Ұжымдасқан ұтады, мол пайда табады

Кемел Азаматов, Жамбыл облысы,

Т.Рысқұлов ауданындағы «Сұраншы» шаруа қожалығының басшысы

Жер – елдің байлығы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та шетелге жер сатылмай­тын­дығын атап өтті. Соған қарамастан, халықтың арасында алып-қашпа сөз қаулап кетті. Бұл жақсы емес, әрине. Мұның өзі түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігінен болып отыр.
Елімізде кезінде еңбегінің өтеуіне жер алған шаруалар жетерлік. Сол жер неге игерілмей жатыр деген мәселеге мән беруіміз керек. Бұл тұста Кеңес Одағының жақсы жақтарын алуға болады деп ойлаймын. Ол кезде МТС (машина-трактор стансасы) деген болушы еді. Біздің Үкімет те осы жағына көп көңіл бөлсе. Шаруалар өздері бірігіп, ұжымдасып, жерін ұтымды пайдаланар еді.
Мәселен, менде 270-280 гектар жер бар еді. Соның суға жақын 34 гектарын алып қалдым. Малыма жем-шөп дайындауым керек. Қалғанын мемлекетке, яғни әкімшілікке өткіздім. Себебі ол жердің бәрін игеруге менің шамам жетпеді. Ал әлгіндей МТС құрылып, ұжымдасатын болса мен де сол 200 гектардай жерді игере алар едім. Дайын тұрған техника болмағандықтан, әрі ол техниканың майы бар, оның ақысын төлеуің керек, айналып келгенде өзін-өзі ақтамайды. Мұны экономистер жақсы біледі. Сондықтан бізге ұжымдасып еңбектену керек.
Біз қазір «Құлан-Дән» несие серіктес­тігін­деміз. 217 шаруа қожалығы бірігіп, өзіміз қаражат салып құрдық. Осы серіктестік арқылы несие алып, баға-шағамызды асырап отырмыз. 30 шаруа қожалығы бірігіп «Құлан-Дән сервис» деген МТС аштық, қазір құжаттарын реттеп жатырмыз. Әзірге екі тракторға қолымыз жетті, енді екі комбайн алсақ па дейміз. Осылайша жұмысымызды одан әрі дамытсақ деген мақсатымыз бар. Мұның бәрін айтып отырғандағым, бұл ісіміз өзгелерге үлгі болса екен деймін. Егер біз шаруаның жағдайын ойлайтын болсақ, әр ауылдан кем дегенде 1-2 МТС ашуды ойластыруымыз керек. Осылайша халықтың байлығы өзінде қалып, жердің иесі өз еліміздің азаматтары болмақ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.