым соқпағасын оқыра тиген торпақтай әдейі тапырақтап, реверанс жасадым (М.Қабанбаев, Кермек дәм).
Торпақ-тана. Торпақ және тана, тайыншаға қатысты қолданылатын сөз. Көркем әдебиеттен мысалдар келтіретін болсақ, Б.Тоғысбаевтың және Т.Иманбековтың туындыларында: «Жекжат-жұратынан екі торпақ-тана тауып алды» (Б.Тоғысбаев, Алдыңғы.). «Торпақ-таналарын ар­қандап, биебайлап, ұзын арқан, кең тұсаулы жүргендеріне де дәл қазір көздері жеткендей» (Т.Иманбеков, Тұт ағашы.) деген сөз қолданыстары бар.
Торпақтат. Аты болса болды деп ірі малдың орнына ұсағын беру деген мағынада. Мал үлестіру жөніндегі үкімет заңын, нұсқауын құлағына да қыстырмай, ат тұяғын тайға бастырып, тай тұяғын танаға бастырып «торпақтата» беріпті (І.Жансүгіров, Шығ.).
Торпақша. Бұл да салыстырмалы теңеу. Торпақ сияқты деген ұғымды білдіреді. Қара қаламсабы шарбаққа сүйкенген қотыр торпақша үйкектей жөнелді (Ғ.Қабышев, Мінездеме).
Тана. Ақықтан жасалған, киімге тағылатын жалтырауық түймені де тана деп атаймыз. Зергерлер өрнектейді ақтананы, Жақсылар өнеріне мақтанады (Айтыс). Біреуі ақық моншақ, бірі т а н а. Алып кел: «Омырауыңа – дейді, – қада». Шеріктеп, кездеп шығып шәйі көйлек, Табылды камзол тігер Қатипа да (Сара, Тордағы.).
Тана көз. Мұнда да салыстырмалы теңеу ұғымын байқауымызға болады. Мөлдіреген дөңгелек көзді көбіне-көп тана көз деп айтып жатамыз. Мысалы, Балқияның әжімсіз ақ жүзінде, жайнаған тана көзінде сезік бар (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Тағы бір мысал: «Ол су болған шашын сипап, тана көздерін төңкере Нұрқасымға аударды» (Д.Рамазанов, Тас түлек.).
Тана тағу. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жас баланың қуанышын үстемелейтін жораны тана тағу деп атайды. Жақын туысқаны немесе көрші-қолаңның жас баласы алғаш рет өз бетімен іс тындырса, үлкенге тән ақылдылық танытса, оның осы көшелілігін құптап, әспеттеп, ерекше ескеру белгісі ретінде баланың киім-кешегіне тананы (түйме, күміс түйме) әйел адам өз қолымен тағып: «Бәрекелді, азамат екенсің, ақылды екенсің» деген сөздермен қолпаштайды. Тана тағуда үлкендеу нәрсе сыйлық ретінде ұсынылса оны байғазы дейді. Тана тағу дәстүрлі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты қалыптасқан нормаларды, эстетикалық құндылықтарды реттеуге қызмет етеді. Жас баланың мерейін өсіріп, болашақта қасиеттерді бойына сіңіруіне септігін тигізетін тәрбие тетігінің бірі саналады.
Танадай. Тана сияқты, тана тәрізді деген мағынаны білдіреді. Қазақ жыр-дастандарында: «Енді Жанат жөнелді, Танадай көзі жарқылдап, Алтын кебіс сартылдап, Сырғасы алтын күректей», «Жанбай қалған ағаштың шаласындай Соқтығып әркімге бір ұрынады. Сиырдың тентек болған танасындай» деген мысалдар кездеседі.
Құлаққа ұрған танадай. Жым-жымырт, тып-тыныш мәнінде қолданылатын сөз. Зал іші құлаққа ұрған танадай, ұшқан шыбынның ызыңы естілерліктей, тып-тыныш бола қалды (Қ.Жармағанбетов, Әнші.).
Таназар. Ой, ес, ми. Кірпігі іліне бергенде Күкіш келіп, қарсы алдына тұра қалып, ұйқысын шайдай ашады. Содан әрі қарай оның бар дүние тағы да таназарынан шығады да, санасында тек Күкіш қана қалады (Ж.Тұрлыбаев, Тамыз таңы).
