Иесіздік жерді тоздырады

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
Олимпиада чемпионы, «Жақсылық»
шаруа қожалығының төрағасы

Біз қазақ халқы жердің қадірін жақсы түсінеміз. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын осынша жер бізге оңай келе қалған жоқ. Жер – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы жер үшін жаумен шайқасты, қан төкті, жанын берді.
Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шекарамызды шегендеу үшін қаншама тер төкті! Бұл оңай жұмыс емес еді. Бірақ осы елде істі азаматтықпен атқара білді. Не үшін сонда жанын салып жүр? Жеріміз үшін. Жеріміздің тұтастығы, бүтіндігі үшін. Бір жапырақ жеріміздің бөтеннің игілігіне кетіп қалмауы үшін. Осының бәрі жердің қасиетін, оның ұлт үшін алар орнын түсінгендік.
Қазір неге жер мәселесі көтеріліп отыр? Мұның да себебін түсінуіміз керек. Жердің бағасын, құнын арттыратын кез келді. Өзіміз де кейде көлікпен кетіп бара жатқанда айтатынымыз бар ғой: «Қаншама жер бос жатыр. Осыны неге пайдаланбаймыз» деп. Демек, жерге көзқарас өзгеру қажет.
Өз басыма келсем, жеке қожалық құрып, мал өсірумен айналысқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Осы жердің арқасында мал өсіп жатыр. Өйткені жер дегенің – малдың шөбі, суы, жайылымы. Жердің қасиетін бір адам білсе, сол мен шығармын деп ойлаймын.
О баста көп мал жоқ еді. Қазір талап­тағыдай күтіп-бағуымыздың нәтижесінде қожалықтағы мал саны да көбейіп келеді. Бұл күнде ірі қара бес мың басқа, жылқы үш мыңға жетіп отыр.
Мал өсіру – атакәсібіміз. Ауылда өстік. Бұл шаруаның қыр-сыры бала кезден жақсы мәлім. Дегенмен де, қиындықтары да бар. Оны осы кәсіпті шын жүрегімен қалағандар, шыдамдылық пен төзімділік таныта білгендер ғана жеңе алады.
Жерді жалға бергенде ескеретін жай бар, яғни жерді жалға алған адам оны игере ала ма, мал өсіру немесе егін егу қолынан келе ме – мұны да қатаң ескерген жөн. Егер қолынан келмей ме, жерді тоздырып ала ма – онда сол жерді кейін қайтарып алудың жолын қарастырған жөн.
Шетел азаматына жер жалға берілгенде ең басты мәселе – бақылау, қадағалау жайы. Ол жерді қалай пайдаланып жүр? Келісілген іспен емес, басқа шаруамен айналысып жүрген жоқ па? Осы біздің елдегі тиісті орындардың назарында болуы керек. Бақылауға болатындай, тексере алатындай құқық болуы тиіс. Мұны кодекспен не заңмен бекітіп алу қажет. Сонда ешқандай күмән, алаңдаушылық болмайды. Осы жерден туындайтын бір жайт, мүмкін жоғарыда келтірілгендерді ескеріп «Жер туралы» кодекске түзетулер мен өзгертулер енгізу керек болар. Мұны да ойластырған жөн.
Жалпы инвестор дегеннен үркудің қажеті жоқ. Біздің қоғам – ашық қоғам. Шетелдермен тығыз араласып жатырмыз. Менің өзімнің де сырт елдермен байланысым бар. Технология­ларын, тәжірибелерін үйреніп жатырмыз. Жағ­дайымыздың жақсарғаны, төгілген тердің ақталғаны – өзімізден артылған өнімді сырт жерге сатуды да ойластырудамыз.
Алдағы айда Қырғыз еліне ет өткізу жоспарда бар. Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлерімен байланыс орнаттық. Олар да біздің малымызға, өнімімізге қызығушылық танытуда. Осы­ның бәрі жақсылық деп ойлаймын. Бұл адал еңбегіміздің арқасында келіп жатқан жетістіктер. Егер біз нашар жұмыс істесек, жерге дұрыс қарамасақ, малды жөнді күтіп баға алмасақ, мұндай қадамдарға қол жеткізе алмас едік.
Меніңше, кейбіреулерді алаңдататын нәрсе – жерді шетел азаматына жалға беру жайы болса керек. Бұл бағытта тиімді бір жол бар. Ол жоғарыда айтқанымдай бақылау, қадағалау мәселесін қатаң қолға алу. Осылай жасалса күдік те, сенімсіздік те болмайды. Бұл заң баптарында тайға таңба басқандай көрсетілуі тиіс.
Шаруамыз түзеліп еді, біздің ауылдың – Мыңбаев ауылының да жағдайы жақсара түсті. Жаңадан электр желісі, газ құбыры тартылды. Астық сақтау қоймасын, мал қораларын салдық. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік салада да оң өз­герістер бар. Жасөспірімдерге спорт мектебі пайдалануға берілді. Мұнда түрлі үйірме­лер жұмыс істейді. Балабақша, отбасылық жа­тақхана іске қосылды. Осы жетістіктерге мал өсірудің, қажырлы еңбегіміздің арқасында жетіп отырмыз.

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. манас

    Жерді жалға беру, анаңды жалға беру

  2. Төлеп

    Жалпы инвестор дегеннен үркудің қажеті жоқ. Біздің қоғам – ашық қоғам. Шетелдермен тығыз араласып жатырмыз. Менің өзімнің де сырт елдермен байланысым бар. Технология­ларын, тәжірибелерін үйреніп жатырмыз. Жағ­дайымыздың жақсарғаны, төгілген тердің ақталғаны – өзімізден артылған өнімді сырт жерге сатуды да ойластырудамыз
    ———
    Ия , палуан мырза,укіметтің арқасында,дотация арқылы жағдайынды түзем қалтаңды қампытып отырсың, адам жумсап бай атаңдың сондықтан сенің көзің жүмылған, сен неге 85 процент қазақты ойламайсың олардың жер сатып алұға мүмкіндіктері жоқ ,айлықтан айлыққа күн көріп отыр сондықтан сен байлардың сойылын соғасын. Жерді Тажікстан Қытайға арендаға беріп ,кәзір құтыла алмай отыр ,себебі олар ГМО түқымын егеді ,удобренияны көп мөлшерде салады пайда табү ушін ,сөйтіп аз халықты улап келешегін жояды,2 миллиард халықпен ойнауға болмайды ,олардың жымысқы әрекеті.Ия жер егесіз болмау керек ,сондықтан 85 процент халықтың мүддесін ойлап колхоздарды қүрү керек ,агробанкіне қүрұ керек ,банкі арқылы кредиттеу керек ,Совет одағы кезенде қой,жылқы,түйе ,дән шаруашылықтара пайдалы болды,уқімет өз халқына сенү керек ,тәуелсіздікті алғанда шетелдіктерге қүл болу ушін алған жоқ шығар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.