Ынтымақ ырысқа бастайды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Қазақ халқы береке-бірліктің бас­тауы ынтымақта екендігін, татулық пен ауызбіршілік бар жерде алынбайтын қамал, жеңбейтін қиындық болмайтындығын ежелден-ақ айтып, өзгелерге үлгі етіп келеді. 

Атақты Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы «Бақыт, қайда барасың?» деген жыр-толғауында:
– Бақыт қайда барасың?
– Ата-анасын сыйлаған,
Ұйымшылдық ойлаған,
Тату жанға барамын…
– Бақыт қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, – деген екен.
Күні кеше Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан» деп қадап айтты.
«Бес саусақ жұмылса жұдырық болады», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекерге айтылмаса керек. Қазақ үшін байлық та, бақыт та татулық пен ынтымақта.
Ынтымақтың негізі, түп-тамыры – әр шаңырақтан, отбасынан бас­талары ақиқат. Бесікте жатқан сәбиден бастап ұлттық рухта тәрбиеленсе, ата-ананың қадірін біліп өссе ол азамат ертең елінің туын жықпайтын, достыққа адал, сөзге берік, сенімге ие, көрші-көлемге, туыс-туғанға сыйлы болары хақ.
Қазақстанда бірқатар ұлт өкілдері өмір сүріп жатқанын ескерсек, кешегі ауыртпалық жылдары қолындағы бір үзім нанын бала-шағасының аузынан жырып, өзгеге берген, өзгенің басына түскен тауқыметті бірге көтеріскен қазақ халқы өз мемлекетінің татулықтың нышанына айналған ел екендігін бүкіл әлемге танытты. Лайым, еліміз алауыздық пен араздықтан аман болып, тыныштық пен сый­лас­тығымыз мәңгілік болғай.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар». Ынтымақ мерекесіне орай еліміздің түкпір-түкпірінде ойын-сауық ұйымдастырылып, әр ұлттың салт-дәстүрін көрсететін, өнерінен сусындатып, ән-биін тамашалататын достық пейілдегі шаралар өткізіледі. Қалай болғанда да бізді жетістікке жеткізетін достық пейіл мен ыстық ықылас. Қоғамдағы тұтастық пен елдің бірлігі бар жерде кез келген қиындықты еңсереріміз сөзсіз.
Біздің жалғыз ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ елі. Тәуелсіздіктің Туы аспанымызда мәңгі қалықтасын десек, ұлттың ұйытқысы бола біліп, бір-бірімізге қалтқысыз сеніп, бір мүддеде, ортақ көзқараста өнімді еңбек етуіміз қажет. Жауапкершілік пен сенім, қамқорлық пен қолдау, рухани жақындық бар жерде – бірлік те, тірлік те болары анық.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез дәл осы уақыт болса керек. Сондықтан мем­ле­кеттің болашағы үшін, оның мәртебесін арттыру үшін – әрбір Қазақстан азаматы жауапты.
Ел бірлігі бәрінен биік ұғым. Осы ұғымға сай болуымыз үшін әрқайсысымыз сүбелі үлес қосуымыз қажет. Мемлекеттің жарқын бола­шағы, қоғамның тұрақтылығы – бірлігіміз жарасқан өміріміздің кепілі. Бұған атсалысу Қазақстан аза­матының қасиетті парызы.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жадыра

    Біраз нәрсе тұспалдап айтылыпты. Оңды сөз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.