Ғылымдағы сара жол

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, М.Дулати атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, абылайтанушы ғалым Әнуар Тарақовтың 60 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері, ғалымның әріптестері, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.   

Жиынды ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы жүргізді. ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев қаламгердің шығармашылығы мен ғылым жолындағы ізденістері туралы сөз сөйледі. Үстіміздегі жылы жарыққа шыққан «Абайтану. Таңда­малы еңбектер» атты он томдық жинаққа оның автор ретінде қомақты үлес қосқанын айтып, сыйға тартты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан мерейтой иесіне қаламгерлер қауымы атынан алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады. Өз сөзінде Ә.Тарақовтың республикалық басылымдардағы жемісті еңбек жолын тілге тиек етті. Қаламгерлік қабілетінің биіктен көрінгендігін, қазақтың кенже қалған футбол өнерінің, қоғамдағы өзекті мәселелерді өткір жазуымен ерекшеленгендігін атап өтті. Әнуар Тарақовтың ғылым жолын­дағы атқарған еңбектері жөнінде негізгі баяндаманы филология ғылымының кандидаты, доцент Гүлмира Қазыбек жасап, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақова автордың абылайтануға қосқан үлесіне тоқталды. Жиын барысында журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, белгілі ғалым Роза Мәсімханқызы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері Тоқтар Әлібек, Алмас Оралбек, «Президент және халық» газетінің бөлім редакторы Серікжан Қажи және т.б. құттықтап, сөз сөйледі. Ғалымның өмір белестерінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілді.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.