Танамоншақ. Зергерлер ақықтап жасалған моншақты осылай деп атайды. Танамоншақ сөзіне байланысты сөйлемдер мен сөз тір­кестері, салыстырмалы теңеулер көр­кем әдебиетте өте көп. Мысалы, Ж.Аймауытовтың шығармаларында: «Шәкесі танамоншақтарына безелектеп жабыспақ болып еді, Тұмарбай қабағын түйіп, тістеніп, үндетпеді», «Апасы жылтырағанды Күнікейдің үстіне жапсырады, шашын жылтыратып тарайды, өреді, омырауын қызыл, жасыл жіппен кестелейді, танамоншақты камзолына тағады, уақ күмістен сылдырмақтай шашбау да істейді» деген сөз қолданыстары кездеседі. Мұнан біз танамоншақтың өмірде көп қолданысқа ие екенін аңғарамыз.
Бұқа. Сиыр малының піштіріл­меген еркегін бұқа деп атайды. Бұл сиыр малының тұқымдық аталығы саналады. Мақтаншақтың бұқадан артық жері – Бұқа қойса, оймайды біздің сері. Жуан мойын, алакөз, мүйізі алай, Менен артық кім бар деп жүргендері Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Жамыраған қой, азынаған сиыр, кірген бұқа, айғайлаған бала, ауқаулаған қатындардың ­даусы қосылып, көлдің басы ың-жың (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Бесті бұқа. Аталығы әбден жетілген, бес жасқа келген бұқа.
Бұқа – буға, азбан – дуға. Құр кеуде, босқа тыраштану дегенді біл­діретін сөз. Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға Самсы да асық болып Айсұлуға, Бата алмай жүреді екен сөз айтуға (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Сөйтсе де жағаласып бір қалмайды, егендей «бұқа – буға, азбан – дуға» Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Күймедегі Баянды көргені жоқ, «Бұқа – буға» деген сөз содан қалды (Батырлар жыры).
Бұқа дауысты. Даусы күжілдеген, күрілдеген. «Ей, ей, қақтықпа, қақтықпасайшы! Жынды немемісің өзің!» деді бұқа дауысты біреу (С.Сейфуллин, Әңгім.).
Бұқа көз. Төңкеріле қарайтын ала көзді бұқа көз деп айтады. Қайырбек мұртын тазының құйрығындай шығыршықтаған, қыр мұрынды, бұқа көз, шүйдесі тоқпақтай балуан денелі жігіт (Ж.Аймауытов, Шығ.). Айтқандай-ақ бұқа көз Абақтың өзі келді. Екі езу екі иығында, мәз (Ә.Тарази, Асу.).
Бұқа мойын. Бұқаның мойнындай күжірейген, жуан мойын. Гүржиген бұқа мойын, оған тұшталаңдай ерген тапал қазақ ортаға шығып ойындарына қажет саймандарын құра бастады (А.Сатаев, Дала.). Әр жерде төрт-бестен оңаша сөйлесіп отырған ылғи кебеже қарын, бұқа мойын, шұбар төстерді көргеннен-ақ Мүсәпірдің жүрегі мұздап сала жөнелді (Ә.Әлімов). «Шығар кісіңді, шығар!» — деп, қыпшақтар жағы діңкілдеп тұрғанда бура сан, бұқа мойын, түкті қараға тең түсерлік балуан таппай, арғындар жағы шынымен-ақ жасып қалды (О.Бодықов, Ақ құс).
Бұқа мінез. Дүлей, ұрда-жық мінез. Бұқа мінез әлгі пәлекеттің сыры белгілі: жолындағыны жалмайды, қаусатады (Д.Досжанов, Жібек.).
Бұқаның әукесіндей. Үлкен, салбыраңқы бұғақ. Жалғыз-ақ қолағаш мұрнының ұшы со қалпы бұқаның әукесіндей қыж-қыж (З.Шашкин, Тоқаш Бокин). Дурновтың беті қып-қызыл, мұрны қоңқақ, Бұғағы бұқаның әукесіндей салбырайды, қарны бұлтиып кетіпті (Ә.Шәріпов, Партизан.).

Д.ТӨЛЕБАЕВ
«Қазақ әдеби тілінің сөздігі»
бойынша дайындалды

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.