Байлық та, бақыт та – бірлікте

N NazarbaevҚазақстан халқы Ассамблеясының әрбір жаңа сессиясы ел ынтымағын одан әрі нығайтуға, ортақ мақсаттарды айқындап, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған мұратымызды белгілеп келеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында өткен алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Айта кетейік, Ассамблеяның кезекті ХХІV сессиясының тақырыбы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» деген тақырыппен өтті.

Иә, бұл орайда тәуелсіздік, келісім, сондай-ақ болашағы біртұтас ұлт деген ұғымдардың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп жатудың өзі артық шығар. Мұны, елінің ертеңін ойлайтын, мемлекетінің өсіп-өркендегенін, жарқын болғанын қалайтын әрбір саналы азамат жақсы ұғынады деп білеміз.
Ал енді біртұтастық дегеннің өзі тәуелсізді­гі­міздің қадірін біліп, елдігіміздің іргесін нығайтуға бастайтыны сөзсіз. Қазақстан халқы «Мәңгілік Ел» болуға бағыт алды. Бүгіндегі барлық бастамалардың түп негізінде осы идеяның жатқандығы анық.
Еліміздің барлық өңірінен келген Ассамблея мүшелері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, түрлі саланың қызметкерлері бас қосқан жиында елдіктің рухы, заманауи Қазақстанның бет-бейнесі айрықша сезіліп тұрғандай болды.
Сессияның жұмысын бастауға бірден кіріскен Мемлекет басшысы Ассамблеяның 446 мүшесінің 427-сі қатысып отырғанын жеткізіп, қажетті кворум бар болғандықтан ХХІV сессияның жұмысын ашық деп жариялады. Мемлекеттік Әнұран орындалып болған соң, төралқада отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов баяндама жасау үшін сөзді Н.Назарбаевқа берді.

