Айвазхан

Үшінші мүшел жастан енді асқан Айвазхан ­Гасанов ұлты басқа болса да, қазақ мектебіне барып, оны үздік оқу үлгерімімен тәмамдап шыққан.  Жоғары оқу орнында да мемлекеттік тілде білім алған ол, өмірін қазақ тілімен байланыстырып келеді. Кейіпкеріміздің ата-бабалары 1939 жылдардағы зұлматты оқиға кезінде Грузия елінен қазақ жеріне қоныс аударған.

Сол кезден қазіргі Оңтүстік Қазақ­стан облысы аумағына тұрақтап қалған Гасановтар әулеті қазақтармен қоян-қолтық араласып, сіңісіп кеткен көрінеді. Соның бір дәлелі — Қазақстанда оң-солын та­ны­­ған Асанхан есейгенде шаңырақ көтеріп, кейін 5 баланың әкесі атан­ғанда, ұл-қыздарының барлығын да қазақ тілінде оқытатын мектепке беруді ұйғарады. Жастайынан қазақ балаларының арасында өсіп, олармен бірге бір мектепке барған, артынша ұлттық таным-түсінігімізді бойына сіңірген Айвазхан Гасанов — солардың бірі.
— Менің дінім — ислам. Мұсылман баласы ретінде шариғат талаптарына сай тәрбиеленгенмін. Әрі ауылда өскен баламын. Сондықтан әке-шешем мені мектепке берерде ұзақ ойланбаса керек. Олардың бұл шешіміне мен ешқашан өкінген емеспін. Қайта өзге ұлттың өкілі ретінде маған деген басқалардың құрметі әрдайым ерекше болды, — дейді ол.
Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнын таңдау сәті туғанда, Айвазхан Түркістан қаласындағы Ясауи атындағы қазақ-түрік мемлекеттік университетінің «құқықтану» маман­дығына құжаттарын тапсырады. Қазақ бөліміне оқуға түсіп, оны да 1998 жылы «қызыл дипломмен» бі­тіріп шығады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген жас заңгер бірден Шымкенттегі Қазақ мемлекеттік Заң академиясына оқытушы болып жұмысқа орналасады. Он жылға жуық жастарға дәріс берген Гасанов жүрек қалауымен Астана қала­сына ауысып, онда да жауапты қызметтер атқарады. Айталық, ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінде, Қаржы полициясы академиясында студенттерге сабақ береді.
Айвазхан Асанханұлының қызмет жолы ғана емес, өмірі де біздің ұлтпен тікелей байланысты. Өйткені ол Дана есімді қазақ қызымен жүрек жарастырып, отау тіккен. Әлімхан, Дарын, Алаң атты үш ұл баланың әкесі әу баста қазақ қызына қосылуды жоспарламағанын мойындайды. «Әлбетте, ол тағдыр. Өз басым бұған ризамын. Әйтпесе, қазақ қызымен отбасын құрамын деген ой болған емес. Бір-бірімізді ұнаттық, кейін бірігіп түтін түтетуді жөн көрдік. Ата-анамыз басында түсінбестік танытқанымен, кейін бұл қадамымызды құптап, батасын берді. Шүкір, соңымыздан құлыншықтарымыз өсіп келеді. Олардың бәрі де қазақ тілінде сөйлейді» деп ағынан жарылады педагог жігіт.
Айтпақшы, Айвазханның өзіне «Ұлтыңыз кім?» деп сұрақ қойғанда, оның кібіртіктеп қалатыны бар. Онысы түсінікті де, қазақ тіліне судай жігіттің құжатында әзербайжан деп толтырылған, бірақ…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.