Жадымызда мәңгі сақталады!

Қашанда ер есімі – ел есінде болуы қажет. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» дейді Президентіміз Н.Ә.Назарбаев. Өйткені осындай ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып заманда Отаны үшін отқа түсіп жан алысып, жан беріскен атақты тұлғалардың ғибратқа толы өмір жолы – жастарымызға үлгі-өнеге әрі мақтаныш. Ал олардың ел қорғаудағы ерліктерін жастар санасына, халық жадына берік ұялату – бүгінгі  ұрпаққа сын.

Сол батыр әкелерімізді бұл күнде қалай мадақтап, оларға арнап қандай игі іс-шаралар ұйымдастырсақ та, көптік етпейді деген оймен Отаны үшін өмірлерін қиған екі әкеміз туралы айғақты жариялап отырмын.
Кешегі өткен сұрапыл соғыс қаншама шаңыраққа қайғы әкелгенін баршамыз білеміз. Сұрапыл жылдар әлі есімізде. 1939 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, №19 Ауыл кеңесіне қарасты Тұмалыкөл колхозынан бір күнде ағалы-інілі екі жас жігіт әскерге аттанды. Бұлар бірі Аманғали жасы 23-те, інісі Мырзағали, жасы 21-де болатын. Әкелері Айжан колхоздың сиырын бағатын бақташы, анасы Ақілгек фермада сауыншы еді. Олар төрт ағайынды Бибіш, Аманғали, Мырзағали, Мерғали. Мерғали менің әкем. Ағалары әскерге кеткенде әкем 12 жастағы бала екен. Аманғали мен Мырзағали әскери борыштарын өтеп жүргенде соғыс басталып, бірден майданға қатысады.
Әжем Ақілгек әскерге кеткен екі баласын көп айтатын.Екеуінің өжет, алғыр бауырмал болып өскенін, бір-бірімен тату болғанын, адалдықтарын жиі есіне алып отыратын еді. Аманғали 1942 жылдың шілде айында хабар-ошарсыз кетеді. Содан 1945 жылы тірімін деген хат келеді, Амандық болса соғыс бітуге жақын қалды, елге барып қалармын, – деп жазған екен. Соңынан хат-хабар келмей қалады. Әкем Мерғали соғыс бітіп ел есін жиғасын, ағаларын іздестіріпті. Үлкен ағасы Аманғали 1945 жылы соғыс бітуге аз қалғанда Германия­да бір ұрыста қаза тапқанын біледі, ал кіші ағасы Мырзағали хабарсыз кетті деген хабар алады. Аманғали Айжанов 1945 жылы Германия­ның Эрхнер қаласынан 2 шақы­рым жердегі Хессел – Ванкель посел­кесінде 30 сәуір күні кеудесінен жарала­нып, үш күннен соң 3 ­мамырда №196 далалық госпитальда қайтыс болды деген дерекке кезіктім. Денесі сол жердегі №3 зиратқа жерленген. Аманғали 438-атқыштар полкінде соғысқан. Әскери шені кіші сержант осы атқыштар полкінің бөлімше командирі болған. Ал Мырзағали 1942 жылы тамыздың 25-і күні хабар-ошарсыз кеткен, бұл оқиға Украинаның Харьков облысының Балка Ходовая деген жерінде болған. Кейіннен Мырзағали Кетиков 1943 жылы 2 маусымда Украинада Харьков облысы, Савинский ауданы,Украинка деревнясында ішіне тиген снаряд жарықшағынан №489 госпитальда қайтыс болды деген дерек таптым. Денесі сол жерге жерленген. Мырзағали 20-гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысқан. Әскери шені сержант болған, 55-гвардияның атқыштар полкінің бөлімше командирінің көмекшісі болыпты. Мен бұл деректерді интернет арқылы Подольскдегі орталық архивтен (ЦАМО) кезіктірдім. Аманғали да, Мырзағали да комсомол мүшесі болған. Екуінен де Айжан атамның атына «қара қағаз» келген екен, бірақ белгісіз себептермен қолына тимеген. Атам мен әжем дүниеден өткенше екі ұлын келер деген үмітпен жүрді.
Ер есімі мәңгі ұмытылмайды, аруақ­тары риза болсын. Қай заманда да, қай қоғамда да жекелеген тұлғалардың жөні бөлек болған. Ондай елім, жерім деген ерлердің заманның қысылтаяң тұстарында қандай ерлік жасағанына тарих куә. Туған елімізден аттанып, Отан соғысынан оралмағандарға ескерткіш белгі қойып, есімдерін ұлағаттау – өмір қажеттілігі деп ойлаймын. Олардың өшпес ерлігі біз үшін қашанда қымбат. Осы ардақты есімдерді жарқырата паш етіп, ұлтымыздың мақтанышына айналдыру –парыз.

Орынбасар Кетиков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Серик Динара

    Машшаллах папа окып шыктык Керемет жазылыпты Аталарымыздын аруагы риза болып жаткан шыгар Акениздин аманатын орындап еки агасы жайлы макаланы жарык коргиздиниз Аллах разы болсын Балаларыныздын кызыгын кориниз

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.