Жиналғандар алдында сөйл­еген Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылық­тарының бірі екенін атап өтті.
– Біз достықты қазақ­стан­дық­тардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары туралы да айтты. Бірнеше айда 59 заң әзірленіп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік құқықтық акт бекітілгенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер корпусында Қазақстанның 45 этносының өкілдері бар екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік аппаратта әрдайым этностық әралуандық болуы үшін бұл жұмыс жалғаса түсетінін жеткізді.
Президент заң үстемдігін қам­тамасыз ету үшін «Тілдер туралы» Заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекеттік органдарға арыздану­шының хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа Заң күшіне енген алғашқы үш айда мемлекеттік органдардың азаматтар сауалына олар таңдаған тілді ескере отырып жауап беру тұрғысында 79 рет заң бұзылған. Соның ішінде 29 факт түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тиіс, – деді Нұрсұлтан ­Назарбаев.
ЭКСПО – 2017 халықаралық маман­­дан­дырылған көрмесін өткі­зу мәселесін ескере отырып, елорда­ның, Алматы қаласы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды.
Елбасы өз сөзінде азаматтардың теңдігі мен этносаралық қатынастар тұрақтылығы мәселесіне қатысты ұсақ-түйек деген болмайтынын, болуы да мүмкін емес екенін, бұл жерде науқаншылдыққа орын жоқ, күнделікті қажырлы жұмыс қажет екеніне тоқталды. Алқалы жиында еліміздің эконо­микалық даму көрсеткіштеріне де назар аударылды.
Мәселен, Президенттің 60 елде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторингі мәліметтеріне сүйене отырып келтірген көрсеткіштері бойынша, Қазақстан азамат­тардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленген. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша 6-орынға тұрақтаса, еңбек нарығының тиім­ділігі рейтингінде 140 елдің арасында 18-орынға жайғасқан. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қа­зақстан 178 мемлекеттің ішінде 68-орында тұр. Елбасы бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде еліміз 189 елдің ішінде 41-орынды иеленгенін айтты.
«Біз «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­ламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз» дей келе, мұның бәрі азаматтарымыздың болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалып жатқанына мән берді.
Елбасының сөзінен байқағаны­мыздай, бүгінде Қазақстан нық әрі сенімді қадамдармен ілгерілеп келеді. Әлемдік экономиканың ірі ойыншылары, алпауыт елдердің өзінде қазір қаржылық дағдарыстан келіп туындайтын тұрақсыздық орнаған. Үлкен компаниялар да өз жұмысшыларын қысқартып, қаржылық шығындарды қайта қарай бастады. Кез келген елдің өркендеуіне негіз болатын асыл құндылықтар болады. Ол, әрине, елдегі бейбіт өмір, азаматтардың, ұлт өкілдерінің ауызбірлігі мен түсіністігі екені сөзсіз. Қазір барша халықтар мұны жақсы түсінеді. Бұл тұрғыдан алғанда бірлігі жарасқан өмірімізді көздің қарашығындай сақтап, ардақтай білсек, әлі де көптеген жетістіктерге жетеріміз анық. Сессия­дан бір түйген ойымыз осы болды.
Сессия барысында Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы ­басым бағыттарға, оларды тиімді жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды. Еліміздегі индустрияландыру жұмысын жүргізу мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету тіпті әлемдік дағдарыстың күшті ықпалына қарамастан бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды. Сонымен қатар Бес институттық реформаның тағы бір бағыты – есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру аясында қазақстандықтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеңейе түсетінін айтты.
– Олардың жанында үкіметтік емес ұйымдармен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері белсене қатысатын қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің ысырапшылдығына қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да азаматтық қоғам үшін маңызды сәт. Оның қоғамдық кеңестер жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мәртебелі жиында отандық білім берудің жайы да кеңінен сөз болды. Бұл мәселе де қазір жұртшылық арасында, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып келе жатқаны белгілі. Ел күткен сөзді Елбасы айтты.
– Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды. Жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсетеді. Халыққа реформаның мәні жете түсіндірілмеген, – деді Президент.
Бүгінде қоғамды алаңдатқан тағы бір мәселе – жер мәселесі болып отырғаны белгілі.
Бұл орайда Елбасы соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты.
– Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгі­менің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айна­лысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныш­тымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, –деді Н.Назарбаев.
Сессия барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы атқарар жұмыстары да пысықталды. Елбасы бүкіл ел бойынша 1993 қоғамдық келісім кеңесі және 820 аналар кеңесі құрылғанын атап өтті. Олар халықтың нақты мәселелерін шешумен айналысатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар Ассамблеяның бастамашылдығымен атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
Қазақстан халқы Ассамблея­сының төрағасы сессия қорытын­дысы бойынша қабылдануы жос­парланып отырған Мәңгілік Ел патриоттық актісінің жалпыұлттық идеяның құжаттамалық пішіні екеніне назар аударды.
«Мәңгілік ел патриоттық актісі» қа­зақ­стан­дықтардың біртектілігі мен бірлігінің ауқымды да бірегей генетика­лық бағдарламасы екенін, акт біздің рухани құндылықтарымыз бен ұмтылыс­тарымыздың негізгі форматын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тиіс екенін, онда экономика мен саясаттың, мораль мен діннің мәселелері, Қазақстанның жаһандық әлемдегі орны жөніндегі көзқарастарымыз бір арнаға тоғыстырылғанын айта келе:
– Бұл құжатқа қатысты екі жыл бойы қызу қоғамдық жұмыс жүргізілді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық буынында, ғылыми ортада, саясаткерлер, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері арасында жан-жақты талқыланды. Былтыр Республикалық патриоттар форумында оның жобасы мақұлданды, – деді.
Мәңгілік Ел патриоттық актісінде халқымыз қалыптастырған және өз жан-жүйесінен өткерген басты жалпыұлттық құндылықтар, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың Қазақстанның тағдыры мен оны дамыту, өркендету жолындағы өзара жауапкершілігі нақтыланғанын атап өтті. Патриоттық акт қабылдай отырып, біз бүгінгі өмірімізде орны бар және бәріміз үшін қастерлі нәрселер мен болашақ Қазақстанның барлық дәуірінде өмірлік маңызы зор және бағалы болатын дүниелер арасында берік көпір саламыз. Біз жаңа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздың дұрыстығын компас­пен тексергендей, Патриоттық акт арқылы анықтайтын боламыз деді.
– Өмірден арман туындатып, арманнан шынайы болмысты сомдау керек. Жалпыұлттық арманымызды біз осылай жүзеге асырамыз. Қуатты, лайықты және мәңгілік мемлекет туралы арманымызды. Кең-байтақ, сүйікті және киелі жерімізді көркейту туралы арманымызды. Ұлы Дала елі кеңістігіндегі зәулім аспанмен астасқан шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүретін бақытты және бейбіт халқымыз туралы арманымызды. Мен бүгін Ассамблея сапына оны бұдан жиырма жыл бұрын менімен бірге құрысқан және бастапқы тарихи сессиялары мен шешімдерін әзірлескендердің есейген балалары қосылып жатқанын көріп тұрмын. Бұл – қазақстандықтардың ұрпақ сабақтастығының айқын айғағы, – деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.
Сессия аясында «Болон және ұтқыр үдерістер» секторының маманы Сергей Петряев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Ыбыраев, «БЕК ЭЙР» АҚ «Fokker-100» әуе кемесінің командирі Дмитрий Родин,«Тіл дарын» жастар клубының төрайымы, қостанайлық Наталья Шпагина, «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оспанов, «Симкон» ЖШС директоры Олег Мецик және т.б. сөз сөйледі. Жиын соңында Ассамблеяның XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жария етілді. Осымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өз жұмысын аяқтады.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып Леонид Питаленко мен Розақұл Халмурадов тағайындалды. Оларды тағайындау туралы өкімге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қол қойды.
Ассамблея туралы ойымызды осылайша тұжырымдай отырып, бұл аптадағы тағы бір маңызды жаңалықты тілге тиек етсек дейміз. Ол «Елбасы жолы: Жұлдыз­дар тоғысқанда» киноэпопеясының премье­ралық көрсетілімінің бол­ғаны. Президент көрерменге жол тартып отырған жаңа туындыны жұртшылықпен бірге тамашалады.
Фильм 1984 жыл мен 1991 жыл аралығын­дағы кезеңді қамтиды. Туынды жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы, соның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Бұдан бөлек, картина Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елді реформалаудағы рөлі, сондай-ақ оның бүгінде жаһандық ауқымдағы жобаларға айналған бастамалары жөнінде әңгімелейді. Фильм режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық артисі Сергей Снежкин. Кинолента Алматыда және Алматы облысында, Астанада, Қарағандыда, Мәскеу мен Санкт-Петербургте түсірілген. Картинаны сомдау жұмысына жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.